» » Референдум – болашаққа бағдар

Референдум – болашаққа бағдар

Өткен аптаның жексенбісі еліміз үшін тарихи күнге айналды. Себебі бұл күні өткізілген конституциялық референдум  – тұтас мемлекеттің, бүкіл ұлтымыздың болашағына әсер ететін, жарқын келешектің іргетасын қалайды. Қарап отырсақ, қоғам арасында күрмеуі шешілмей жатқан күрделі мәселелер көбейіп кетті. Сол себепті Президент сөзден іске көшіп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын алға қоя отырып, осындай маңызды шешім қабылдады. Расымен де халық өзгерісті күтіп отыр. Бұл референдум – осы өзгеріс пен жаңашылдықтың бастамасы. Сайлауға қарағанда референдумның өзіндік ерекшелігі бар. Елімізде референдум соңғы рет 1995 жылы өткен. Демек араға ұзақ жылдар салып өткізіліп отыр.
Ал ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай референдумға белсенді қатысу – әрбір азаматтың басты борышы. Себебі бұл – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт. Бұл күні аудан бойынша 35 дауыс беру учаскесі жұмыс істеді. Заң талаптарына сай таңертеңгі сағат 6:00-де учаскелік комиссиялар өздерінің орындарында болды. Бұл уақытта біз де аграрлы-техникалық колледжде орналасқан №96 сайлау учаскесінен табылдық.  Сағат тура 7:00-де барлық сайлау учаскесінде салтанатты түрде мемлекеттік Әнұран ойнатылып, дауыс беру үрдісі бастау алды. Таңғы уақыт болса да жоғары жауапкершілікті сезінетін аудан халқы ертелетіп таңдау жасауға жиналды. Барлық сайлау учаскелерінде алғашқы келген таңдаушыларға сыйлықтар берілді. Осындай жанның бірі — Айнұр Каликова. Ол №96 сайлау учаскесінде алғашқы болып таңдау жасады. «Таңертеңмен арнайылап еліміздің болашағы үшін өз таңдауымды жасадым. Әрбіріміздің таңдауымыз елдегі өзгерістер үшін маңызды. Жаңа Қазақстан жаңа белестермен, жақсы өзгерістерімен халықты қуантатынына сенемін» дейді ол.
№96 дауыс беру учаскесі ресми түрде ашық деп жарияланған соң, дауыс берушілердің алғашқы легін бастап кент тұрғыны, автобазада ұзақ жылдар қызмет еткен 84 жастағы ардагер Әбдіразақ Пірмағанбетов келді.
– Елімізде орын алып жатқан саяси реформаға өз үлесімді қоссам деген ниетпен, ертемен келіп Жаңа Қазақстан құру жолындағы таңдауымды жасадым. Келешек жастардың қолында. Ел тарихындағы осындай саяси оқиғаның қатысушысы болғаныма, ел болашағы үшін жасалып жатқан реформаға өз даусым арқылы үлес қосқаныма қуаныштымын. Егде жасқа келсек те, немерелерімнің болашағы үшін елеулі өзгерісті қалаймыз, ел тағдырына алаңдаймыз.  Халқымыз аман болсын. Мемлекетіміз жасай берсін. Өзгерістердің барлығы оңынан болсын, – дейді ардагер.
Осы орайда елден ерте тұрып, маңызды істен қапы қалмағаны үшін қазыналы қарияға жасына қарамастан алғашқы дауыс берушілердің қатарынан табылғаны үшін сайлау учаскесінің төрағасы сыйлық табыстады.
Тілшілік тіршілігімізбен №94 дауыс беру учаскесіне келдік. Мұнда да дауыс берушілер тан азанымен ерте келе бастады. Соның бірі – темір жол саласының қызметкері, 60 жастағы Акбар Хамитұлы.
– Болашағымыз жарқын болсын, ұрпағымыздың өмірі айқын болсын деп дауыс бердім. Жаңа Қазақстанды құру жолында баршамыз атсалысуымыз керек. Міне, ерте тұрып келдік.  Қазір жұмысқа кетіп бара жатырмын, – дейді Акбар Байымбетов пікірін ашық білдіріп.
Айта кеткен жөн, бұл күні кент орталығында №1 және №2 кентішілік маршруттарда жолаушы тасымалдау тегін жүргізілді. Бұл қызметті тұрғындар күні бойы пайдаланды. «Референдумға барып өз таңдауымызды жасадық, енді өзге жұмыстарымызбен маршрутта тегін бара жатырмыз. Мұндай жеңілдік үшін ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз» дейді жолаушылар.
Референдумға дауыс беру үшін тұрғындар көршілерімен жиналып та, отбасы болып та келіп жатты. Осындай бірлігі жарасқан көше тұрғындарының бір тобы – Балқы Базар көшесінде тұрады. Ел болашағы үшін бірлесіп таңдау жасауға келген олар оң өзгерістерден үмітті екенін жасырмады.
Ел келешегі жастардың қолында дейміз. Өңір жастары да бұл күні белсенділік танытты. Солардың бірі – Жүнісовтер жанұясы. Олар өз таңдауын жасау үшін №99 дауыс беру учаскесіне Амандық Жүнісов пен жары Майра Жүсіпова арнайы келген.
– Мемлекет басшысы ел тарихына елеулі өзгерістер енгізуге байланысты осы жылдың 5-ші маусым күнін референдум екенін барлық БАҚ өкілдерінде мәлімдеген болатын. Бұл – біздің елімізде орын алып жатқан өте үлкен тарихи оқиға. Елдегі оң өзгерістер мен жарқын болашақтың бастамасы референдум деп ойлаймыз. Біз де азаматтық міндетімізді орындап, өз таңдауымызды жасадық. Жаңа Қазақстанда жарқын бастамалар жүзеге асатынына сенеміз, – дейді жас шаңырақ иесі.
Республикалық референдум күні ерекше жандардың дауыс беруіне Байқоңыр қаласында  3, Жосалы кентінде 1 инватакси қызмет көрсетуде. Науқан барысында аталған қызметті қажет ететін тұрғындар инватакси қызметіне жүгініп, өз таңдауларын жасады. Сондай-ақ аудандық ауруханасындағы қарт адамдарға, жүре алмайтын және қозғалуы қиын науқастарға арнайы дауыс беру жәшігі ұйымдастырылды. Аурухана емделушілері Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістерге дауыс беріп, ел болашағын айқындайтын кезеңде әрбір азаматтың дауысы маңызды екенін аңғартты.
Сонымен қатар әрбір дауыс беру учаскесінде референдум барысын бақылаушылар да болды.
– Қармақшы халқы  ҚР Конституциясына енгізілетін толықтырулардан құр қалмауда. Керісінше, белсенділік көрсетіп, маңызды істің жүзеге асуына мұрындық болуда. Ел ақсақалдары мен жастары біркісідей референдум учаскелеріне барып, азаматтық көзқарастарын танытып, дауыс беру үстінде. Таңғы 7:00-де басталған саяси науқанға тұрғындар жақсы пікірлерін білдіріп, келер ұрпақтың қамы үшін жасалғалы отырған өзгертулерді қолдайтындықтарын білдіруде. Дауыс беру учаскесінде де ешқандай заң бұзушылықтар орын алған жоқ. Барлығы жоғары дәрежеде, талапқа сай өткізілді, – дейді №99 дауыс беру учаскесінің бақылаушысы Айбек Жұмахмет.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

07 маусым 2022 ж. 510 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 383

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 462

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930