Кітап – құнды қазына
qarmaqshy-tany.kz Мектеп кітапханасы – дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының қайнар көзі. Қоғамның өсуі, адамзаттың өсіп-өркендеуі кітаппен тығыз байланысты. Соның ішінде жас жеткіншектердің білімнің тұнық та мөлдір бұлағынан сусындауына, рухани дүниесін молайтуына тағылымы мол тәрбие ошағына айналып отырған кітапхананың мектепте алар орны орасан.
Мектеп оқушыларының кітапханамен байланысы жақсы деңгейде деп айтуымызға болады. Оқырмандардың көркем әдебиетті оқып, қызығушылығын арттыру мақсатында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы қазандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысындағы сөйлеген сөздерінде «Оқитын ұлт – оқуға құштар мектеп» жобасын құру мақсатында оқушыларды оқу мәдениетіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту, оқуға деген қызығушылығын арттыру, қоршаған ортаны кітап арқылы тануы мектеп қабырғасынан қалыптасуы керек, ал мектеп кітапханашысы сол оқушының ынтасын оятып, оны қызықты кітап әлеміне жетелеуі қажет деп түсіндірді. Жоба аясында қазіргі таңда мектеп кітапханаларында жаңадан келіп түскен әдебиеттерді оқырмандарымызға таныстырып, кітапханалық сабақтар өткізіліп тұрады. Библиографиялық шолулар, әңгімелер, тренингтер, «Буккроссинг – кітап оқыда, өзгеге сыйла» тақырыбында кітаптар оқу, «Мобильді кітапхана QR код арқылы қалаған кітапты оқу», «20 минут кітап оқы да 3 минут эссе жаз» секілді, «Анашым, кітап оқып берші!», «Әкеммен бірге кітап оқимын», «Көңілді үзіліс» секілді көптеген іс-шаралар өткізіліп отырылады. Мақсаты – жас ұрпақ бойында азаматтық, рухани адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру.
Міндеттеріне келсек, кітапхананың ресурстық ақпараттық кітапханалық және мәдени ағарту орталығы ретінде дамытуға ықпал ету, отбасылық кітап оқу дәстүрін жандандыру.
Мектеп оқушыларының оқырмандық белсенділігін ұйымдастыру және оқушылардың сабақтан тыс іс әрекеттегі оқырмандық қалауын ескере отырып, отбасылық оқуды насихаттау, ата-аналарды іс-шараға тарту. Балада жүйелі шығармашылық, дамытушылық, оқу дағдылары қалыптасады.
Қазіргі таңда мектеп кітапханаларында жас оқырмандарымызға көптеген әдеби ертегілерді, тарихи құнды кітаптарды табуға болады. «Қазақ ертегілері», «Шығыс ертегілері» секілді электронды аудиоқылқаламмен оқитын ұлттық құндылықтағы батырлар жыры секілді көптеген кітаппен толықтырылған. Осындай дүниелерді оқу үшін арнайы KOBORKING бөлмелерімен жабдықталған. Бұл арнайы орталықта (смарт телевизор, жұмсақ диван) оқырмандарымыз үшін барлық жағдай жасалынған. Болашақта кітапсүйер оқырмандарымыздың көп болатынына сенімдіміз.
Айгүл ҚҰТТЫБАЙҚЫЗЫ,
No28 орта мектеп кітапханашысы