Бірлескен оқу-жаттығу жиыны өтті
ТАБИҒАТТА ТОСЫННАН КЕЛЕТІН ҮШ ТІЛСІЗ ЖАУ БОЛСА, СОНЫҢ БІРІ – ӨРТ. ҚАЗІР АЙМАҚТА ДАЛАЛЫҚ ӨРТТЕРДІҢ КЕҢ ЕТЕК АЛЫП ЖАТҚАНЫ БАРШАҒА АЯН. МӘСЕЛЕН, КЕШЕГІ ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНДА БОЛҒАН ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ БАРЛЫҒЫНА САБАҚ БОЛДЫ. ОРМАНДЫ АЛҚАПТЫ ШАРПЫҒАН ӨРТ ЕЛ-ЖҰРТТЫ ЕСЕҢГІРЕТТІ. ОСЫҒАН ОРАЙ ЕЛІМІЗДЕ ДАЛА ӨРТІНІҢ АЛДЫН АЛУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУДА.
Сәрсенбіде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен далалық жерде өрт болған кезде, ерікті өрт сөндіру жасақтарының және мекеме ұйымдарының дайындығын тексеру мақсатында оқу-жиын өтті. Оған аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен No10 өрт сөндіру бөлімі, аудандық полиция және жедел-жәрдем қызметкерлері, Жаңажол, Иіркөл, Жосалы, Қармақшы ауылдық округтерінің ерікті өрт жасақшылары қатысты. Оқу-жаттығу Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінің бойындағы Қармақшы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің тұқымбағында өтіп, күштер мен құралдардың әзірлігі тексерілді.
Оқу-жиынның мақсаты – мекеменің өрт сөндіруші қызметкерлеріне өртті сөндіру әдістерін үйрету және өрт кезіндегі іс-қимылды жақсарту бойынша практикалық жұмыстар жүргізу.
Жаттығуға құрылым бойынша Қармақшы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінен 1-ГАЗ-3308-50 өрт сөндіру автокөлігі, 1-МТЗ-82 тракторы цистернасымен, 1-УАЗ «Хантер» және Нива автокөлігі, 20 адам өрт сөндіруге арналған құралдармен, сондай-ақ аудандық No10 өрт сөндіру бөлімінің 10 қызметкері, 1-АЦ-5-40 өрт сөндіру автокөлігі және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен 2 қызметкер, 1 «Ssang Yong Kyron» автокөлігі қатысты. Күре жолдық апаттар медициналық құтқару қызметінен 1 автокөлік, 4 қызметкер, аудандық ауруханадан 2 автокөлік, 8 қызметкер, аудандық полиция бөлімінен 2 автокөлік пен 7 қызметкер, «Октябрь» топтық су құбыры мекемесі тарапынан 1 автокөлік пен 1 қызметкер, Жаңажол ауылдық округі тарапынан ерікті өрт жасақшы 10 қызметкер 1 техника, Иіркөл ауылдық округі тарапынан ерікті өрт жасақшы 11 қызметкер, 1 автокөлік, Жосалы ауылдық округі тарапынан ерікті өрт жасақшы 10 қызметкер, Қармақшы ауылдық округі тарапынан ерікті өрт жасақшы 12 қызметкер мен 2 автокөлік жаттығуға жұмылдырылды.
Тактикалық-жаттығу барысында жедел жасақ өрт болған жерге дереу жетіп, апаттың алдын алды. Сонымен қатар өрт орнынан адамдар құтқарылып, оларға медициналық қызмет көрсетілді.
Өрттің алдын алған күштер мен құрылымдардың тактикалық жұмысына аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов оң бағасын берді.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ