» » Денсаулық қызметшісі

Денсаулық қызметшісі

«Әуелгі байлық – денсаулық» деп қазақ атамыз айтқандай, ауырып сырқаған адам денсаулықтың қадірін жақсы білетін болар. Осынау баға жетпес байлығымызды сақтап, ауырып қалғанда алдымен жаныңа ем-шипасын жүргізетін денсаулық сақшылары емес пе?! Сол себепті де олардың ерен еңбегі әрдайым да қадірлеп-қастерлеуге тұрарлық. Денсаулығымыз сыр беріп, жанымыз мұрынның ұшына тығылғанда да осы кісілердің аялы алақанынан дәру іздетінімізді қалай жасырайық. Сондай аялы алақан иесінің бірі – Байқоңыр қаласының көпбейінді орталық ауруханасы аймақтық бөлімінің жалпы тәжірибелік мейірбикесі Нұргүл Төлепбаеваның есімін құрметпен атауымызға әдбен болады.
1969 жылы Сартоғай разъезінде дүниеге келген ақ халатты абзал жан он жылдықты бітіріп шығып, 1986 жылы Қызылорда қаласынан медицина училищесіне оқуға түседі. «Балалар бөлімінің мейірбикесі»  мамандығы бойынша қолына диплом алған жас содан беріде халық денсаулығының қалтқысыз қызметшісі атанып келеді. Еңбек жолы Байқоңыр (бұрынғы Ленинск қаласында) қалалық аурухана басталған жас маман осы денсаулық мекемесінде 1988-2015 жылдар аралығында абыроймен қызмет атқарады. 2016-2017 жылдары Ресейдің Оденцова қаласындағы әскери госпитальде жұмыс істесе, 2018 жылдан қазірге дейін Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасының аймақтық бөлімінде жалпы тәжірибелік мейірбике ретінде қала, аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуде.
Бір айтарлығы, Нұргүл Дәужанқызы бала кезінен дәрігер болуды армандаған. Бірақ жарық дүниеде пенденің барлық арманы орындала бере ме?! Ол мақсатына жете алмаса да, медицина саласынан алыстамай, бүгінде өз мамандығының шебері атанған жайы бар.
«Негізі дәрігер болуды армандаған едім. Ол арманыма жете алсам да сол саладан алыстап кетпедім. Дәрігер мен медбике қанаттасып жұмыс істейтін мамандықтар. Дәрігер тапсырма берсе, оны мүлтіксіз шашау шығармай таза орындап шығу – медбикенің басты жұмысы. Ұзақ жыл осы саланың қыры мен сырына қанығып келемін. Кезінде жас маман болсақ, қазір білікті маманның қатарынанбыз. Адам уақытпен тәжірибе жинайды. Бөлімге келген жастарға білгенімізді, жинаған мол тәжірибемізді үйретуден шаршаған емеспіз» дейді ол ақжарма ниетте.
«Маман болу бар да, адами қасиетте болу және бар» деп даналық әліппесі айтпақшы, кейіпкеріміздің кәсіби деңгейлі маман болуымен қатар оның адамгершілік қасиетіне де әріптестері дән риза. 
– Еңбек өтіліме қарап отырсам, отыз төрт жылдай болып қалған екен. Осы жылдарда ұжымға сіңісіп, қатарымның алды болуға тырыстым. Әуелгі қойған мақсатым – училищеде алған білімімді адал еңбекпен ұштастыру болды. Медицина ұйықтап, қалғуды көтеретін сала емес. Оған әркез шалт қимыл, жылдам шешім керек. Қателесуге, мүлт кетуге болмайды. Себебі таразыда адам өмірі мен тағдыры. Өзімді осы үдеден шыға алдым деп есептеймін. Аға медбике де болдым бір кездері. Шүкір деп айтайын әріптестерімнің бәрі сыйлайды. Мен де оларға сыйластықпен қараймын.
Менің жұмысым – өзіме бөлінген аймақты аралап, бала туғаннан бастап он сегіз жасқа дейінгі жастардың денсаулығын бақылау. Көше, үйлерді аралап, қажетті жұмыстар жүргіземіз, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Н.Дәужанқызы бастапқыда аймақтық бөлімге мейірбике болып келгенде аздап қиналғанын айтады. Оны 28 жыл бойы стационарда жұмыс істегенімен байланыстырады. Сала бір болғанымен, екі қызметтің айырмашылығы өте көп көрінеді. Мұнда баламен жұмыс істеудің өзі медбике үшін үлкен жауапкершілік болып табылса керек.  Бала өмірге келгеннен бастап жасөспірім жасқа жеткенше олардың денсаулығына назар аудару, ауырып қалмауына жол бермеу басты міндет. Әсіресе скринингтік тексеруге шақырып, одан уақытылы өткізіп  отыру медицина қызметкерлеріне қойылатын негізі талаптың бірі. Айтары сол, осы тексерісте денсаулығында кінәраты бар балалар анықталып жатады екен. Диагнозы анықталғанда дәрігермен бірлесе отырып, диспансерлік тіркеуге алу, сондай-ақ  перзентханадан шыққан сәбилердің үйіне барып қадағалау жүргізу де осы аймақтық бөлімнің тәжірибелік медбикелеріне жүктелетін зор жауапкершілік.
– Сәбилердің ата-анасымен жылы қарым-қатынаста болып, олардың жағдайын сұрап біліп отырамыз. Қосымша чат ашып қойғанбыз, онда да жұмыс қызып жатады. Бір жасқа дейінгі сәбиі бар аналармен тығыз байланыс орнатқанбыз. Ауырған жағдайда өз тарапымыздан кеңес беріп, не істеу керегін айтамыз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегендей, аурудың алдын алуда да іс-шаралар жүргіземіз. Атқаратын жұмысымызды тізбектей беретін болсақ, әрі қарай да жалғастыруға болар. Жалпы елімізге адал қызмет етіп жатырмыз деп ойлаймын.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, ұжымның бөлім меңгерушісі, жас та болса мамандығын кәсіби деңгейде меңгерген Гүлзинат Теңелбаеваға,  осы емхана ашылғалы бері бірге қанаттасып қызмет етіп келе жатқан Амандық Айтбақов және Маржан Жалғасбаева секілді тәжірибелі дәрігерлерге, Айнаш Өтегенова, Әлия Ақмамбетова, тағы басқа да әріптестеріме ризалығымды білдіремін.
Жылына бір келетін төл мереке асыға күтетініміз рас. Осы ретте ұжымдастарым мен әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын. Адам өмірін сақтау мен қорғау ісінде біліктілік танытып, абырой биігінен көріне берулеріне тілектеспін. Еңбектеріне табыс, дендеріне саулық, отбастарына бақ-береке тілеймін, – дейді ол әріптестеріне ақжарма тілегін жеткізіп.
Кейіпкеріміздің отбасында медицинаны таңдаған тағы да екі адам бар. Бірі туған ағасының қызы Мая Болатбекқызы Қаскелеңде жалпы тәжірибелік дәрігер болып еңбек етсе, бірі өзінен кейінгі тете сіңлісі  Гүлгүл Дәужанқызы балалар емханасының хирургия бөлімінде  медбике болып қызмет атқарады.
Нұргүл Дәужанқызы екі бірдей қызғалдақтың анасы. Мақпалы мен Әселінен Елтінді, Рахат, Ерасыл, Айяби, Нұрәли есімді немерелер сүйіп отырған асыл әже. Ол әйел-ананың бақыты адал еңбегі мен отбасындағы бала қуанышында деп есептейді.
С.РАЙЫМБАЕВА
12 мамыр 2022 ж. 795 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 054

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031