» » Туризм гүлденбей, тұрмыс түрленбейді

Туризм гүлденбей, тұрмыс түрленбейді



Жаздың басталуына санаулы ғана уақыт қалды. Бұл нағыз демалатын шақ. Жұмыс пен қым-қуыт тірліктен шаршаған жұрт бір сәт тыныштық іздеп, таза ауада тыныстағысы келеді. Мұндайда бірі – шетел асса, енді бірі – отандық туризмнің дамуына үлес қосамын деп әуреленіп әлек. Отандық туризмнің бүгінгі жай-күйі қандай? Мамандар не айтады? Қазақстан да туристер ағылып келетін алып мемлекетке айнала ала ма? Бүгін біз осы және өзге де сұрақтарды саралап көрмекпіз.
Табиғат – жаратылыстың ғажап туындысы. Онда болып жатқан түрлі оқиғалар желісі, алуан түрге енетін әуе кеңісі, қызылды-жасылды түзілген ағаш жемістері бәрі-бәрі адам баласының таңдайын қағып, таңқалдыруымен келеді.
Қазақ жерінде көз сүйсінетін, табиғаты таңғажайып керемет жерлер жетерлік. Елімізде ауасы жанға дәру, суы емге шипа демалыс орындары да бар. Айталық, суы мың бір ауруға шипа Алакөл аймағы, көрікті Көлсай, шырайлы Шарын шатқалы, қарт Каспий, Баянауыл, Қарқаралы, Бурабай, Іле Алатауындағы Түрген, Маралдысай, Алма-Арасан, тізе берсе түгесілмейді.
Ал Түркістан қаласындағы жақында ашылған "Керуен сарай" кешені – Орталық Азиядағы теңдесі жоқ жобаға айналмақ. Онда Үндістан мен Иран базарлары сияқты ортасында қайықпен жүретін су арналары бар, саябақтар мен субұрқақ тұратын тұтас қала деуге болады. «Керуен сарай» туристік кешені – Түркістандағы керемет нысандардың ішіндегі ең ғажайыбы. Аумағы 188 гектар жерді алып жатқан ерекше қалашықтың ішінде бес жұлдызды қонақ үйлер, су бетіндегі театр, аттар шоуы өтетін амфитеатр, кинотеатр, қиял-ғажайып балалар ойын алаңы, сау­да орындары мен мейрамхана орналасқан. Келген туристер мен қонақтар кешен ішін қайықпен аралайды. Бұл кешенге қазірдің өзінде ел тұрғындары ағыла келуде. Қазір осыбір қалашықты аралау көптің қалауы болып тұр. Бұл елдегі отандық туризмді дамытуға арналған тың әрі қызықты жобаға айналарына сенімдіміз. Елде осы секілді түрлі кешендер салынып, шет елден туристер еліміздің көрікті жерлерін көруге асыға келуін әлбетте қалаймыз.

Ел тұрғындары неге
шетел асып демалады?
Отандық туризм дамып жатыр дейміз. Әйтсе де қазірдің өзінде қаншама қазақстандық шетелдің демалыс орындарында жүр. Тіпті бәзбіреулері сол жаққа қоныс теуіп те үлгерді.
Статистикаға сүйенетін болсақ, Дүниежүзілік экономикалық форум­ның туризм секторын тұрақты дамуын қамтамасыз ететін саясатты бағалаудың жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстан 140 елдің ішінде 80-орында тұр. Бұл тізімде еліміз тіпті 74-ші орыннан табылған Уругвайдан да артта қалған. Айта кетерлігі осы тізімде Ресей 39-орыннан көрінсе, Германия, Испания және Франция елдері үздік үштіктің қатарына енген. Сонда елдегі туризмнің дамуына не кедергі?
Алысты арбаламай-ақ қазақ­стан­дықтар жыл сайын мезгіл таңдамай лек-легімен баратын Түркия елін алайықшы. Иә, Түркияда туризм саласы ел экономикасының негізгі құрамдас бөлігі екенін жақсы білеміз. Елде бұл сала бойынша 2 млн-нан аса адам қызмет етеді. Мемлекет бойынша туристер жиі баратын елдердің арасында Түркия 6-орында тұр. Әрине елдің географиялық орналасуы, табиғатының әр алуандығы, климаттық жағдайы мен тарихи-мәдени ескерткіштерге бай болуы туристер легінің көп болуының негізгі себептері болса, бұған сапалы қызмет, арзан баға, тиімді жарнама, білікті мамандар және тағы басқасын қосып қойыңыз.
Ал Қазақстанда аталған шарт­тардың бірі енді даму үстінде болса, кейбірі тіпті мүлде жоқтың қасы. Осы орайда Қазақстанның туристік агенттіктері қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаева елдегі туризмнің кенжелеп тұруының басты себебінің бірі білікті мамандардың тапшылығы дейді.

Туризмді дамытуда
қандай жұмыс атқарылуда?
Қазақстан 1993 жылы Дүние жүзі туристік ұйымының мүшелігіне енді. Дәл осы жылы туризмді дамыту бағдарламасы дайындалып, содан бері туризм сан-салалы шаруа­шылықты шалқытып, экономиканы нығайтудың маңызды саласы ретінде қаралып келеді.
Қазақстан соңғы жылдары елдегі туристік ахуалды жақсарту үшін бірқатар бастаманы қолға алуда. Ел үкіметі туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған бағдарламасын да бекітті. Оған сәйкес ел­де туризмді дамытуға баса назар бөлін­етін 10 аймақ анықталды. Нұр-Сұлтан қаласы жылына – 1 млн, Бура­бай курорттық аймағы жылына – 2 млн, Алакөл көлі жылына – 2,5 млн, Алматы маңындағы тау кластері жылына – 2,5 млн, Баянауыл курорттық аймағы жылына – 400 мың, Имантау-Шалқар курорттық аймағы жылына – 400 мың, Балқаш көлі жылына – 400 мың, Түркістан жылына – 1,5 млн, Байқоңыр ғарыш кешені жылына – 250-500 мың, Маңғыстау жылына – 750 мың турист қабылдауды жоспарлауда.
Сонымен бірге елде ұлттық туризм мәселесін тізгіндейтін «Kazakh Tourism ҰК» АҚ жұмыс істейді. Компания елге келетін туристер санын арттыру үшін, коммуникацияның заманауи тә­сілдерін қолданбақ.
– Бұл тұста дәстүрлі – журнал, телеарна, сыртқы жарнама мен әлеу­мет­тік желі, түрлі туристік интернет-ресурстар сынды барлық құралдарды қолдануымыз шарт. Біз осындай әдіс арқылы табысқа жеткен көрші Әзербайжан елін көріп отырмыз. Олар БАҚ пен ауқымды шаралар арқылы елді брэндингтеу жұмысын пысықтап алды. Біз де осы бағытты қол­данбақпыз, – дейді ұлттық компания өкілдері.
Сонымен бірге «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ берген мәліметке сәйкес, бүгінде шетелдіктер Қазақстанда жиі баратын 5 аймақ бар: Алматы және Алматы облысы, Нұр-Сұл­тан мен Бурабай, Шымкент және Түркістан, Маңғыстау облысы – Кас­пий жағалауы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан өңірі.

Туризм тың өріс,
тың кіріс
Елге көбіне туристер Ресей, Өз­бекстан, Қырғызстан, Қытай, Германия, Украина, Түркия, Тәжікстан, Түркменстан және Үндістан елінен келеді екен.
Қазақстан 2025 жылы туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 8 процентке дейін өсірмек. Бұл ретте ел үкіметі осы жылға қарай ішкі туристер санын 8 миллион адамға, ал қонақүйлерге тоқтап, елде бірнеше күнге қалатын шетелдік туристердің санын 3 миллион адамға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
«Елдің құты белеңде, судың құты тереңде» дегендей туризмге тіленіп тұрған жерлеріміз көп. Дегемен айды етегіңмен жаба алмай­тынымыз, күннің көзін бал­шықпен сылай алмайтынымыз секіл­ді жалаң мақтанмен де алысқа ұзамайтынымыз анық. Бәрі өзімізден, өз бағамызды бағамдамаудан туады. «Пайдасыз бұлт теңізге жауады» дегендей қалта қампайса, шетел асуға құмармыз ғой. Осы ретте елдегі ішкі туристік нысандағы заман талабына сай салынған қонақ үйлердің бағасы қалтаға қымбат түсетінін де айта кету керек. Бәлки туристердің көңілі осы себептен де қалып жатқан болар. Өзен көлге, көл елге құяды. Отандық туризмге құйған қаржы жылдар өте инфрақұрылым болып өзімізге қайтады. Айталық туризмді жолға қойған Грекияға жыл са­йын 20 млн турист келеді екен. Ішкі жалпы өнімнің 15 процентін туризм береді. Демек туризм дегеніміз – тың өріс, тың кіріс. Сол себепті Анталья асып, Кемер жағаларда, Дубайға сая­хаттар алдында бір сәт еліміздің жақұт-жауһарларына да назар аудар­ғанымыз абзал.

Түйін.
Әрине, әлемнің кейбір елдері туризмнен мол табыс тауып отырғаны белгілі. Себебі туризм – мемлекет жарнамасы. Тұмса табиғатымен баурап алатын көрікті мекендер елімізде жетерлік. Алайда қолда барды ұқсата алмай келеміз. Өзге елдер секілді отандық туризмді дамытуға жұмыла күш салсақ, қаншама қаржы сыртқа кетпес пе еді бәлки?! Талай жылдан бері әңгіме арқауына айналған отандық туризмнің өрге жүзуіне неге немкетті қараймыз? Ол үшін бізге әлі де болса, өз елімізге деген махаббат, патриоттық рух пен ерік-жігер жетіспейтін секілді.

Ақнұр САҒЫНТАЙ

13 сәуір 2021 ж. 1 445 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 312

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 411

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930