» » Жасөспірімді дағдарыстан қалай шығаруға болады?

Жасөспірімді дағдарыстан қалай шығаруға болады?

qarmaqshy-tany.kz Қазақстанның қазіргі даму кезеңі қоғам өмірінің барлық саласындағы терең өзгерістермен сипатталады. Осыған орай қазіргі заман адамға өз іс-әрекетіне жауапты болу, әлеуметтік өзгерістер жағдайына тез бейімделе отырып, байыпты шешім қабылдай білу керектігі секілді жаңа талаптар қоюымен ерекшеленеді. Сондай елеулі өзгерістердің бірі – демократиялық-құқықтық мемлекет құру міндеті. Мемлекеттік саяси- құқықтық қайта құрудың маңызды құрамдас бөлігі – адамның құқықтық мәдениетінің деңгейін көтеруге тікелей тәуелді. Өйткені құқықтық мемлекетке азаматтардың жоғары саяси және құқықтық білімділігі, құқық бұзушылыққа қарсы тұра білу қабілеттілігі мен дайындығы тән.

Қазақстан Республикасының құқықтық мемлекет ретінде дамуы әрбір азамат бойына құқықтық құндылықтарды сіңіріп, сананы қалыптастырудан көрініс береді. Өркениетті қоғам үшін қымбат қазына – адам, адамның бостандығы мен өмірі десек, бүгінгі жас ұрпақтың осы қымбат қазынаны бағалай білуі аса маңызды. Сол себептен құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы да осыдан басталады. Оны қалыптастыру үшін жүйелі де мазмұнды тәрбие қажет. Жасөспірімдер өздерінің жалпы психофизиологиялық даму ерекшеліктері негізінде ересектермен салыстырғанда өзге адамдардың ықпалына оңай түседі. Формальды емес топтың «лидері» ересектермен салыстырғанда жасөспірімдерге әлдеқайда көп ықпал етеді. Бұл жағдайда қылмысты болдыртпау әрі оның алдын алу үшін әрбір топтағы «лидер» тұлғасын, оның топ мүшелеріне ықпал ету тәсілдерін және топ мүшелерінің «лидерге» деген қатынасын ескере отырып, дифференцияланған ыңғайда қарау қажет. Мұндай жасөспірімдерді ұжымдық әрекеттің қандай да бір түріне тартқан кезде жасөспірімге басшылық етуші жетекші, бастапқы уақытта сол жасөспірімнің өзі қалаған, оны орындаудан қанағаттану сезіміне ие болатын әрі қоршағандарға өзін танытуға мүмкіндік алатын әрекетке тартуы тиімді. Басқаша айтқанда, жасөспірімнің өзі жасөспірімдердің тікелей қызығушылығын парыз, міндет сияқты сезімдердің дамуын қамтамасыз ететін, қарапайым еліктеу, қызықтыру сияқты тапсырмалармен толықтырып отыруы аса маңызды. Ескерте кететін жәйт, мұндай жасөспірімдерді ұжымдық әрекетке тарту арқылы ғана жағымды ықпал ету мүмкін, сонымен қоса қылмыстық топ құруына және осындай топқа бірігуіне жол бермеуді қарастыру қажет. Жасөспірімдер өздерінің психофизиологиялық қасиеттерінің толық деңгейде дамып-жетілмеуі, тұрақсыздығы негізінде, ересектердің және де тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың белсенді, мақсатты қатаң түрде жүргізілетін қайта тәрбиелеу жұмыстарынсыз өз сана-сезіміндегі жүріс-тұрыс әреке- тіндегі кемшіліктерді өз бетінше шеше алмайды. Сондықтан да, жастар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік қызметтер кешенін, оның ішінде, әлеуметтік-психологиялық көмек орталықтарын, наркологиялық қызметтер, жасы кәмелетке толмаған құқық бұзушыларға арналған әлеуметтік сауықтыру мекемелерін, заңдық көмек беру және демалыс орталықтарын жер-жерде көптеп құру өзінің тиімді нәтижесін берер еді. Қазақстан тәуелсіздікке ие болғаннан кейін егемен мемлекет пен оның азаматтарының өміріне тікелей тірек болатын барша құқықтық негізді қайта құру қажеттігі туды.
Жасөспірімдік дағдарыс – балалық шақтан ересектік өмірге өту шегі. Дағдарыс қанағаттандырылуы күрделі жаңа қажеттіліктердің туындауымен сипатталады. Оның себептеріне келсек, сыртқы факторлар бойынша ересектердің үздіксіз бақылауы, қамқорлығы, ал жасөспірім болса мәселесін өз бетінше шешуге ұмтылады. Ішкі факторлар бойынша ойлағанына қол жеткізуде кедергі жасайтын әдістер мен мінез сапалары (тыйым, әдеттер, ересектерге бағыну әдеті).
Жасөспірімдік кезең – балалық шақтан ересектікке өтетін, үнемі қиын, дағдарыстық қақтығыстық деп сипатталатын адам онтогенезінің күрделі кезеңі. Жасөспірімдердің психикасы жас балалардың да, ересектердің де психикасынан өзгеше. Олар үшін импульсивтік, жоғары әсерленгіштік тән, олар қызбалыққа тез түседі. Көңіл-күйі тұрақсыз, өз-өзіне сенімсіздік, өз әрекетінің дұрыстығына жиі күмәндану тән екендігі белгілі. Бұл сияқты құбылмалы психологиялық қасиеттер – жасөспірімдердің қылмыстық жолға оңай түсуіне себепші болады. Мұндай психологиялық қасиеттері негізінде жасөспірімдердің қылмыстық жолға түсуінің алдын алу үшін олардың бойында өзін-өзі ұстай білу, әрекетіне бақылау жасау, өз-өзіне, күшіне, қабілетіне сену сияқты сезімдерін қалыптастыру қажет. Әдетте, баламен тәрбие жұмысын жүргізу барысында (отбасында, мектепте және қоғамдық ұйымдарда) оларға өмірдің қандай қиын екендігін, онда жақсылық пен жамандық араласып жатқандығы, тек жеңілдіктер ғана емес, қиындықтар да жиі кездесіп тұратыны туралы айтыла бермейді. Балалар мен жасөспірімдерді жамандықтан үнемі қорғаштап отыру, өмірде кездесіп отыратын қиындықтар жөнінде сөз қозғамау, олардан жекелеген адамдар тарапынан жасалатын бейморальдық және қоғамға қарсы әрекеттерді, әділетсіздік пен жалғандықты жасыру, мұндай құбылыстар кездескен жағдайда оған төтеп беріп, қажет болған жерде шыдамдылық білдіруге, жат әрекеттермен күрес жүргізуге тәрбиелемеу олардың тұлғасының әлсіздігіне, қиындыққа шыдай алмай теріс жолға оңай түрде түсуіне қиындықпен бетпе-бет кездескен кезде, олардың бойында өмірден түңілу сезімі қалыптасып, арманы мен сенімінің күйреуіне әкеп соғады. Кез келген адам өз бетінше әрекет етуге, өзін-өзі реттеуге, тәрбиелеуге қабілетті, өзін-өзі ұйымдастырушы жүйе ретінде таныла отырып, тәрбиелеудің тек объектісі ғана емес, сонымен бірге субъектісі болып танылады. Сондықтан да, баланы жай оқытып және тәрбиелеп қана қою аз. Дәл осы кезеңде жасөспірімдерге психологтың көмегі өте қажет. Оны өзін-өзі тәрбиелеумен саналы түрде айналысуға үйрету қажет. Стихиялы түрде өзін-өзі тәрбиелеу, сана-сезімнің төмендеуін тудырады, сөйтіп белгілі бір деңгейде қылмыскер тұлғасының қалыптасуына себепші болады және оны түзеуге бөгет жасайды. Ал, саналы позитивті түрде өзін-өзі тәрбиелеу дегеніміз – өмірде алға қойған мақсатына қол жеткізу, әрі жоғары деңгейде әрекет етуге дайын болу қабілеттігі мен қасиеттерін, моральдық және физикалық күштерін, ақыл-ойын дамыту үшін ерікті, белсенді және ғылыми түрде әрекет ету процесі болып табылады. Осы орайда әрбір психолог жасөспірімге ұжымда және жанұядағы түрлі ситуациялық жағдайларға байланысты оның бойындағы жақсы қасиеттерін жетілдіріп, ал нашарын тежей білуі тиіс. Балалар мен жасөспірімдердің іс-əрекеттерінің негізгі түрлері – ойын, оқу, еңбек. Барлық жастағы оқушылардың іс-əрекеттерінің ерекше түрі – тілдесу, қатынасу (ортақтасу). Іс-əрекет сипаты бойынша белсенді (актив) жəне енжар (пассив) болуы мүмкін. Тіпті құрттай ғана сəбидің өзі белсенді тіршілік иесі болып көрінгенді қалайды. Ол жасына қарамай үлкендерге, қатарына қандай да талаптар қояды, төңірегіндегі кісілерге, заттарға, болып жатқан оқиғаларға өз қатынасын білдіруге тырысады. Уақыттың озуымен қоршаған орта жəне тəрбиенің ықпалы арқасында белсенділігі көтерілуі де мүмкін, кейде төмендеуі де ықтимал. Мысалы, адам көп жұмыс істеуі мүмкін, бірақ іске құлықсыз, көңілі құламай, орындалуы қалай болса, солай – енжар. Əлбетте, мұндай іс-əрекет адамды жоғары нəтижеге жеткізбейді. Дамудың тиімді болуы іс-əрекеттің белсенділігіне, көңіл-күй жарасымдылығына тəуелді. Адам таңдаған ісіне жан-тəнімен кірісіп, өзіндегі бар мүмкіндіктердің бəрін іске жұмылдырып, кемелденген тұлға ретінде көрсете білуі қажет. Мұндай қызмет адамға қанағат лəззатын əкеліп, шабыт пен қуаттың көзіне айналады. Сондықтан да, іс-əрекеттің маңыздылығы оның өздігінен ғана емес сол əрекетте көрінетін тұлға белсенділігінің деңгейіне де байланысты. Белсенділік оқу барысында шəкіртке тезірек жəне табысты əлеуметтік тəжірибе топтауға мүмкіндік береді. Оның қарым-қатынас, тілдесу қабілеттерін дамытады, қоршаған болмысқа деген көзқарасын қалыптастырады. Баланың ақыл-парасатты дамуын танымдық белсенділік қамтамасыз етеді.
Бұл үшін балаға танымдық мəселелерді шешумен бірге игерілген білімдерді практикада қолдану қажеттігі де тəн болуы тиіс. Себебі, еңбектегі белсенділік тұлғаны өзінің рухани жəне адамгершілік дүниесін тез арада жəне тиімді қалыптастыруға ынталандырады, оны көп жəне нəтижелі еңбектенуге бағыттайды. Белсенділіктің барша көріністерінің негізінде бір ғана тұрақты дерек көзі – қажеттілік орын алған. Жалпы мектептік тəрбиенің өзгерістер ізімен үлгере орындалуы өте қиын, солай да болса, əрқандай тəрбиелік іс мезетінен бір де кешікпей жүргізіліп, келеңсіз салдардың алдын алып отыруы қажет. Тұлғаның дамуы кез келген əсерден болмайды, солардың ішінде адамның өз қажетіне сай келген, оның тұлғасына жарасымды болған, шынайы болмысқа деген жеке көзқарастарына сəйкес ықпал болса ғана, бала дамуы қарқынды жүреді. Тұлғаның белсенділігі дамудың тек алғы шарты емес, оның нəтижесі де. Қоғамдық белсенді, ынталы, шығармашыл жəне өзі мен төңірегіндегі қатысқан адамдардың бəріне бірдей жақсылық пен қуаныш беретін тұлға қалыптастырушы тəрбие əрдайым өз мақсатына жетіп отырады. Жасөспірімдер тұлғасы эстетикалық тұрғыдан оңай бұрмаланады. Мұндай бұрмаланулар кейде олардың қылмыстық жолға түсуіне себепші болуы мүмкін. Сондықтан жасөспірімдер арасында эстетикалық тұрғыдағы тәрбие жұмысын жүргізудің маңызы зор. Мұндай эстетикалық түрдегі тәрбие жұмыстары арнаулы білімге ие педагогтар арқылы жүрізілуі тиіс.
Тұлғаның рухани санасы өмір мәнінің өзінің өмірдегі орнын, өз тағдырын халықтың тағдырымен ортақ деп түсіну қабілетін дамыту, отбасы мүшелерінің арасындағы сыйластық, ұғынысуды сезінуі абзал. Психолог-мамандар ата-аналарға сәби дамуының бастауы мына факторлардан тұратынын ұғындырса тиімді болады. Олар, биологиялық-туа және жүре-бара берілетін ерекшеліктер, әлеуметтік – бала өсіп жетілетін рухани орта. Баланың ата-анасымен осы жұмыстарды жүргізе отырып, нәтижесін білу үшін психологиялық- педагогикалық мінездеме құрастыру қажет. Бұл диагностикалық кестеде әр баланың пәндер бойынша үлгерімі, материалды қабылдауы, ойын дәлелдеуі, ұштастыра білуі, этикалық, эстетикалық талғамы, қабілеті, өз ісіне жауапкершілігі көрсетіледі. Жазушы-педагог Ж.Аймауытов «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек» дейді.
Айдана ОРЫНБАСАРОВА,
No85 мектептің педагог-психологі,
Төретам кенті
22 қараша 2022 ж. 757 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 382

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 461

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930