Жастарға жігер берген бағдарлама
Игілігі мол бағдарламаның бірі – «Жасыл ел». Бұл жоба 2005 жылдан бері жүзеге асырылуда. Жалынды жастардың көмегімен құрылған бұл бағдарлама 17 жылдан бері жақсы нәтиже көрсетуде.
Жалпы бағдарламаның мақсаты – жастардың күшімен елімізді көгалдандыру, елді мекен айналасын жасыл ағаштармен көркейту, сонымен қатар жастардың Отанға, жерге деген махаббатын, патриоттық сезімін ояту. Ең бастысы – жастардың бос уақытын еңбекпен, тиімді өткізуге баулу. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағиданы өскелең ұрпаққа ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік те беріп отыр.
Бұл игілікті бағдарлама біздің ауданда да тиімді жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылдың 15 мамырынан бастап «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша маусымдық жұмыстар басталып та кетті. Бағдарлама аясында мамыр, маусым, шілде және тамыз айларында жастар уақытша жұмыспен қамтылады.
– Маусым айында жұмыс жасап жүрген «Жасыл елдік» сарбаздар көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Жастар «Этноауыл» саябағын қоқыстардан, арам шөптерден тазартуда. Маусым айында 75 сарбаз жұмыс жасауда. Сарбаздар бағдарлама аясындағы жұмыстардан бөлек, бос уақытын тиімді пайдалануға бағытталған іс-шараларға да белсенді қатысуда, – дейді «Жасыл ел» еңбек жасағының жетекшісі Гүлжазира Маханова.
Уақыт өткен сайын жалпыұлттық бастамаға үн қатып, қолдау білдіруші студенттердің, жалпы жастардың қатары артып келе жатқанын да тілге тиек етті. Қай дамыған мемлекетті алып қарасаңыз да, жастардың белсенділігі өте жоғары, бар шаруа жастардың жұмыла қатысуымен бітетіні белгілі. Сондықтан да еліміздің гүлденіп, одан әрі өркендеп, озық мемлекеттердің қатарынан орын алуында бұл бағдарламаның берері мол.
Биылғы «Балалар жылы» аясында «Жасыл ел» жасақшыларының басым бөлігі оқушылар қатарынан таңдалды. Олар жазғы демалыстағы бос уақытын тиімді өткізіп, өздеріне жаңа дос та тапқан. Көңілді ортамен араласып, қосымша қаражат тауып жүрген жастың бірі
Ақторғын Базарбекқызы. Ол – кент орталығындағы №121 мектептің 10 сынып оқушысы. «Жасыл ел» жасақшысы болып жүргеніне биыл бірінші жыл.
– «Жасыл ел» – біз сияқты жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, оларды еңбексүйгіштікке тәрбиелейтін еліміздегі бірегей бағдарлама. Оқуын аяқтап, жазғы демалысқа шыққан жастарға адал ақша табудың бірден-бір жолы. Жұмыс айтарлықтай ауыр емес. Барлығымыз бір үйдің балаларындай берілген тапсырманы бірлесіп орындап тастаймыз. Жұмыстың жүру барысы өте қызықты. Сонымен қатар бұл жерде тек жұмыс істеп қана қоймай, түрлі қоғамдық іс-шараға қатысамыз. Жасыл елдің мақсаты балаларды жұмысқа жегу емес, оларды руханилыққа, адамгершілікке тәрбиелеу. Дебат сайыстары, ер балалар арасында күрес, гір тасын көтеру, «Жігіт сұлтаны» секілді сайыстар өткізілді. Мұның бәрі жастарды жақсы жаққа тәрбиелейді. Жастардың осылай қоғам өміріне белсене араласқаны дұрыс. Сондай-ақ өзің ақша тауып, өз керегіңе жаратсаң, отбасың үшін де жеңілдік қой, – дейді Ақторғын Базарбекқызы.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)