Шетелде туған шырғалаң ой...
Шыны керек, осы тақырыпты қозғасам ба, жоқ па деп көп ойландым. Ақырында көзбен көргенімнен там-тұмдап түйген ойымды көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдім. Биыл алғаш рет шетелге, нақтырақ айтқанда қазіргі таңда екі қазақстандықтың бірі барып келіп жатқан Түркияға сапарлап қайттым.
Сапарлағанда танымдық немесе сауда жасау тұрғысынан емес, пассив демалыс. Атақты курорттық өлке – Антальяның Кемер атты шағын елді мекеніне аялдадық. Дайын турмен барғандықтан, алдын ала аса ізденбедім де. Бәрін барып көрген, көңілмен сезінген қызық көрінді. Әуежайдан түсе салысымен жылышыраймен қарсы алды. Желдеткіші қосылған шағын автобустарында жолаушының шөлін басатын түрлі сусындар салынған тоңызытқышы тағы бар. Көлікке отыра салысымен сусынның түр-түрін ұсынып жатқан бұл қонақжайлылықтары ерекше көзге түсті.
Жол бойы туристерге қатысты негізгі ережелермен қатар жан-жақты таныстырумен болды. Жасыл желекке оранған таулы-тасты өлке екен. Бәрін тәптіштеп жазбай, негізгілеріне тоқталсам, елге қыдырып келген жанның көңілінен шығу үшін барлық жағдай жасалған. Тауар, тағам сататын дүкендері анадайдан көз қарықтырып, өзіне тарта жөнеледі. Сөрелерінде түрлі зат самсап тұр, бірінен-бірі өтіп, көздің жауын алады. Тағамға қосатын дәмдеуіштерінің өзін түрлі формаға келтіріп, әдемі өрнектер жасап қойған. Құдды тағам қоспасы емес, түрлі-түсті жіптерден тоқылған шағын кілем іспетті.
Қош, демалыспен қатар қосымша Фаселис және Калеичи деп аталатын ескі қалаларына экскурсия жасадық. Ежелгі портты қала болып саналатын, римдіктердің қолтаңбасы менмұндалап тұрған қаланың жазу қашалған алып тастары мен негізгі орны сол қалпы сақталған. Туристермен бірге жергілікті халықта тамашалап, көне қаланың жанында орналасқан жағалауда суға түсіп жүр. Сом-сом тастардан түрлі бояулармен жазылған жазуларды, адам аттарын кездестірмедік. Тап-таза, бейне бір ежелгі дәуірге тап болғандай күй кешесің. Ел ішінде жол жүргенде тау-тастағы түрлі адам аттарын, қосу, алуларды көріп қалған өз басым ешқандай бейнекамерасыз, қайта-қайта ескертусіз табиғи қалпында сақтап, сол арқылы ел экономикасына қомақты қаржы түсіріп, ел азаматтарының жұмыспен қамтылуына септігін тигізіп отырған түрік еліне риза болдым. Фаселис қаласының орнын, орталық көшесін, алаңын, амфитеатрын, ежелгі моншаның үлгісін көріп болғаннан кейін туристерді шарап, лукум (шығыс тәттісі) жасайтын орталықтарына алып барды. Аузымызды аштырып, неше түрлі мәліметпен таныстырып, әлемдегі ең таза, ғажайып шарап түріктердікі деген қорытынды жасады. Бағасы ұшып тұрған тәттілерді көріп бас айналды. Оның бер жағында шайдың, шырынның түр-түрі, әр түрлі формада жасалған иіс сабындарының өзі не тұрады?
Осыларды көріп, мен қиял әлеміне еніп кете бардым. Тұтас Қазақстанды алмай-ақ, өзіміздің Қызылорда өлкесін алсақ, мұнда да туристерді тартып, көрсетерлік нәрсе көп қой. Нағыз тарихи, аңызға толы Қорқыт ата кесенесінің өзі нағыз керемет емес пе?! Ешкінің сүтінен жасалған, қауын дәмі, банан дәмі бар лукум деген секілді Қазалының кәмпитін неге қарбыз дәмімен, қауын дәмімен, тағы басқасымен жасамасқа. Пішінін де көзді қызықтыратындай, раушан гүлі іспетті немесе бір үзім жүзім секілді етіп жасауға да болады ғой. Әрі-беріден соң қызғалдақтың отаны – Қазақстан. Қызғалдақ гүлі пішіндес етіп жасалған шағын, әдемі қораптағы кәмпитті көз алдыңызға елестетіңізші. Келген туристер қуана-қуана сыйлыққа алар еді.
Түркияда, Алматыда форель балығын көкке көтере мақтайды. Арнайы өсіріп, пісіріп, қонағына ұсынатын шаруашылықтар да жетерлік. Түріктердің форелінен дәм татайық деп, оны да көрдік. Дәмдісіне дәмді, бірақ асты ұсынуы одан да асып түседі. Табада шыжғырылып, ып-ыстық күйінде ұсынылған, жан-жағы көкөністермен безендірілген тамақты көргенде, ең алдымен, көзің тойып қалатыны рас. Содан деймін-ау, біздің Сырдарияның сап-сары сазанының қай жері кем. Қайта артық. Форельге қарағанда еті де мол.
Анталья қаласының өзінде орналасқан тағы бір ескі қала Калеичи бүгінгі өмірмен тығыз байланысты дамуда. «Калеичи» түрік тілінен аударғанда «қамалдың орталығы» деген мағына береді екен. Жергілікті тұрғындар бұны «қала ішіндегі қала» деп атайды. Қаланың кіреберіс қақпасындағы Адриан және Селжұқ кезеңдеріне жататын екі алып мұнара сол қалпы сақталған. Қаланың қабырғаларына еш зиян келтірмей, үйлерін ғана жөндеуден өткізген. Жер асты бөлігін әйнекпен қаптап қойыпты. Шығыс өркениетіне тән шағын әрі бұрылысы көп көшелерінен әлі күнге адам арылмайды. Одан қала берді, аттап бассаң тамақтанатын орындар мен сауда дүңгіршіктері толып тұр. Соның өзінде көне қала атмосферасы айқын сезіледі. Тарихтың өткені мен бүгіні бір-бірімен жымдасып, бірігіп кеткендей. Қалай сүйсінбеске?
Ал, бізде ше? Теңізіміз болмаса да, тарихимыз ешкімнен кем емес.Тек сол өзімізде бар дүниені ұқсатып, жарнамасын асырып, дұрыстап көрсете алмай жүргеніміз болмаса. Сыр өңіріндегі бір-біріне жақын орналасқан Жетіасар, сақтардың асатанасы болған Шірік-Рабат қалашығының орны да жан-жағын реттеп, бүгінгі өмірмен тығыз байланыстырып қойса, нұр үстіне нұр болар еді-ау. Ауа райы ыстық, жері құрғақ деп сылтау айтарсыз. Дәл сондай Түркістан қаласын бар болғаны 4-5 жылдың ішінде көгалдандырып, адам танымастай өзгерттік емес пе? Сол секілді Қызылорда, Қармақшы өңірлерінің тарихи-танымдық жерлеріне баратын жолды жөндеп, көгалдандырып, бірінен-біріне қатынайтын жол көлігін, жол бастап, таныстырып жүретін адамдарды ұйымдастырып қойса, туристік компаниялар заман талабына сай жұмыс жасаса деген жақсы ниет қой біздікі. Келген адам айдалаға түскендей болмай, көретін жері, тамағы, түрлі тәттісі, сауда-саттығы бір жерде немесе жақын орналасып тұрғаны жөн. Түркияда да бәрі бір жерде шоғырланбаған. Бірінен соң біріне кезекпен апарды. Уақыт жағын қолайлы ұйымдастырып, бәрін есеппен, нақты жүргізе білген. Арнайы бөлінген уақыт ішінде жан-жағыңды тамашалап, суретке түсу мүмкіншілігі мол. Айтқан уақытынан бір кешікпейді, бәрі жоспарлы түрде.
Қызылорда өңірі, әсіресе, Шиелі жақ қауын-қарбызымен, тарысымен әйгілі. Соның өзін туристерді тарту үшін емін-еркін пайдалануға болады. Қарбыз, қауын шырыны, олардан жасалған тәттілер, тарымен шай деген брендтерді ұсыну болашақтың еншісінде, осы бір тәтті қиялдан туған ойымды біреу болмаса біреу іске асырар деген ниетпен мақала етіп жазу көкейімде тұрды. Іске аспағанның өзінде, Абай атамыз айтпақшы, өз сөзім – өзімдікі. Шетелге бір рет шыға салып, насихаттауға ұялғаным да рас. Дегенмен, қай жаққа барсақ та құр көзбен көргеніміз емес, көкірегімізге түйгеніміз маңызды емес пе?! Жақсыға еліктеп, оны өз тарихимызға, мәдениетімізге, экономикамызға сай етіп, елеп-екшеп алғаннан еш ұтылмаймыз. Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен деген. Түріктердің Кемер қаласына жасаған бір апталық саяхатымдағы ой-әсерімді сіздермен бөлістім, ағайын. Кәделеріңізге жарасын. Жан-жақты жағдай жасалып тұрса, біздің елімізді де көруге қызығатын шетелдіктердің көп боларына сенімдімін.
Лаура БАҚТЫБАЙ