» » Тұғырлы тұлға

Тұғырлы тұлға


ӘР ЗАМАННЫҢ ӨЗІНЕ ЛАЙЫҚ БЕЛГІЛІ АЗАМАТТАРЫ БОЛАДЫ. БІРАҚ УАҚЫТ ӨТЕ КӨРЕГЕНДІЛІГІ МЕН КӨСЕМДІГІНЕ САЙ БІЛІМДІ АДАМДАР ҒАНА ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ҚИЫНШЫЛЫҚТАРҒА ҚАЙЫСПАЙ, ЗАМАН ТАЛАБЫНАН ҚАЛЫСПАЙ ҚАЗАҚСТАНЫМЫЗДЫҢ ТАРИХИ ЖОЛДАҒЫ ҰЛЫ КӨШІНІҢ ҮНЕМІ АЛҒЫ ЛЕГІНДЕ ҚАЛАДЫ. СОНДАЙ ЖАНДАРДЫҢ БІРІ – ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ ӘБДІЖӘМІЛ НҰРПЕЙІСОВ. ИӘ, ӘР АДАМНЫҢ ӨЗ ТАҒДЫРЫ, ӨЗ ӨМІР ЖОЛЫ БАР. АЛ ЖАЗУШЫНЫҢ ӨМІР ЖОЛЫ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ҚАЛАЙ ӨРБІДІ?
Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов 98 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ол 1924 жылы Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң ауылында туған.
Майдангер-жазушы 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1956 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген, 1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды. 1992 жылдан халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті, 2000 жылдан «Таң-Шолпан» журналы редакторлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
Әдебиетке 1947 жылдан араласа бастады. Тұңғыш шығармасы – соғыс тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. «Курляндия» романын кейіннен өңдеп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жариялады. «Қан мен тер» трилогиясы (1-кітап – «Ымырт», 1961; 2-кітап – «Сергелдең», 1964; 3-кітап – «Күйреу», 1970) және «Сең» (1983), «Соңғы парыз» (1999) романдары көптеген тілге аударылған.
Өткен XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол сыбаға қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүние жүзіне танытып, әлем әдебиетшілері қасқа-жайсаңдарының үздік бағасына ие болды. Жазушының «Қан мен тер» романының дүниеге келу сыры осы сөздерде жатыр. «Қан мен тер» трилогиясын құрайтын «Ымырт» (1961), «Сергелдең» (1964), «Күйреу» (1970) романдарынан атының өзінен-ақ байқалып тұрғандай, төбеден жарқырап тұрған күнді аз кезіктіреміз. Ал жарқырап шақырая қалса, кейіпкерлері тағы бір тозаққа ілінді дей беріңіз. Өзінің бас кейіпкері Еламан тәрізді туынды ұдайы дерлік томырылып, үнсіз-түнсіз тұнжырап түнерген қалпынан жазбайды. Соның өзінде де туған өлкеге деген сүйіспеншілік сезімінің орны бөлек. Прозашының туған халқына, оның жазира даласына деген сүйіспеншілігі елінің кең қолтық мінезін, шалқар әнін, салқар көштей шұбатылған тарихын эпостық құзарға көтере суреттеуінен аңғарылады.
«Қан мен тер» трилогиясы – ел, халық, оның әлеуметтік тағдыры туралы шығарма. Бұл трилогия, «Соңғы парыз» дилогиясы Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. «Қан мен тер» романы бо­йынша жасалған инсценировкасы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының (1974 жылдан) репертуарынан тұрақты орын алды, экранға шығарылды. Таңдамалы әдеби-сын мақа­лалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шықты (1972), 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрді.
Жазушы А.Чеховтың, М.Горь­кийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсонның шығармаларын қазақ тіліне аударған.
2001 жылы Мәскеудегі Ха­лықаралық Әдеби қордың «За честь и достоинство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды. Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі», «Халықтар достығы» (1984), «Отан» (1994) ордендерімен және медальдарымен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған.
18 жасында майданға аттанған Нұрпейісов соғыста бастан кешкен жайттарын "Курляндия" автобиографиялық туындысында баяндайды. 2000-жылдары жарық көрген «Соңғы парыз» роман-дилогиясы – әлеуметтік-психологиялық шығарма. Дилогияда Арал теңізінің апатқа ұшырау хикаясы нақты суреттелген. Шығармада экология, табиғат пен адам ара қатынасын толғаған қаламгер оқырмандарды рухани-адамгершілік мұраттарға жетелейді. Жазушының өзі сол өңірде туған. Әрі сол шығармасы үшін әдебиет және өнер саласында Шолохов сыйлығына ие болды.
Нұрпейісов испан драматургы А.Касо, орыс жазушылары А.Чехов, М.Горький шығармаларын қазақ тіліне аударған.
2010 жылы Нұрпейісов өзге жазушылармен бірге сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдап, Кеден одағымен келісімді бұзуға шақырған. Хатқа қол қойған кейбір зиялы қауым өкілдері "Кеден одағының кейбір шарттары ұлттық экономика мен стратегиялық мүддеге сәйкес емес" деп мәлімдеген. 2016 жылы Ә.Нұрпейісов үкіметтің жер реформасына қарсы шығып, президентке хат жазғандар арасында болды. Сол кезде қарастырылған жер кодексіне түзетулер ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуды және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастырған. Мыңдаған азамат жер реформасына қарсы наразылыққа шыққаннан кейін билік жер кодексіне өзгерісті кейінге шегерген.
2004 жылы кәсіпкер-меценаттар Нұрпейісовке ел ісіне қосқан үлесі үшін "Тарлан" сыйлығын тапсырды. 2016 жылы жазушы бірінші президент атындағы мемлекеттік стипендияға ие болды. Ол өзі туған Қызылорда облысы мен өмірінің соңына дейін тұрған Алматы қаласының құрметті тұрғыны атанған.
Қазақ әдебиетінің ірі өкілінің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісов секілді ұлтын сүйген ұлағатты тұлғаның ардақты бейнесі ел жадында мәңгі сақталады. Оның шығармашылығы оқырмандарының әрдайым жүре­гінде, мәңгілік өміршең.
Айнұр ӘЛИ
28 мамыр 2022 ж. 311 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 385

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 464

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930