» » Сайын даланың сәні қаша ма?

Сайын даланың сәні қаша ма?


Әлеуметтік желі бірер күннің ішінде даурығып кетті. Бұл жолы көптің ойы екіге емес, сан-саққа бөлінді. Себеп те сол, Орал популяциясына жататын 80 мың киікті атуға рұқсат беріледі деген мәлімет. Киік санын реттеуге қатысты шешім биологиялық негіздеме аяқталған соң қабылданған. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтқан еді.
Сонымен қатар, 500-ге жуық киік зерттеу үшін алынады. Соңғы санақ бойынша, елдегі киік саны 1 млн 300 мыңға жетті. Орал популяциясында 800 мың бас бөкен бар. Министрдің мәліметінше, киік санын реттеу шаралары популяциялардың санын шектеп ұстау дегенді білдірмейді. Киіктерді ату шаралары күзде басталады.
– Реттеу дегеннен кейін белгілі бір нормалар бар екені түсінікті. Бұл қажетті шара. Ауыл шаруашылығы жануарларымен қайшылықтар болмау үшін осылай істеу керек. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында киіктер жайылымдарға ғана емес, егін алқаптарына да кіріп жатыр. Сондықтан бір жағынан проблема да бар, – деді министр.
Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру ережелеріне өзгерістер енгізілетін бұйрық жобасын дайындады. Атап айтқанда, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсаттар туралы тармаққа «киіктердің дериваттарын жинау» тармақшасын қосқысы келеді, бұл осы жануарларды аулауға мүмкіндік береді.
Ал мамандар болса киіктерді атуға биологиялық кедергілер жоқ, бірақ әлеуметтік кедергілер бар екенін алға тартады. Ақбөкендерді атуға рұқсат беру браконьерліктің өсуіне түрткі болуы мүмкін.
ҚР БҒМ ҒК Зоология институтының биобағалау және аңшылық зертханасының меңгерушісі, зоолог-ғалым Константин Плахов киіктердің санын реттеу және жануарларды атуға рұқсат етілгеннен кейінгі ықтимал зардаптар туралы айтты.
– Ақбөкен – өз тарихында өте ерекше түр. Тіпті соңғы уақытта – соңғы жүз жылда түрлер санының үлкен ауытқуын бастан өткерді. Қазақстанда ақбөкендер жоғалып кеткен бірнеше кезеңдер болды. Бұл 90-шы жылдары да, 2000-шы жылдардың басында да кездесті және оған әрдайым әртүрлі себептер әсер етті. Ең қызығы, мұндай жағдай 70-ші жылдары болған. Сол облыстардың билігі үкіметті киіктерді олардың санын реттеу және азайту үшін атуға шақырды. Сонымен қатар, олар ақбөкендердің жергілікті тұрғындарға тиесілі жерде жүретіні туралы эмоционалды мәлімдемелер қолданады немесе киік елдің азық-түлігіне қауіп төндіреді деген сөздер айтады, – дейді ол.
Маман фермерлер ақбөкендердің өз аумағына кірмеуі үшін өз бетінше қорғаныс жасауы керек деп санайды. Сонымен қатар, зоолог егер заң жүзінде киіктерді атуға рұқсат берілсе, браконьерлік көбейетініне назар аударды.
– Біздің адамдар заң аясында әрекет ете алмайды. Жаппай киіктерді ата бастайды. Сонымен қатар, ақбөкен дақылдарды жояды деген дәлелдер көбінесе «желеу» ретінде қолданылады. Оның артында ақбөкен мүйіздерін сату арқылы тез байып кету ниеті бар. Әрине, бұл өте маңызды тәуекел. БҚО-да киіктердің саны 800 мыңға жуық болса, олардың ішінде аталықтары 150 мыңға жуық. Оларды өлтіру өте оңай, кейін не істейміз? – дейді Константин Плахов.
«Билік қыркүйекте 80 мың бас киікті атуға рұқсат берді» деген ақпарат расталғанда  «Киелі жануардың киесі ұрады» дегендер көбейді. Түрлі аңыз, әңгімелерге сүйенсек, расымен киіктің қасиетін байқаймыз. Дегенмен ешқандай жаратылыста кие болмайды деп санайтындар бар. Ол халықтың санасында қатып-семіп қалған жай наным-сенім ғана. Жұртқа нәубет төндіре сөйлемей, тек обал-сауап дегенді ескеру керек дейді көпшілік. «Киесі ұрады» емес, обал болады дегенді алға тартып, белгілі санын ғана реттеген дұрыс екенін алға тартады олар.
Киіктің санын реттеу – түз тағысын жөн-жосықсыз жусатып салу емес. Ол шаруамен арнайы «Охотзоопром» мекемесінің айналысады екен. Оның 10 пайыздайы ғана реттеледі. Көбіне етке тушалары өткізілмек. Бір ғана БҚО-дан 80 мың бас киікті атуға әуесқой аңшылар да, браконьерлер де жолатылмайды. Ауланған киіктің еті сол өңірдегі консерва өндіру зауытына жөнелтіледі.
«Өлтірмей-ақ, егіннен қуып тастаса болды ғой» деген пікірлер де айтылуда. Егер киікті Торғайдың егінінен қусаң, Қызылорданың күрішіне, одан қусаң, Жезқазғанның бақшасына түсе береді. Бұл жануар Орал, Ақтөбе, Торғай, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда өңірлерінен басқа далаға жерсінбейді екен.
Иә, табиғаттың төл перзенті көз тоймас сұлулықтың иесі. Оның көркемдігі мен әсемдігін, киелілігін табиғатпен тілдесетін өнерпаздар өз шығармасына арқау еткен. Оған «Ақсақ киік» күйі, «Жез киік» әні, С.Сейфулиннің «Ақсақ киік» дастаны, Ғ.Жайлыбайдың «Киік қашқан» поэмасы айқын дәлел. Халқымыз ыңғайлы, әдемі затты «киіктің асығындай екен» десе, сұлу жанды «киіктің құралайындай сұлу екен» деп суреттейді. Ғалымдардың айтуынша, миллиондаған жылдар бойы өз тұқымын сақтап қалған санаулы аңның бірі – осы киік. Ол қанжар тісті жолбарыс пен жүндес мамонттармен бір дәуірде өмір сүріпті. Алайда алдыңғы екеуі жер бетінен жойылып кетіп, киік қана бүгінгі дәуірге жеткен. Айта берсең әңгіме де, теңеу де таусыла қоймас. «Жеті рет өлшеніп, бір рет кеспек» болып отырған шешімнің ақыры қандай болмақ? Бізді құртатын «бірақ» бар ғой. Сол бірағымыз сейілмей тұрғандай...
Айнұр ӘЛИ
07 шілде 2022 ж. 552 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 386

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 465

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930