Сенбілікке 2 ай: Нәтиже қандай?
Бірнеше аптадан бері аудандағы мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, сенбілікке шығып жүр. Иә, ауданның жай-күйі оның тазалығынан байқалады. Дегенмен бүгін ғана тазалап, қоқысын жинап кеткен көшеде келесі апта тағы бір қоқыстың мүйіші шығып тұрады. Шашатын тұрғын, жинайтын қайсы? Талай мәрте қоқыс шашпау жайында үнқағаз таратып, апта сайын сенбілікке шығып, көше тазалығын сақтап келеміз. Бұған да 2 айдың жүзі болыпты. Нәтиже берді ме?
Ауданда 19 наурыз бен 19 мамыр аралығында көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалықтың 2 айлығын өткізу жоспарланып, іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Онда мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауын іске асыру мақсатында аудан бойынша биыл да елді мекен ішінде 11 606 дана және жасыл белдеулерде 13 750 дана ағаш көшеттерін отырғызу, «Birge Taza Qazaqstan» атты жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында тазалық, сенбілік жұмыстарын жүргізу, елді мекен аумағында шоғырланған тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды арнайы полигондар мен полигон үшін берілген жерлерде орналастыру шаралары қамтылған.
4 мамырда қолымызға тиген мәлімет бойынша, сенбілік жұмыстары барысында аудан көлеміндегі елді мекендер ішіне 6550 түп және жасыл аймақтарда 8143 түп ағаш көшеттері отырғызылған. 3200 м3 күл-қоқыстар арнайы орындарға шығарылып, 91 шақырым аяқ су жолдары мен аяқ су өтетін трубалар тазаланып, 10 100 метр темір шарбақ сырлары жаңартылыпты. Аудан тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, 1 100 тұрғын үйдің сырты мен 7 870 дана ағаш түптерін әктеу жұмыстары жүргізілген екен.
Мамандардың айтуынша, аудан елді мекендерін суландыру мақсатында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына берілген ұсынысқа сәйкес, биыл облыстық бюджеттен 3 дана электрлі насос алынып, аталған басқарма тарапынан Дауылкөл және Жосалы ауылдық округтеріне жеткізілген.
Бұдан бөлек үкімет резервінен ауданға 8 дана электрлі және 9 дана дизельді насосқа қаржы бөлініп, бүгінде Алдашбай ахун ауылдық округі мен Жосалы кентіне 2 данадан электрлі СНП 500/10 маркалы насостар жеткізіліпті.
Ауданды көгалдандыру мақсатында бекітілген жоспарға сәйкес ағаш отырғызу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Мәселен, биыл жоспарланған 25 356 дана ағаштың қазіргі таңда 81 проценті орындалыпты, яки 20 539 түп ағаш көшет пен қаламша отырғызылған.
Жалпы ауданда 14 елді мекен болса, оның ішінде 2 кент, 12 ауылдық округ бар. Осы аталған елді мекендердің ішінде Жосалы кентіндегі тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын полигон құрылысы 2011 жылы аяқталып, 2016 жылы Жосалы кенті әкімі аппаратына пайдалануға берілген. Ақай ауылдық округінде қатты тұрмыс қалдықтарын тастайтын полигон құрылысы 2011 жылы салынып, 2012 жылы Ақай ауылдық округі әкімі аппаратының теңгеріміне берілген. Ал қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат 2014 жылғы 22 ақпанда алғандықтан, 2013 жыл көлемінде қалдық тасталмаған. 2014 жылдан бастап қолданыста екен. Ал қалған 11 елді мекендерде облыс әкімдігінің 2015 жылғы 7 желтоқсандағы №252 қаулысына сәйкес елді мекендерден 3 шақырым қашықтықта 1,5-2,0 гектар көлемінде жер белгіленіп, жер құжаттары алынған.
Ауданда көркейту-көгалдандырудың 2 айлығы басталғалы сенбілік жұмыстары серпінді жүргізілуде. Тазалық жұмысы барысында мекеме, сауда орталықтарының айналасы абаттанып, көшелер күл-қоқыстан тазарып, артық шөптер шабылды. Иә, ауламыз бен есік алды бірінші көзге түсетін тазалықтың айнасы. «Жұғын бар жерде – шыбын бар, Шыбын бар жерде – шығын бар» дейді. Берекенің келетін жолы тазалықпен де байланысты. Тазалық, көркемдік, жайлылық. Бұл әрбір адамға керек. Күнделікті көңіл-күйіңнің қандай болмағына да осы жағдайлар әсер етеді. Шынында да, жаздың аптап ыстығында жасыл-желекті көрсең жаның жай тауып, тынысың кеңіп қалатыны рас. Ал қоңыр күз көңіл құлазытып, қыс айлары қыспаққа алғанда мұндай әсерден тек тазалық қана құтқара алады. Ендеше тазалықты өзіңізден бастап, ізіңізден ерген балаңызды да соған баули біліңіз.
Айнұр ӘЛИ