Елдің алғысы шынайы баға
Жай күнде мән бере бермейтін медицина қызметкерлерінің еңбегін бағалау ел басына күн туған пандемия кезінде анық байқалды. Сол пендемия қарапайым халыққа біраз шындықтың бетін ашып, медперсональдың қадірін білуге үйреткендей. Сындарлы сәтте кәсібін жоғары деңгейде атқара білген Төретам ауылдық ауруханасының аға медбикесі Айзада Бодықова медбикелердің мерейлі мерекесіне зор табыспен келіп отыр.
А.Алшанқызы Қармақшы ауданында 1972 жылы өмірге келген. Орталықтағы Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектепті бітіре сала Ақтөбе мемлекеттік институтынан алғаш рет ашылған медбикелік факультетке оқуға түседі. 1991 жылы оқу орнын тәмамдап, аудандық аурухананың терапия бөліміне жұмысқа орналасады. Араға бірер жыл салып өмір заңымен Төребай би ауылына келін боп түсіп, Ақәділ атты азаматқа тұрмысқа шығады.
Бүгінде бақытты отбасының үш баласы да бой түзеп, үлкендері еңбекке араласа бастаған. Данияр мамандығы бойынша қызмет істесе, Бибінұр ана жолымен мейірбикелікті таңдап, ол да осы саланың шыңына шықпақшы. Нұрдана сегізінші сыныптың озат оқушысы.
Жанұя 2001 жылы отбасы жағдайымен Төретамға қоныс аударады. Ол кезде құрылымдық бөлімше болатын деп еске алады Айзада Алшанқызы.
«Осы жылы бөлімшенің жедел жәрдем бөлімі ашылды. Жұмыс іздеп отырған маған бұл оң жамбасыма дөп келіп, күтпеген жерден жедел жәрдем диспечері болып жұмысқа қабылдана кеттім. 2003 жылы Төретам ауылдық ауруханасы атауымен Ақайдан аурухана ашылған-ды. Алғашында терапия, балалар және перзентхана бөлімдері болған еді. Мен перзентхана бөлімінде балалар мейірбикесі болып жұмыс ауыстырдым. Онда 2007 жылға дейін сәбиді орап шығару, екпе салу сияқты жұмыстармен айналыстым. Бұл бөлім жабылған соң, әрі қарай әйелдер гинекологиясы бөлімі болып жұмысын жалғады. Осы бөлімде он жыл қатарынан медбике болдым. 2017 жылдан бастап Төретам ауылдық ауруханасының аға мейірбикесі болып тағайындалып, өзіме жүктелген жұмысты қолымнан келгенше көтеріп келемін» дейді ол еңбек жолына көз салып.
Айзаданың сөзіне қарағанда оның медицинаға бейімі бала кезінен-ақ сезілген. Орта сыныпта оқып жүргенде дос қыздарының құлағын тесіп, сырға тағып беретін болған. Ине шаншуды да сол кезден жақсы көре бастапты. «Әкем мені дәрігер қыламын деп медициналық институтқа апарды. Бірақ одан жолым болмай, соңғы емтиханнан өте алмадым. Дегенмен, талабымнан таймай медбикелікке құжат тапсырдым. Бізге диплом тапсырғанда оған «Ақтөбе мемлекеттік институтының «Медбикелік ісі» факультеті» деп жазылған. Сонда бізге ол жақтағы ұстаздарымыз диплом тапсырарда сендер аға немесе бас медбике боласыңдар, сендердің дипломдарың жоғары оқу орныныкі деген. Сол айтқандай маған аға, бас медбикелікке ұсыныстар түсіп жүрді. Бірақ оған балаларымның жас болуына орай өзім қарсылық білдіріп келген едім» дейді Айзада сырымен бөлісіп.
Оның жұмысқа деген жауапкершілігі мен адамдарға деген жылы ықыласы басшылықтың бұрыннан назарында жүрген. Түскен ұсынысты бұл жолы қайтармай, толысқан тәжірибесінің жеміс берер дер шағы келгенін өзі де іштей сезіп, 2017 жылы Төретам ауылдық ауруханасының аға мейірбикесі қызметін қабыл алады. Әрбір іске жауапкершілікпен қарайтын аға мейірбике ұжымдағы қызметкерлердің ауызбірлігін ұршықша иіріп, әп дегеннен дөңгелетіп әкетеді. Ұжым мүшелері де оның жайдары мінезін қош көріп, қолдау білдіреді. Әйтпесе жетпіске жуық адамы бар мекемені ұйымдастыра білу оңай шаруа ма ол тұста.
– Көпшілікпен жұмыс істеу жеңіл емес. Әуеліде жетпіс адаммен қызметтес болдым. 2019 жылдан бастап бізді Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасына қосты. Бірнеше бөлім сол жаққа қарағаннан кейін қазір азайып, қырық бестей қызметкерміз. Енді атқарар шаруама келсем, таңертең ерте келемін. Қызметкерлердің жұмысқа келу уақытын бақылаймын. Себебі жұмысымыздың сапасы алдымен тәртіпке байланысты. Бөлімшелердің тазалығын қарап, түнгі ауысымның күндізгі ауысымға қалай жұмыс тапсырғанын, дәрі-дәрмек пен жазба журналдарын тексеріп шығамын. Сөйтіп қабылдап аламын. Күнделікті дәрі-дәрмектерін беремін. Көпбейінді ауруханаға қарайтындықтан ол жақтан керекті медпрепараттарды әкелемін. Одан өзге тапсыратын есептеріміз бар. Ай сайынғы кезекшілік еңбек кестесін қоямын. Семинар сабақтар мен жиналыстар бар. Осы жұмыстарды қадағалап отыру – менің мойнымда. Отбасында отағасы мен балаларым үнемі қолдайды. Ұжымда да қолдаушым жетерлік. Олардың қатарынан қабылдау бөлімінің мейірбикесі Гүлзат Нұрмаханқызы мен күндізгі бөлімнің мейірбикесі Малика Нағашыбайқызының есімдерін айрықша атап өткім келеді, – дейді ол әріптестерінің еңбегін бағалай.
Әрбір мамандықтың өзіне тән ерекшелігі болады десек, кейіпкеріміздің де бұл тұрғыда жастарға айтары бар.
«Мейірбикелік – бұл таза жұмыс. Өзім де қызымның осы саланы таңдауына себепші болып, жастайынан баулыдым. Ол бүгінде Байқоңыр медициналық колледжін бітіріп, еңбек жолын бастады. Өзімнен кейінгі сіңлілеріме де, басқа да жастарға медбикелік керемет мамандық екенін айтудан жалықпаймын. Үлкен кісілердің батасын, халықтың алғысын алып жүру бір ғанибет. Жұмыстан кейін де қарап қалмаймын. Науқастарға ине шаншып, дәрі қойып кетемін. Алла тағаламыз ешкімді ауыртпасын. Қолымнан келсе көмегімді бергім келіп тұрады. Екі жыл бойы пандемияда қандай қиыншылықтар болды. Қаншама адам ауырып, қаншама аға-апамыздан, бауырымыздан айырылып қалдық. Ем-шара жасап кеткен соң үйге келгесін де сол адамның құлан-таза жазылып кеткенін Құдайдан тілеп отырамын. Алғыс алатын кез аз болмайды. Жұмыстан шаршап келіп тұрсам да, түнгі он екіге дейін көрші-көлем, ағайын-туысқа өзім барып ем шарасын жасап келемін. Мамандық таңдаудан жолым болған жанмын. Аға мейірбике болып жүргеніме бес жыл болса да, қолым шығып кетпесін деп бос уақытымда осылайша қызмет көрсетемін» дейді кейіпкеріміз.
Оның айтуынша медбике дегеніміз – дәрігердің оң қолы. Барлық жұмысты мейірбике істейді. Дәрігер ем тағайындаса, оны әрі қарай халықпен жұмыс жүргізіп әкететін медбикелер. Дәрігердің жұмыс сапасын көрсететін де осы медбикелер. Түскен науқастарға жылы қабақ танытып, дәрігер тағайындаған ем шарасын айнытпай орындау мейірбикенің құзырындағы талап. Бізде медбикенің бәрі тамырға жақсы түседі, өз ісін сүйетін кәсіби шеберлер. Ұжымға ризамын. Шағын аурухана болсақ та, келген науқастар ризашылығын білдіріп жатады. Емделушілерге емнен де гөрі жылы сөз бен ниеттің маңызын біздікілер бес саусағындай біледі дейді ол әріптестеріне сенім арта сөйлеп.
– Мерекеде барша әріптесіме айтарым, ақ халаттарыңызды кір шалмасын. Ақ халатқа тән аппақ болып жұмыстарыңызды адалынан атқарып, халыққа сапалы қызметтеріңізді ұсына беріңіздер. Ақ маржандай жарқырап жүріңіздер. Науқастарды күліп қарсы алып, жылы пейілмен емдеп шығарып салыңыздар. Елдің алғысы – еңбегіміздің шынайы бағасы екенін естен шығармайық. Төл мереке құтты болсын. Мерекеде арамызда байқау өткізілмекші. Сол байқаудан жеңімпаз атанайық, – дейді ол сөз соңын құттықтаумен аяқтап.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК