Атадан берілген батылдық
Елдің әрбір ер жігітін нағыз азамат, тегеурінді тұлға ретінде қалыптастыратын, темірдей тәртіп пен адал жүректі болуға тәрбиелейтін бірден-бір орын – әскер. Иә, сарбаздар кірпік қақпай сапта тұрып, тайбурылдай тебініп қадам жасағанда кімді де болса таңқалдырары сөзсіз. Басқалардан бір ерекшелік бар әйтеуір, тартымды, сабырлы, құдды көз сүйсініп, патриоттық рух береді. Әттең, барлық жігіт сол жерде сап түзеп, елге, жерге деген сүйіспеншілігін сезінсе екен дейсің сондайда. Алайда, ол жердің табалдырығынан аттау, «Ұлттық ұланның» сайыпқыран сарбазы атану екінің біріне бұйыра бермейтін бақ.
![](/uploads/posts/2022-06/1655787481_39881beb-399f-4b07-9b6b-375b816938d5.jpeg)
– Балаларыма әрдайым тек шындықты айтуды, нендей жағдай болмасын өтірік айтпауды кішкентайынан айтып келемін. Айдын – тұңғыш немерем. Өзі кішкентайынан алғыр. Былтыр мамыр айында әскерге аттанды. «Барамын, өтеп келемін» деген өжет мінезі мені қуантып қойды. Жігітті ер қылатын, өмірге тәрбиелейтін, сабырлық пен төзімділікті бойына дарытатын – әскер. Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы. Балам қаңтар оқиғасына қатысты. Барлығымыз алаңдап, тақымымымзды қысып отырдық. Алдымен Алла, одан соң өзінің төзімділігі мен шыдамдылығының арқасында әскерден аман-есен оралды, – дейді жас сарбаздың атасы.
Атаның өзі Ішкі істер органында 25 жыл қызмет атқарған. Қазір сала ардагерлері кеңесінің төраға орынбасары. 15 жылдан аса жанына жақын кәсібімен шұғылданып келеді. Зайыбы екеуі 5 ұлды тәрбиелеп, ұяға қондырған. 16 немеренің қызық-қуанышын көріп отыр. Ұлы Қуандық Ермаханов та әке жолын қуып, ішкі істер органында адал қызмет атқарып келеді. Бақытты ата мен әже «Офицердің әкесі», «Офицердің анасы» медальдарымен де марапатталыпты. Осыдан болар, жас Айдын да елін қорғауға, адал қызмет етуге бала күнінен армандап келіпті. «Қазір енді мына кішкентайлар Айдын ағамдай боламын деп жүр» дейді ата сөз арасында.
Айдын Абзалұлы 2001 жылы дүниеге келген. №26 мектептен білім алған ол Қызылордадағы Ұлағат колледжінде оқуын жалғастырады. Сол жақта жұмыс жасайды. Одан соң бозбала әскерге аттанып, сол жақта Отан алдындағы борышын өтейді.
– Өтірік айтпасаң, ұрлық жасамасаң, ешкімге тиіспесең, сабырлы, төзімді, шыдамды болсаң – әскерден «таяқ» жемейсің. Барлығы өзіңе байланысты. Командирлер, сарбаздардың барлығы жақсы болды. Әскерге жастайымнан қызықтым. Сол арманым орындалып, Ұлттық ұланда сап түзедім. Жыл басында қаңтар оқиғасы басталды. Бастапқыда қорқыныш болды. Біз халықты қорғау үшін жүрміз ғой. Бәрі араласып, ала-сапыран болып жатыр. Өкініштісі, көпшілік бізге сенбеді, тіпті теріс түсінді. Айналада сақалдылар қаптап кетті. Өрімдей жас жігіттер жанұшырып қолдан келгенін жасадық. Өз қазағың көкірегіңнен итеріп, жауыз санағанда жаныңды қоярға жер таппайсың. Иә, мұның бәрі сол кездегі жағдайлар ғой. Осы оқиғадан тіпті арамызда сап-сау жүрген сарбаздардың ауылдарына жігіттер мүгедек болып оралғаны кездесті, – дейді Айдын өткенге сәл шегініс жасап.
Жақындарына айтпағанымен, жас жігіт бізден сол оқиғада аяғынан жарақат алғанын жасырмады. «Ер жігіттің басына не келіп, не өтпейді» дейді ол жайдары жүзімен күлімдей. Қаңтар оқиғасында көрсеткен осындай қайсарлығы, қасқайып қарсы тұрар мінезі, патриоттық рухы үшін марапатталған, "Ефрейтор" шенін алған. Ата-анасына да алғыс айтқан командирлердің ыстық лебізі отбасын бір марқайтып тастап еді. Әкесі Абзал мен анасы Гүлжанат та әскерден аман-есен оралған ұлына қарап шүкір етеді.
Бүгінде бұрынғы бозбала салмақты сөз саптап, азамат болып Отан алдындағы борышын адал өтеп келгеніне әулет түгел мәз. Иә, сарбаз болу әр жігітке жарасады. Сарбаздар аман болып, көздері қырағы, күштері қуатты болсын!
Айнұр ӘЛИ