Татиды батырлардың басы мыңға
ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 77 ЖЫЛДЫҒЫ ҚАРСАҢЫНДА АУДАНДЫҚ КІТАПХАНАНЫҢ ОҚЫРМАНДАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ БӨЛІМІ «ЕСТЕ САҚТАЙМЫЗ! ЖЫЛДАР, ҒАСЫР БОЙЫ ҰМЫТПАЙМЫЗ!» АТТЫ ЖОБАСЫ БОЙЫНША ЖЕРЛЕСІМІЗ, АЯУЛЫ ЖАР, АСЫЛ ӘКЕ АЙЖАРЫҚ БАЙМАХАНҰЛЫ ТУРАЛЫ АЙТҚЫМЫЗ КЕЛЕДІ.
Жоба мақсаты – Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерді еске алып, олардың ерлік істерін оқырмандарға таныстыру.
Ұлы Отан соғысы әр үйге көз жасы мен қайғы әкелді, сұрапыл соғыс уақыты келді. Фашистермен күрес барлық жерде: аспанда, жерде, теңізде жалғасты. Халқымыз қандай азаптарды бастан өткерді: суық, аштық, азап, қорлық! Бірақ адамдар күнделікті ерліктерін жасап, аман қалды. Олар өмірден өлімге және өлместікке дейінгі жолдан өтті.
Айжарық Баймаханұлы 1909 жылы қазіргі Алдашбай ахун ауылы, Шал тамы деген жерде дүниеге келген. Алты жасынан Алдашбай ахунның баласы Омар Мақсұмнан ескіше сауатын ашқан. Кейіннен кеңес үкіметі орнағаннан кейін жаңаша сауаттанған. Алғаш ауыл колхозға біріккенде есепші бухгалтер қызметтерін атқарған. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін әскер қатарына шақырылып, соғыстың небір сұрапыл күндерін басынан өткерген.
«Әкеміздің соғыс аяқталғаннан кейін де көрген қиыншылығы аз болмаған. Соғыс тұтқыны болғандығы назарға алынып, қуғын-сүргінге ұшыраған. Туған еліне 1955 жылы ғана оралуға мүмкіндігі болды. Елге оралғаннан еңбекке араласып, өмірден озғанша еңбектен қол үзбеген» дейді Айжарық атамыздың баласы Әбдіғани.
«Мен намазға жығылған болатынмын. Бір күні төрімізде үнемі ілулі тұратын Құран кітапты қолыма ұстағанымда арасында ескі арабша жазылған күнделік тауып алдым» дейді Әбдіғани өткенді еске түсіріп. Сөйтіп күнделікті үйдің үлкендеріне көрсетіп, кейін Райыс ағасы Қытайдан келген қазақ жігітіне аудартады. Ол арабшадан аударғанда 90-беттен тұратын «Сұрапыл жылдар жырлары» атты кітабы 2011 жылы өлең-дастан болып шығады. Әке үмітін ақтаған ұрпаққа тағзым дейміз.
– Әкеміз өте сауатты, мінезге бай, біреуге дауыс көтеріп көрмеген, жүрегі адал кісі болған. Есігі туыс, дос жақындарына қашан да ашық болатын. Біздерді де солай тәрбиеледі. Соғыс туралы айтпаушы еді, сірә ол туралы естеліктер тым ауыр болса керек, – деп ұрпағы әке тағдырын үлкен хикмет санайды. Тауып алған әлгі күнделік балаларына үлкен әсер еткендей.
Сол күнделік менің қолымда. Оқып отырып еріксіз көзге жас келеді. Сондай адамдардың айтылмай жатқан тағдыры қаншама.
Айжарық аға 1942 жылы соғысқа аттанған. Оған куә күнделіктегі мынадай өлең жырлары:
«Ауданым Қарамақшы еді өскен гүлі,
Қаз қонып, үйрек ұшқан айдын көлі.
Колхозым Карл Маркс номер тоғыз,
Құралған жүз елудей барлық елі.
Санада қырық екінші болды жылы,
Повеске әскерлікке жарты парақ.
Ауданнан келді он бесінші июнь күні
Жас шегі отыз бес пен он сегізге
Сұрқы өте асығыс, көрсек түрі.
Бұл кезек келді бірге біздің басқа
Қоштастық үлкен кіші, қарындасқа.
Аман бол, жолыққанша қайыр қош деп,
Толтырдық жылауменен көзді жасқа». Сөйтіп, Қармақшыдан барлығы 1500 адам жиналған.
«...Сол күні кідірместен тынбай жүрді,
Сұлутам Қазалының стансасы.
Соған біразырақ келіп тұрды,
Мұнан да жиған екен көп халықты
1000-дай кісі болып жиналыпты».
Қазалы стансасынан да 1000 кісі жиналады. Осылай жүріп отырып Арал қаласынан да бес жүз қазақты жинаса, Ақтөбе, Шалқардан да қазақтар Ресей жеріне шекара асып кетеді.
Айжарық аға Псков, Ивановада оқу-жаттығуда болады, бірге барған Аяған, Шәймерден інісі мен жолдасынан осы арада бөлінеді. Мұнда әбден әскери тәртіпке үйренеді және стансада тұрақтап осында қазақ жігіттерімен бірге Куйбышевтың Золина стансасына, Қазаннан әрі Суретч стансасында бір ай соғысқа дайындалады.
«Вагонда мұсылмандар шуылдайды,
Қолда деп, ұлы аруаққа деп сыйынып.
Бұл жерден төмен поезд жүрді беттеп,
Осындай жүріспенен жүрдік төрт күн» деп Мәскеу қаласына, одан өртке оранған, бірнеше күн немістер тұрған Каменьскийге нағыз соғыстың ортасына түседі.
«Командирлер айқайлап,
Түсіңдер деді халыққа.
Фронт жақын осы жер,
Сақ болыңдар бәріңде
Кірдік деді қауіпке.
Табанның тері сойылды.
Осымен кештік өмірді.
Қалың орман ішінде
Үш мың кісі саны бар
Бес күн ұдай жол жүріп.
Жеттік деп халық отырды.
Қажыған жұрт, жаурадық
Тік тұрдық жүкті арқалап.
Осылай болды халіміз
Көрінді көзге жанымыз.
Самолет келіп тағы да
Жидырмайды есіңді.
Төбеден төмен ағып қызыл қандар,
Сарқырап жылғамен толды сайлар.
Адамның өліктері жатты солай,
Аяқ қол тәннен кетіп ажыраған.
Өліктен, қадам бассам сүрінемін,
Аяғым жерге тиеді аннан саннан.
Таң атып дүние жүзі райланды,
Қарадым түрегеліп айналамды.
Алыпты қоршап неміс, совет жағын.
Бекітіп жолын тегіс, барлық маңды.
Көп адам менен басқа және болды
Сол жерге ұстап әкеп қалғандарды.
Амал жоқ, не қыламыз түстік қолға
Адастық жол таба алмай оң мен солға» деп жырлайды.
Айжарық әкеміз өлең жырында фашистерден көрген қорлығын былай суреттейді:
«Бұрыннан келе жатқан өші бардай
Әкеліп ат қораға қойды қамап.
Бермеді ол күнде де тағы тамақ
Көп екен осында да тұтқын сорлы
Немістер азар беріп жүрген сабап.
Көпшілік ақыретті тағы көрді,
Таяқ жеп стройда талай өлді.
Барлығынан аяқ киім сыпырып ап,
Киюге ағаш кебіс әкеп берді.
Жүргенде тағалы аттай тарсылдайды,
Тұрғанда стройда қалшылдайды.
Шіріген картошкіге жүгіреді,
Көріп пе ең бұрын сірә осындайды.
Тұтқындармен Айжарық аға Литва арқылы Германияға әкелініп, «коминоломка» тас оятын жұмысқа жегіледі. 1945 жылы Францияда Марсель қаласына айдалады.
Соғыс бітіп сол жерден Айжарық ағамыз тұтқындармен Отанына, Сібірге Кросноярск өлкесіне қайтарылады. Онда «Отанын сатқан» деген айып тағылып, сол жерде тұтқында болады. Түрлі қиын жұмыстарға жегіледі. Тарихқа үңілсек, Отанға қайтарылған соғыс тұтқындарының көпшілігі Қазақстан, Орта Азия халықтарының өкілдері еді. Кейбіреулер туған өлкелеріне қашқанымен ұсталып, жазаланды, атылды. Әскери тұтқындар шахта ауласында барақтарда қатаң күзетте өмір сүрген. Яғни біздің қандастарымыз ең ауыр да азапты жұмыстарға жегіліп отырған.
Қойын дәптердің парағына араб қарпімен жазылған бұл күнделік аумалы-төкпелі заманда ғұмыр кешкен, бірақ қиындықтарға қарамастан алға ұмтылған қайсар қазақ жігітінің өмірінен белгі береді.
Айжарық Баймаханұлы Сталин қайтыс болғаннан кейін 1955 жылы Г.Маленковтың бұйрығымен рақымшылыққа ілініп, ауылға оралады.
Екінші дүниежүзілік соғыстағы әскери тұтқындардың тағдыры әлемдік тарихтың ең бір қасіретті беттерінің бірі. Соғыстың зардабы орасан зор әрі ауыр болды. Тек 1942 жылдың ақпанына дейін немістерге тұтқынға түскен кеңес әскерлерінің саны 3,9 млн адамға жетті, олардың 2,8 млн қырылып қалды. Бұл сұмдық факт көпке дейін бүркемеленіп келді. Кеңес өкіметінің тарапынан ұстанған қағида бойынша, яғни «бізде әскери тұтқындар жоқ, сатқындар бар» деген ұстаным миллиондаған тұтқындардың тағдырына сұмдық зардабын тигізді. Соғыста 350 мыңнан аса қазақ өз еліне қайтпады, олардың біразы тұтқынға түссе біразы майдан даласында қаза тапты. Жаудың қоршауына ұшырап, қолға түсіп қалған жауынгерлердің тағдыры қатты өкіндіреді. Неміс лагерьлерінде тұтқындар құбыжық жағдайында ашық аспан астында ұсталды. Олар немістің концлагерінде болып, жаудан бір жапа шексе, одан келіп алып, кеңестік лагерьлерде қорлық көрді. Енді сол тұтқындар ұмытылып барады. Олардың тарихтағы лайықты орнын беру әділеттілік болмақ.
Айжарық Баймаханұлы Зылиқамен бас қосып Рая, Райыс, Райхан, Әбдіғани атты балаларды тәрбиеледі. Елде ұзақ жылдар бойы тұрмыс қажетін өтеу мекемесінде тон, ішік, қазақы шапандар тіккен атақты тігінші болған. Тұтынушылар одағы мекемесінде де жұмыстар жасаған. Ақындық өнері болған. Арабша хат жазып, аударған.
Айжарық Баймаханұлы 1981 жылы 72 жасында қайтыс болды.
Бүгінде әкесінің шаңырағына Әбдіғани баласы ие болып отыр.
Сөзімді жерлесіміз ақын Әбсәләм Омаровтың «Айжарық ағаға» деп аталатын өлең жолымен аяқтағым келеді.
«Татиды жомарт жанның басы мыңға,
Төзеді қиындыққа әрбір сынға.
Үлгі алсын бүкіл әлем біздің елден,
Қазағым шығары анық биік шыңға.
Халқына әр уақытта адал ісі,
Салмақты мейірімді жан пейілі кіші.
Намысы табысынан болған биік,
Сарқылмас ешқашан да қайрат күші.
Жасынан болған шебер әрі зерек,
Жар болған жаббар егем желеп жебеп,
Артында өшпейтұғын із қалдырған
Мінеки абыз жаннан шағын дерек».
Л.СЫЗДЫҚОВА,
аудандық кітапхананың
оқырмандарға қызмет көрсету
бөлімінің меңгерушісі
аудандық кітапхананың
оқырмандарға қызмет көрсету
бөлімінің меңгерушісі