» » Дәуіт туралы не білеміз?

Дәуіт туралы не білеміз?

Бала күнімізде көзге ұсқынсыздау көрінетін жасыл жәндікті жиі кездестіретінбіз. Дәуіт көрсе атам оны иығына отырғызып қоятын. Біз қызыға әрі қорқа қарап айналасында жүретінбіз. Ал атам ол жәндікті өлтіруге болмайтынын, «дәуіттің» тек жақсылық әкелетінін айтатын.
Сондай-ақ бір аңызда киіз үй ішіндегі бесіктегі сәбиді шағуға жақындап қалған жыланды дәуіт алдыңғы екі аяғымен соғып, көзін ағызып жібергендігі баяндалады. Осылайша бесіктегі сәби жыланнан аман қалған. Титтей жақсылықты ұмытпайтын қазақ осыдан кейін дәуітті қасиетті санап, өлтірмейтін, сыйлайтын болыпты деседі. 
Дәуіт – расында да дүниеде ерекше жаратылған жәндіктердің бірі. Ол басын төрт құбылаға бірдей, яғни 360 градусқа бұра алады. Дәуіттің денесі ұзынша болып келеді. Тағы бір ерекшелігі – оның түсінде. Яғни, дәуіттің түсі жазда өсімдіктің маусымдық өзгеруіне байланысты жасыл, сары, қоңыр болып құбылып отырады.
Статистикалық деректерге сүйенсек, дүниежүзінің түрлі аймақтарында дәуіттің 2 мыңнан астам түрі кездессе, Қазақстанда дәуіттің жиырмаға тарта түрі бар. Әсіресе, кәдімгі дәуіт, теңбіл қанатты дәуіт, қауырсын тұмсықты эмпузалар жиі кездеседі. Қазақстанда кездесетін дәуіттердің «қысқақанатты дәуіт» және «ағаш дәуіті» деген екі түрі Қазақстанның омыртқасыз жануарларға арналған Қызыл кітабына тіркелген. Ағаш дәуітін кейде «ақтеңбіл дәуіт» деп те атайды. Қысқақанатты дәуіт Қазақстанның ауқымды аумағында таралғанымен барлық алқаптарда саны аз болғандықтан сирек кездеседі. Ал ағаш дәуіті еліміздің тек Оңтүстік Қазақстан облысының шағын тораңғы және жиде ағаштары өсетін тоғайлы алқабында ғана таралған.
Негізінен дәуіттер шала түрленіп дамиды, олардың қыстағы жұмыртқасы көктемге қарай қанатсыз дернәсілге айналады да, 7-8 рет түлейді. Дәуіт зиянкестермен қоректенетін болғандықтан, ауыл шаруашылығына пайдасы өте зор. Алайда олардың кейбір түрі бал арасын, пайдалы қоңыздарды да жеп қояды.
Ал дәуіттің қорғанысы – бұл бүркеніштік қасиеті. Құрғақ жапы­рақтарға ұқсаған дәуіт қимылы өте қызық. Егер біреу оған тиіссе ол қураған жапырақ сияқты жерге құлай салады. Сонда оны жәндік емес қураған жапырақ екен деп өтіп кете бересіз.
Бұл жәндік ескі аңыз-әпсаналарда көбіне темір ұстаның пірі – Дәуіт пайғамбардың есімімен тығыз байланысты айтылады. Мысалы, Дәуіт пайғамбардың тұсында Ғайдуна деген қалада ордалы жылан қаптап кетеді, тіпті оның көптігі сонша аяқ басар жер қалмайды. Жыланмен күресуге шамасы келмеген патша елінің ақсақалдарын жиып алып, олардан қалай құтылудың жолын сұрайды. Сонда қариялардың бірі Дәуіт пайғамбардан көмек сұрауды өтінеді. Дәуіт пайғамбарға хабаршы жіберіп, болған жайды хабарлайды. Дәуіт пайғамбардың негізгі кәсібі ұсталық екен. Ол кеудесіндегі жейдесінен бір түймені үзіп алып төске қойып үш рет ұрғанда түйменің ұсақ бөлшектерінің бәрі де дәуітке айналып кетіпті. Осы жәндікті Дәуіт пайғамбар келген хабаршыға бере отырып, оларды қалаға кіргенде босатып жібер депті. Солай істеген кезде дәуіттер тез арада жыландардың көздерін алдыңғы аяқтарымен ойып, қаланы ордалы жыланнан тазартқандықтан Дәуіттің жәндігі – «дәуіт» деп аталып кетіпті. Осындай дәуіттің пайдалы екеніне байланысты айтылған аңыз бойынша дәуіт қасиетті әрі киелі жәндік аталған.
Тағы бір айта кетерлігі, дәуіт шөпке жабысып отырып бір нәрсеге айбат шегу кезінде немесе қорегін бірден бас салып ұстау үшін алдыңғы үлкен екі аяғын бүгіп, сәл жоғары көтеріп тұрады. Бұл көрініс дәуіт бір нәрсеге тәу етіп (құлшылық етіп) тұрғандай көрінеді. «Тәу ет» сөзі «тәу ету», «тәует – дәуіт» сөзінен өзгерген деген де пікірлер бар.
Ал Қазақстанның Оңтүстік өңірінің тұрғындары дәуітті көбіне «биесау» деп атайды. Оның мәні – дәуіттің қорегін аулау кезіндегі алдыңғы аяқтарын бүгіп тұрып екі аяғын алма кезек қозғауы бие сауып отырған адамның кейпіне ұқсағандықтан осылай аталған. Дәуіттің екі жұп жарғақты қанаттарының алдыңғы жұбы жіңішке әрі қатты болып келсе, ал жұп артқы қанаттары жалпақ жарғақ тәрізді, бірақ жұқа оларды алдыңғы қатты қанаттары жауып тұрады. Дәуіт қанаттарының көмегімен жақын жерге ұшып бара алады.
Дәуіттің ұзынша келген құрсақ бөлімі 10 бунақтан тұрады. Дәуіт бұта не өсімдіктің сабағында не жапырағында ұзақ уақыт тапжылмай отырып қорегін аңдиды, оқта-текте қозғалмалы басын жан-жағына бұрып, қорегін іздейді. Қорегін көрген кезде, ақырын жылжып барып алдыңғы аяқтарымен бірден шап беріп ұстап, қысып өлтіреді. Қорегінің басы мен аяқтарын жемейді. Дәуіт көп қорек талғамайды әрі ол өте қомағай жәндік, кейде дәуіттің ағзасына нәруыз жетіспеген кезде аналығы аталығымен, ұрпақтарымен де қоректене беретіндігі дәлелденген.
Жәндіктердің адам танымында, ырым-тыйымдарында, наным-сенімінде ерекше орын алатыны, тіпті жыл мезгілдерінің өзгеру құбылыстарын сол жәндіктердің әрекетіне, қызметі мен қимыл-қозғалыстарына қарап болжауы, табиғат апаттарын сездіртетін жәндіктердің қасиеттерін қастерлеуі адам мен табиғаттың осы бір кішкене бөлшегінің арасындағы тығыз қарым-қатынасты, біте қайнасқан өмірді, тіршілік етер орны мен жұтар ауасы ортақ екенін байқатады.
Сондай-ақ «Дәуіт бар жерде жылан жүрмейді», «Дәуітке көзінен айы­рылар жылан кездеседі», «Жылан дәуіттен қорқады», «Дәуітке тәу еткен құр қалмас», «Дәуітті жер тәуір жер», «Өрмекшіні өлтірме, дәуітті дәріпте», «Дәуіт үйге келсе, пәле-жала есіктен кетіп, құт-береке төбеден келеді» деген сөз тіркестері мен тыйым сөздер, айшықты нақылдар дәуіттің пайдалы жәндік екендігіне нақты мысал бола алады. Қазақ халқы дәуіттің тіршілік әрекеттерінің адамға жақын бекзадалық қасиеттері үшін және басқа жануарларды жыланнан қорғауға бейім тұратындығына байланыс­ты дәуіттің адам тұратын үй-жайға келуін жақсылыққа жориды. Ендеше, үйіңізден дәуіт көрсеңіз, дәулет келді деп дәріптей біліңіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
20 шілде 2022 ж. 18 583 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031