» » Нұрғиса мен Нұрсая

Нұрғиса мен Нұрсая

Әдеттегіше қарбалас жұмыс күнінде редакцияға немерелерін ертіп жас шамасы 70-ке жақындаған апамыз кіріп келді. Қуанышты жүзін көріп, жақсы жаңалықты жария етпекші-ау деп топшыладық. Қателеспеппіз. Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектепте үздік оқитын егіз немересінің бірі кеше ғана облыстық байқаудан жүлделі оралыпты. «Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» емес пе? Үнемі үмітін ақтап келе жатқан немерелерінің бұл жолғы жетістігін бүгіп қалмай, аудандық басылымға сүйіншілеп келген асыл әжені әңгімеге тарттық.
– Бір баланың өзін өсіру қиын уақытта егіздерді дүниеге әкелу, оларды қатарға қосу, тәрбиесін қадағалап, білімі мен өнерін шыңдау үлкен жауапкершілікті жұмыс. Мен әжесі ретінде қандай байқау мен додаға барса да демеушілік жасап, жолдарынан қалдырмауға тырысамын. Ал анасы әзірше жұмыс істемейді, бар уақытын осы егіздерге арнайды. Сабағын оқытады, қосымша үйірмелерге, өнер мектебіне жібереді. Денсаулықтарын күтеді, тәрбиесіне назар аударады. Мүмкін содан болар екеуі де қатарының алды, – деді ағынан жарылған Айымторы Келдібаева анамыз.
Иә біз айтып отырған өнерлі егіз оқушы – Нұрғиса мен Нұрсая Маханбетовтер. Олар №26 орта мектептің 6 «Б» сыныбында оқиды.
Небәрі 12 жастағы дарын иелерінің білім мен өнер сайыстарында алған марапаттарын тізіп жаза берсек бір мақала аздық етеді. Нұрғиса аудандық өнер мектебінің «фортепиано», Нұрсая «қобыз» сыныбында қосымша білім алады. «Парасат» республикалық білім сайты ұйымдастырған байқауда І орын, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Ұлттың ұлы мұрасы» халықаралық өнер және білім фестивалінің республикалық байқауында бас жүлде, «Жеті өнер» ІІІ халықаралық балалар мен жастар шығармашылық фестиваль-конкурсында айрықша өнері мен дарынды қабілеті үшін ІІ дәрежелі диплом алған. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Жас пионист», Дельфейлік ойындарының лауреаты. «Ақбота», «Мың бала» марафондарының жеңімпазы. Одан да бөлек қатысқан байқаулардан алған медальдары мен марапаттары бір төбе. Кеше ғана Балалар жылына орай ұйымдастырылған облыстық «Жас таланттар» байқауында І дәрежелі диплом алған. Нұрсая Абай, Шәкәрім оқулары мен «Бозторғай» балалар конкурсының лауреаты. Екеуі де «Жылдың үздік оқушысы – 2021» атағын жеңіп алған.
Анасы Ақмарал Қаржауова да өнерден құр алақан емес. Жасында әуез мектебінің домбыра сыныбын үздікке тәмамдаған. Балаларының аспапта дұрыс ойнауын, ноталарды шатастырмауын өзі қадағалайды. Ал Ақмарал әпкеміздің тұңғышы, егіздердің ағасы Қуаныш та осы өнер мектебінің үздік түлегі. Алдыңғы арба қалай дөңгелесе, арты сол ізді басатыны секілді Нұрғиса мен Нұрсаяның өнерге жақын болуы осыдан ба дейсіз. Нұрғиса болашақта өнер жолын таңдаса, Нұрсая дәрігер болсам деп армандайды. Бірінші сыныптан бүгінге дейін бірде-бір сабақтан төрттік алып көрмеген егіздер мектепті «Алтын белгімен» бітіруді мақсат тұтады.
«Нұрғисаның әрбір өнердегі жетістігіне фортепианодан дәріс беретін өнердегі ұстазы Салтанат Ақназардың, Нұрсаяға қобыз аспабының қыр-сырын меңгерткен Бақыт Серғазиеваның еңбегі зор» дейді анасы.
– Менің сыныбымның үздік оқушылары Нұрғиса мен Нұрсая – егіздер. Нұрғисаның мінезі ашық, мейірімді. 1-сыныптан бастап оқу озаты және өз білімімен ерекше көзге түсе білген оқушы. Берілген тапсырмаларды тиянақты орындап, мектепте өтетін іс-шараларға белсене араласады. Қоғамдық жұмыстарға жауапкершілікпен қарайды. Сынып ішінде, оқушылар арасында беделді. Кішіге қамқорлық танытып, үлкенге құрмет көрсетеді. Әдеби кітаптар оқығанды ұнатады. Мектеп іс-шараларынан бөлек Т.Салқынбайұлы атындағы өнер мектебінде өз өнерін шыңдап жүр. Ал Нұрсая сынып озаты. Қандай сабақ болмасын әрдайым дайындықпен келеді. Білмегенін білгенше асығады. Тапсырмаларды ең алғаш болып орындауға тырысады. Ақкөңіл, ашық-жарқын, әрдайым көңілді жүреді. Сыныптастары мен достарына қолынан келгенше көмектеседі. Мұғалімнің айтқандарын екі етпей орындайды. Тәрбие сағаттарында оқылған баяндамаларда сынып әкімі ретінде өз ой-пікірін ашық айтады. Анасы мектеппен, ұстаздармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Сабақтарына қатысып, қадағалап жүреді. Екеуінен де үлкен үміт күтеміз. Біз осындай оқушыларымызбен мақтанамыз, – дейді сынып жетекшісі, №26 мектептің мұғалімі Жұлдыз Ақбасова.
Дарынды балалардың қол жеткен табыс­тары – диплом, медальдарымен танысып, біраз мағлұматқа қаныққан соң әжесімен бірге ере келген егіздерді де әңгімеге тарттық. Орта мектептегі сабағымен қоса өнер әлеміне балалық қолтаңбаларын қалдырып келе жатқан өнерпаздар тартынып қалған жоқ. «Сабаққа бірге дайындаламыз, бір-бірімізге көмектесеміз, үнемі бірге жүреміз» дейді бауырмалдық танытып.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ (сурет)
21 мамыр 2022 ж. 543 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 413

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 490

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930