Әкеге сыйлық
Әдетте анамызға қарағанда әкемізге сыйлық таңдау аздап қиындық туғызады. Мереке күні немесе туған күнінде әкеңізді қуанту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайсыз. Алайда сыйлық таңдамас бұрын әкеңіздің қызығушылығы мен талғамын, көзқарасын ескергеніңіз жөн болады. Себебі сыйлаған сыйлығыңыз әкеңізге деген таза көңіліңіздің белгісі болмақ.
Қуаныш иесін қуанту үшін сыйлықтың сапасынан бөлек, сыйлық алушының жас мөлшері де маңызды. Мәселен, 45-50 жас аралығындағы әкелер үшін сыйлықты оның қызметі мен қызуғушылығына сәйкес таңдаған дұрыс. Мәселен, қызметкер әкелер үшін ерекше қойындәптер, жұмыс үстеліне қажетті бұйымдар немесе көлікке арналған түрлі техникалар (әдемі қаптамалар, автомобильге арналған шаңсорғыш, видеотіркегіш, GPS-навигатор, автомагнитола және құрал-саймандар жиынтығы т.б.). Ал балық аулау кәсібіне қызықса, балық аулау туралы кітап, үрмелі қайық, қармақ секілді аталған кәсіпке қажетті дүниелерді сыйлауға болады. Алайда балық аулау кәсібінен хабары бар адаммен бірге барып сыйлықты таңдаған жөн.
60 жасқа толып отқан әкеңізді өзіңіздің бар жаныңызды салып жасаған шығармашылық заттар мен қолдан жасалған бұйымдарыңыз бен туындыңыз ерекше қуантпақ. Мәселен, отбасылық үлкен сурет немесе қарындашпен салынған портрет, видеоқұттықтау, өз қолыңыздан дайындаған торт немесе әкеге арнау, әдемі өлеңдер, массажды орындық т.б.
Кітап – ең жақсы сыйлық
Көпшілік әкелер кітап оқығанды жақсы көреді. Осы тұста әкеңізге ең сүйікті авторының кітаптарын, жаңа жинақтарын сыйға тартсаңыз, қуанып қалары сөзсіз. Сонымен қатар, салауатты өмір салты, пайдалы тағам түрлері туралы анықтамалар да жақсы тарту болмақ.
Косметикалық сыйлық
Кез келген әке баласының қандай да болсын сыйлаған сыйына ерекше қуанары анық. Мәселен, косметикалық сыйлық (душқа және қырынуға арналған гель, сақал қырғыш, иіссу т.б.) жай көрінгенімен бұл да ерекше сыйлықтар қатарында. Сонымен қатар жылы жемпір мен әдемі жейде, галстук немесе «Ең керемет әке» сынды жазулары бар жейдемен әкеңіздің көңілін бір көтересіз. Былғары сапалы белдік, әмиян, галстук қыстырғыш пен әдемі түймелер, жақсы қолшатыр, жылы жамылғы, сырт киім, ұялы телефон т.б. осы секілді қажетті дүниелерді де сыйлауға болады.
Эмоционалды сыйлықтар
Әкеңіз ұнататын әншісінің концертіне немесе актерінің фильміне 2 билетті сыйлыққа ұсынсаңыз, естен кеспес сыйлық жасадым дей беріңіз. Сонымен қатар саяхаттауға немесе курорттық демалысқа арналған 2 билет немесе пейнтбол ойнауға және картингте сырғанауға арналған сертификат, қаладағы түрлі тарихи орындарға барып қыдыруға арналған билет те – ерекше сыйлықтар қатарында.
Жақын жаныңыз жүрегіңізден орын алғандықтан, оның жүрегі де сізден көп дүниені талап етпейді. Ол үшін сіздің бір ауыз жылы сөзіңіз бен құттықтауыңыз жетіп жатыр. Ал, ата-ана үшін бастысы − сіздің амандығыңыз, деніңіздің саулығы. Алайда естелік атты дүниенің ескірмейтінін білсеңіз, туған күнде ерекше бір естеліктің болғаны жақсы.