» » Арал топырағының біртуар перзенті

Арал топырағының біртуар перзенті

qarmaqshy-tany.kz БАҒЗЫ ЗАМАННАН АЙДЫНДЫ АРАЛ ТОПЫРАҒЫ КӨКІРЕГІНЕ СӘУЛЕЛІ ОЙ ҰЯ САЛҒАН МАҢДАЙЫ КЕРЕ ҚАРЫС МАЙТАЛМАН ТАЛАНТТАРДАН ӘСТЕ КЕНДЕ БОЛҒАН ЕМЕС. СОНЫҢ БІРІ ДЕ БІРЕГЕЙІ БОЙЫНА БІТКЕН БҮКІЛ ҚАБІЛЕТ-ҚАРЫМЫН ТУҒАН ХАЛҚЫНЫҢ РУХАНИ ҚАЖЕТІНЕ САРҚА ЖҰМСАҒАН САРА ТАЛАНТТЫҢ БІРІ ЗЕЙНОЛЛА ШҮКІРОВ БОЛАТЫН.

Ол 1927 жылы 16 ақпанда Арал ауданының бұрынғы Қаратүп ұжшарындағы қазіргі Ескібөген елді мекенінде балықшы отбасында дүниеге келді.
Бастауыш білім алғаннан кейін қатты науқастанған. Бірақ төсек тартып жатқанмен, мүгедек халіне ерлікпен, төзімділікпен төтеп беріп, қайсар жас өздігінен білім алған. Сөйтіп бар өмірін жазушылыққа арнаған. Өмірінің соңына дейін жазушылық қаламын қолынан түсірмей, ондаған кітап ұсынды. Тұңғыш өлеңдер жинағы 1955 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан шыққан. Оның балаларға да арналған жинақтары бар. Бірқатар өлең, дастандары орыс тіліне аударылып, «Менің достарым», «Күншуақ» деген атпен шықты. Шығармалары шетел халықтары тілдеріне аударылған. «Арал дәптері» (1962), «Сағыныш» атты өлең кітаптары, сондай-ақ, Арал балықшыларының ауыр тіршілігін, өмірін бейнелейтін «Тоғысқан тағдырлар» (1961), бүгінгі замандастар келбетін ашатын «Сырлы дүние хикая- лары» (1966), «Ізгілік іздері» (1967), «Қиын түйін» (1973) повестері мен «Отты өткелдер» (1983) атты романы жарық көрді. Өлеңдері мен поэмалары 1977 жылы «Таңдамалы шығармалар» деген атпен жарыққа шыққан. Жазушы ел аралап, жер шарлап, емін-еркін жүре алмаса да, Сыр бойының тұнған тарихын үйде жатып-ақ зерттеп, зерделеп, жинақтай білді. Көп жылғы еңбегінің нәтижесін «Сыр бойы» атты тарихи романынан көреміз. Алайда, бұл романынан саясаттың құрбаны болып, жазушының тірі кезінде жарық көре алмады. Өз дәуірінде ел азаттығын аңсаған, бодандыққа бой бермеген, тәуелсіздігіміздің шоқтығы биік тұлғасы Жанқожа батыр өмірімен ұштастыра ел тарихын толғаған «Сыр бойы» романы 1998 жылы ғана жарыққа шықты. Зейнолла Шүкіров өмірінің соңына дейін жазушылық қаламын қолынан түсірмей отызға жуық кітап жазды. Зейнолла Шүкіровты және оның еңбектерін Сыр өңірінде білмейтін жан жоқ. Қаламы қарымды, талпынысы таудан да биік нар тұлға барлық саналы ғұмырын оқырман қауымға қызмет етуге арнады. Өз мүмкіншіліктерін елеместен ел тарихын жазып, бойындағы талантын науқастығының байлауына жол бермей, өз бетінше білімін шыңдап жазушылық пен ақындықты жанына дауа етті. Қаламды дертіне дауа көрген ақын-жазушының шығармашылығы бүгінгі қоғамға сая болып отыр. Зейнолла Шүкіров шығармашылығы бөлек, оның өмірі көпке үлгі десек, жаңылыс айтқан болмас. Неге десеңіз, төрткіл дүниені шарлауға жетерлік мүмкіндігі болса да, өмірге деген реніші таусылмас жандар үшін бұл тұлғаның талантын төрт қабырға мен ауыр дерттің шектеу бере алмауы нағыз үлгі емес пе? Шынында да қаншама еңбектің авторы үйде жатып-ақ артынан із қалдыра білді. Бұл еңбектердің дүниеге келуінің алдында қаншама ізденіс жатыр. Ал көркем аудармамен айналысу кез келген жазушының, не ақынның қолынан келер іс емес. Бір тілден келесі бір тілге аударма жасау үшін тек сол тілді білуден бөлек ол ұлттың салты мен дәстүріне, өмір сүру әдебіне де толыққанды қанық болу керек. Кейбір аудармамен айналысушылар сол елдің көркем әдебиетімен танысумен қатар сол елде болып, өз көзімен көріп, білгеннен кейін аудармамен айналысады. Мұның барлығы аударма жұмыстарымен айналысудың қандай қиын екенін көрсетсе, дертімен күрескен тұлғаның аударма жұмыстарымен айналысуы нағыз ұлы тұлғаның үздіксіз ізденісі мен таным көкжиегінің жоғарылығының айқын дәлелі.
Сонымен қатар көркем аудармамен де айналысты. Орыс ақыны Ф.Тютчевтің «Жартас пен теңіз» атты жыр жинағын қазақ тіліне аударды. Әлемге танымал Шекспир мен Гейнені қазақша сөйлетті.
Ақынның «Сыр сұлуы», «Неге, жаным, шығарып сала алмадың?», «Сәулем-ай», «Көрінбей жүрсің сен неге?», тағы басқа өлеңдері ел аузында әнге айналып кетті. Әрі поэзиялық, әрі прозалық жанрда бірдей қалам тербеген талант еңбегін көзі ашық, рухани дені сау жұртшылық жоғары бағалап, жазушыны «Қазақ Островскийі» деп атады. Белгілі ақын Мұзафар Әлімбаев Зейнолла Шүкіров туралы «Құрыш қазақ» поэмасын жазса, көптеген ақындарымыз оған арнау өлеңдерін жазды. Жазушы 1977 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Зейнолла Шүкіров 1979 жылы 26 желтоқсанда Қызылорда қаласында дүние салды.
С.РЫСБАЕВ, аудандық
тарихи-өлкетану музейінің әдіскері
21 қараша 2022 ж. 363 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 382

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 461

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930