» » Біз үлгі тұтқан жас

Біз үлгі тұтқан жас

Өмірдегі ең қызық әрі естен кетпес кезең – мектеп қабырғасындағы шақтар. Ол қайтып оралмайтынымен құнды. Өзіңнен үлкенге еліктеп, оны үлгі тұтуға талпынатын талап та сол бір уақыттың еншісінде қалыптасатын қасиет екенін қазір аңғарып жүрміз. «Қаймақтар» деп арнайы айдар тағып, әрбірінің болашағынан зор үміт күткен мектеп шәкірттері ұстаздардың сенім үдесінен шыға алғаны – қандай қуаныш! 
Ол қатарда біз де болдық. Бала қиялмен арманды қағазға түсіріп, жазуға машықтанып, қазір қаламды серік еткен құрбым Айгерім Нәжмадин, өзімізден бір сынып жоғары оқыған Дастанбек Садық, одан жоғары сыныптағы Лаура Бақтыбай, Ғалымжан Мыңжасаров, Гүлжан Қайырбекқызы шын мәнінде бізге үлгі бола білді. Өмірдегі мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың тетігін дәл тапқан, қайырымдылықты, адами құндылықты, рухани байлықты, ізгілікті, парасаттылық пен ұлт болмысын дәріптеп жүрген осы жастардың ішінде бір жанға бүгін ерекше тоқталуды жөн көрдік.  Ол – уақытын бос өткізбейтін, үй тірлігіне де, бала тәрбиесіне де үлгеріп, қоғамның ісіне де араласып жүретін тынымсыз жан Лаура Бақтыбай.
Әлеуметтік желінің пайдасы зор ғой. Туыстық жақындығымыз болғанымен, қазір отбасы, ошақ қасының күйін күйттеп кеткеніміз жасырын емес. Лаурамен хабар алыспағалы, хат жазыспағалы да біраз жыл өтіпті. Бірде инстаграм желісіндегі парақшасын көріп қалып, дереу достығына тіркелдім.  Арнайы посттар, ойланарлық, ой саларлық әңгімелер мен балалық шақтың әдемі естеліктерін бөлісіп, күнделікті өмірін көрсету арқылы-ақ талайларға талпыныс сыйлап жүрген Лаураның сол мектеп қабырғасында қалыптасқан тынымсыз тірлігі, ұстанымы ұшталмаса, бәсеңсімегені байқалады. Өзіндік қолтаңбасы бар әпкеме  қоңырау шалып, бала кезінде жазуға махаббатын ашқан аудандық басылымға жиі хат жазып тұруды сұрадым. Жазу десе ішкен асы бөлек  Лаура Ғалымқызы бұл ұсынысқа сол сәтте қалай қуанғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазір Қармақшыдағы қалың оқырман, өзінің ауылдастары оның мақаласын күтіп отыратын деңгейге жетті.  Аты-жөні мен жазуы таныс болғанымен, Лаураның өзі жайында біліңкіремейтін қауымға аз-кем ақпараттың артығы болмас.
Л.Ғалымқызы 1987 жылы Ақтөбе ауылында дүниеге келді. Әкесі Ғалым ауылға белгілі абыройлы азамат еді. Бірақ өмірі тым қысқа болды. Лаураның болашағынан зор үміт күтетін. Анасы Дина мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Қазір зейнеттік демалыстағы ардагер ұстаз. Лаура қазақ тілімен қатар орыс тілінен де сауатты. Мектеп қабырғасында жүргенде орыс тілі пәнінен талай олимпиадаға қатысып, топ жарған. Ақтөбе ауылындағы №109 қазақ орта мектебін 1994 жылы аттап, күнделігіне бестіктен басқа баға түспеген ол 2005 жылы үздік тәмамдады. Мектептегі «Қыран» атты оқушылар ұйымының президенті болды. Қандай да бір іс-шараға киім керек болса, Лаураның қасынан табыла кететіндер көп еді. Ақындығы бір төбе. Мүшәйраға баратын болсақ, шимай-шатпақ өлеңімізді әуелі Лаураға бір тексертіп, түзетіп алатынымыз бар. Айнаның алдына тұрғызып қалай мәнерлеп оқу керегін үйрететін. Ешкімді жатырқап, жатсынбайтын жастың шын мәнінде досы да жетерлік болатын.
Мектеп бітірген жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Тарих және қазақ филологиясы» факультетіне студент болып қабылданды. 2006 жылы кешенді тестілеудің нәтижесінде мемлекеттік грант иегері атанып, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Филология» факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бөлімінің студенті атанды. Студенттік жылдары жиі хат жазып, жазғы демалысқа келгенде міндетті түрде кездесіп, әңгімелесетінбіз. Онымен әрбір кездесу жаңашылдыққа, жақсылыққа ұмтылдыратын.
Оқушы кезден бастап мақала жазумен айналысқан ол әрбір жазылған дүниесін сақтай да біледі. Мақалалары жалпыуниверситеттік «Универ. Студент», «Абай университеті», «Білім көкжиегі», жергілікті «Қармақшы таңы», облыстық «Сыр мектебі», республикалық «Ұлан», «Жазира», «Қазақ және әлем әдебиеті», «Республика ұстаздары», «Қарыз бен парыз», «Түркі әлемі», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жетісу шұғыласы» газет-журналдарында жарық көріп келеді.
2009 жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасында өткен «Сөз-мерген» танымдық телесайысының жүлдегері. Студент кезінде «Универ. Студент» журналының редакторы, С.Сейфуллин атындағы өнер бірлестігінің ұйымдастырушысы, жалпыуниверситеттік «Жас қалам» ақындар үйірмесінің белді мүшесі болды. Бірнеше облыстық, республикалық телеарналардағы танымдық, пікір алысу бағдарламаларына қатысып, өз ойын еркін, көркем жеткізе білді. 2010 жылы Жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп, магистратураға түсті. 2012 жылы «Дүр Оңғардың әдеби мұрасы және ақындық орта дәстүрі» тақырыбында магистрлік диссертациясын сәтті қорғап, педагогика ғылымдарының магистрі ғылыми дәрежесін иеленді. 
Сыр өңірінің тумасы 2011 жылы Алматы облысы, Кеген ауданы, Қарқара ауылының Ермек есімді азаматына тұрмысқа шықты. Табиғаты бөлек талантты қыз жер жәннаты Жетісу өлкесінің келіні атанды. Кейде білім мен өнер жолындағы жандар үй шаруасына шорқақтау келетіні бар ғой. Өсіп-өнген әулетке, төрт түлігі сай, бие сауып, қымыз ашытатын, айран шайқап, құрт жасайтын отбасының тірлігін ауырсынбай, жас келіннің оны да ұршықша иіріп әкеткені таңқалдырды.
Лаура 2012 жылы еңбек жолын Қарқара ауылындағы мектепте мұғалім болып жалғастырды. Кейін ұстазы, диплом жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Тебегеновтің шақыртуымен Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасында әдіскер, оқытушы болып жұмыс істеді. Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияда ұстаздық қызмет атқарды. №180 жалпы білім беретін мектепте мұғалім болды. Қазіргі таңда көпбалалы ана. Таңнан кешке дейін жұмыста емес, үйде отырып, үйелмелі-сүйелмелі балаларының тәрбиесімен, олардың түрлі үйірмелерге қатысып, өздерін дамытуымен айналысады.
Үйде отырмын деп қаламнан қол үзген емес. Марқұм ақын-журналист Ибрагим Бекмаханұлымен бірігіп, «Ыспан қари» кітабын шығарды. Ибрагим Бекмаханұлы және этнограф-журналист Тынышбек Дайрабай дайындаған «Елім деп өткен ерлер» кітабының жарық көруіне атсалысты. Жақында әкесі Ғалым Сәдуақасұлы жайында «Өнегелі ғұмыр иесі» атты жинақ шығарды. Бос уақытында кітап оқып, танымдық бағдарламалар көріп, өлең шығарады.
Сөз соңында жағымды жаңалық. Лаура Бақтыбай жақында Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданып, қолына билетін ұстап, кеудесіне белгісін тақты.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА

29 маусым 2022 ж. 702 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 059

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031