Парыз бен қарыз
НЕГЕ ЕКЕНІН ҚАЙДАМ, «ҚАРМАҚШЫ ТАҢЫ» ГАЗЕТІН ҚОЛЫМА АЛСАМ НЕМЕСЕ АТЫН ЕСТІСЕМ БОЛДЫ, ЕСІМЕ БІРДЕН БАҚЫТ ҚАНАЛИЕВА АПАМ ТҮСЕДІ. СЕБЕБІ, МЕН ҮШІН АТАЛҒАН БАСЫЛЫМ МЕН ҚАЛАМГЕР – ЕГІЗ ҰҒЫМҒА АЙНАЛҒАН.
Әлі есімде, ол кезде бесінші сыныптың оқушысы болатынмын. Бастауыштан орта буынға енді ғана қадам басып жатқан кезіміз. Бірде мектебімізге математика пәнінен жаңа мұғалім қызметке қабылданды да, аталмыш пәннен тура біздің сыныпқа сабақ беретін болып бекіп келді. Оң-солымызды әлі дұрыс танымаған, балдай тәтті балғын шақпен аңғармадық па, кім білсін, жаңадан келген жас мұғалім бәріміздің ебімізді тапқан сыңайлы. Өзі әдебиетке жақындығын айтып, оған икемі барларға ақылын айтуға да уақыт табады. Не керек, біз математик апаймен тез тіл табысып кеттік. Сөйтіп жүргенде, республикалық «Ұлан» газетінің сол жылғы ақпан айындағы нөмірлерінің бірінде әлгі мұғалім туралы мақалам жарық көре кетпесі бар ма? Менің жазған хатымның әбден редакцияланғаны көрініп тұр. Ұзынсонар жазған хатымды небәрі бес-ақ сөйлемге сыйдырыпты. Тақырыбын да өзгертіп, «Маңдай алды» деп атапты. Осы мақала жарық көргеннен кейін дереу мені мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қанымкүл Әбдікерімова апай шақыртты. Бізге математикадан сабақ беретін мұғалім қызметке жаңа ғана қабылданып жатқандығын, мектебімізде аталмыш пәннен 20-30 жылдан бері сабақ беріп келе жатқан мүйізі қарағайдай математиктер тұрғанда, ол «маңдай алды» дәрежесіне әлі жетпегендігін айтып түсіндірді. Мен ондай тақырып қоймағанымды, жазған хатымды редакциядағы аға-апайлар толық өзгертіп жібергенін айтып, «Ұланға» жіберген мақаламды көрсеттім. Оны көрген Қанымкүл апай сөз соңында бұдан кейін ретсіз мақала жаза бермеуім керек екендігін ескертіп, әңгімені аяқтады.
Математикадан сабақ беретін апай әлгі мақалаға басында қуанғандай сыңай танытқан. Бірде үзіліс бітіп, оның сабағы басталар тұста сырттан тым жеделдетіп кіріп келді де, әй-шәй жоқ, мақала шыққан «Ұлан» газетін бетіме лақтырып жіберді. Мен ештеңені түсінбей әлекпін. Сыныптастарым да аң-таң. Әйтеуір, не керек, менен «журналист» шықпайтынын айтып, себебін еш түсіндірместен біраз ұрысып алды да, 45 минут бойы тұрғызып қойды. Сөйтіп, мен мақалам үшін жазаландым. Шынымды айтсам, сол «маңдай алды» мұғалімнің маған неге олай кәрін төккендігінің себебін әлі күнге дейін біле алмай келемін...
Осы екі оқиғадан кейін мен «журналист болсам» деген арманымды жүрек түкпіріне жасырып қойып, ешқашан мақала жазбауға өз өзіме серт бердім. Солай болды да. Екі жылға дейін қолыма қалам алмадым. Тек аудандық газеттің жауапты хатшысы Бақыт Қаналиева апама жолықпағанда әлі күнге дейін солай болып қала беретін бе еді, мүмкін.
Жетінші сыныпта оқып жүргенімде мектеп кітапханашысы Бақтай апайдың ұйымдастыруымен жергілікті ақын Нағима Тормановамен кездесу кеші болып өтті. Марқұм Бақтай апай сол кешке мені де қатыстырып, Нағима апайға арнау өлең оқытты. Кездесу аяқталған соң, Бақтай Асқарқызы осы кеш туралы мақала жазуымды сұрады.
– Оны аудандық газеттегі Бақыт Қаналиева атты апаңа апарып бер. Ол кісіге түсіндірсең, жарық көруіне міндетті түрде көмектеседі, – деді кітапханашы апай. Ол кісі маған мектептегі қымбат жандардың бірі болғандықтан, өтінішін жерге тастау мүмкін емес еді. Сөйтіп, мақаламды алып, аудандық газетке бардым.
Бұл оқиғаның алдында да Бақыт апамның есімін естігенмін. Үйдегі анамнан. Бастауыш сыныпты аяқтап жатқан тұста, анамыздай қамқор болған алғашқы ұстазыма деген лебізімді аудандық «Қармақшы таңы» газеті арқылы білдіргім келіп, мақаламды анамнан беріп жібергенмін. Анам редакцияға барса, Бақыт Қаналиева апам қабылдап, әлгі шимай-шатпағымның басылым бетін көтермейтіндігін, ең дұрысы бастауыштағы апайымды келе жатқан мерекемен құттықтау екендігін айтыпты. Әрі ол құттықтауды дайындалып жатқан нөмірге орналастырып беріпті. Осы жағдайды анам айтып келгенде, іштей риза болып: «Ол кісі қандай жан болды екен?» деп ойлағанмын да қойғанмын.
Бақыт апам «екі көзі боталап қарайтын» (Т.Абылаевтың сөзі – Н.М.), бидай өңді, биязы жан екен. Артық сөзі жоқ. Келген жағдайымды айтып, барынша түсіндіріп едім «Жарайды. Ыңғайы келсе, алдағы нөмірлердің біріне береміз» деп мақаламды алып қалды. Келешекте де жазған мақала, өлеңдерімді тұрақты әкеліп тұруыма болатынын айтып, шығарып салды. Міне, Бақыт Қаналиева апаммен алғашқы таныстығым осылай басталды. Мақалам көп ұзамай «Сырдың сыршыл ақын қызы» деген атпен жарияланды.
Бір қызығы, аудандық газеттің редакциясы біздің мектептің дәл жанында болатын. Тиіп тұр. Бірақ, сол «тиіп тұрған» редакцияға жету мен үшін мұң болатын. Себебі, оған барар жолдағы жалғызбасты орыс кемпірдің арсылдаған он шақты итінен аман өтудің өзі – үлкен ерлік. Үнемі бос жүретін олардан екі өкпеңді «қолыңа алып», «жүзбен» жүгіріп өтесің. Кейіннен сол иттердің біріне таланып, Бақыт апам мен Сәрсенкүл апайдың «Жедел жәрдем» шақырғаны бар.
Бірде бір мұғалім сабақ үстінде әлдебір хабарландыру беруге редакцияға жұмсады. Келсем, редакцияда Бақыт апам жалғыз отыр екен. Келген негізгі жұмысымды бітірген соң, Бақыт апамның:
– Әй, бала, уәде қайда? – демесі бар ма? Мұндай сауалды күтпеген мен қатты сасып қалдым.
– Сенің әкелген мақалаң сәуірде шықты. Қазір қазан айының ортасы болды. Осы уақытқа дейін бізге бір бас сұқпадың. Өзіңнің журналист болғың келе ме өзі?!.
Мен қатты ыңғайсызданып қалдым. Бақыт апам болса, менен жауап күтіп, әр қимылымды бағып қарап отыр. Сасқалақтаған күйі тілін жұтып қойған адамша біраз қипақтадым да, «Журналист болғым келмейді» дедім мен бір кезде. Сосын осыдан екі жыл бұрын басымнан өткен оқиғаны бүкпесіз жайып салдым.
– Соған бола ма?!
Мен жауап орнына басымды изедім.
– Әрине, математикадан беретін апайыңдыкі дұрыс болмаған. Қанымкүл апайыңды қолдаймын. Әлгі мақалаға байланысты ненің не екенін түсіндіру – мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының міндеті. Ал мақалаңның өзгеріп кетуіне келетін болсақ, кез келген балалар басылымы редакцияға бірінші рет хат жазып отырған кішкентай оқырмандарының көңілін қалдырғысы келмейді. Газет бетінде мақаласын көріп, қуанса дейді. Сөйтеді де, жариялауға келмейтін мақаланы олар өздері жөндеп, бас-аяғын жинақылайды. Өткен жолы мен сенің мақалаңды қысқартқаным сияқты, – деп бір тоқтады да:
– Өмір тек ақ жолақтан тұрмайды, қара жолағы да қатар жүреді. «Басында қатты болса, аяғы тәтті» болады деген сөз бар. Талант – Тәңірдің сыйы. Ол екінің біріне берілмейді. Бойыңдағы Алланың берген талантына, өнеріне құрметпен қарай білуің керек. Бастысы – жүрегің нені қалайды, түбінде сол болады. Бүгін «журналист болмаймын» дегеніңмен, жүрегің қалап тұрса, ерте ме, кеш пе, бәрібір осы жолға алып келеді. Ал осы жолға келдің бе, талантың үшін күресе білуің қажет. Мұғалімің «Сенен журналист шықпайды» десе, сен керісінше, оған өзіңнен бірдеңе шығатынын дәлелде. Сенде бастысы талант бар, сол талантты талаппен ұштастырсаң, талапты алмайтын асу жоқ. Бұл – әлі басы. Кедергілер кез келген жерде, кез келген ортада алдыңнан шығады да отырады. Талаптансаң, қандай кедергі болмасын, ол саған бөгет бола алмайды. Бұдан былай үнемі бізбен байланыста бол. Жазған-сызғандарыңды әкеліп тұр. Келістік пе? Мен сенен болашақта жақсы журналист шығатынына сенемін!
Небәрі екінші рет ғана көріп отырған бейтаныс жанның бұл сөзі маған үлкен дем беріп, қамқорлығы қанат бітіріп жіберді. Шынымды айтсам, әлі күнге дейін Бақыт апам сол күні маған екінші өмір сыйлағандай көрінеді де тұрады. Себебі, расында да, басқа салаға барсам, өмірден өз орнымды таба алмас па едім? Кім білсін...
Сол жылы ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовтің туғанына – 100, Үш жүзге пір атанған Марал баба Құрманұлының туғанына – 225 жыл толып жатқан кез болатын. Бақыт апаммен әлгі кездесуімнен кейін бір апта өтпей жатып осы екі тұлғаға арнаған өлеңімді редакцияға алып бардым. Көп ұзамай екі өлеңім де жарық көрді.
Кейіннен Марал баба Құрманұлының 225 жылдығына орай өткізілген жыр мүшәйрасына қатыстым. Мүшәйра өтіп жатқан Мәдениет үйінде аудандық газет редакторының сол кездегі орынбасары, танымал ақын Қуан Байқожаев (Дәулетназар – Н.М.) ағама ұшырасып қалдым. Қолымда жазылған екі-үш өлеңім болатын. Амандық-саулықтан соң, Қуан ағама өлеңдерімді берсем, алмай қашып жүр:
– Маған берме! Бар, өлеңдеріңді сенің сөзіңді сөйлейтін, сенен «мықты журналист» шығады деп есептейтін Бақыт апаңа апарып бер! Анау күні Марал баба туралы өлеңіңді зорға жөндедім. Өлеңдерің өлең емес! – деп қолын бір сілтеді де, теріс бұрылып кете барды. Сөйтсем, шынында да, өлеңімді жөндеймін деп марқұм Қуан ағам көп қиналса керек. Жетінші сыныптың оқушысынан керемет ақын шыға қойсын ба?
Бірде газетке Марал бабаның тойынан кейін жазылған «Ағаның айтқан тілегі» атты өлеңім жарық көрді. Жүгіріп редакцияға бардым.
– Өлеңің жарамаса да газетке бердік. Көңілің бірленіп, қанатың қатая түссін дегенім ғой. Енді мені ұятқа қалдырма. Бұдан былай «Журналист болғым келмейді» деген сөзді аузыңа алушы болма, – деді Бақыт апам өлеңім шыққан газетті қолыма ұстатып жатып. Сол өлеңімді қазір оқып көрсем, «поэзияны қор қылдың-ау» деп көңілім жылап қоя береді, ұяттан өртеніп кете жаздаймын. Қуан ағамның қашатындайы бар екен. Ұйқас жоқ, үйлесім жоқ. Бірақ, сол «не ұйқас, не үйлесім жоқ» өлеңді жариялай отырып, Бақыт апамның мені алға жетелегенін, дем бергенін бүгін ғана түсініп отырмын.
Осылайша, ойда-жоқта қаламгер Бақыт Тәжібайқызына жолығуым менің өмірімді басқа арнаға бұрып жіберді. Жазған өлеңдерім мен мақалаларым бірінен соң бірі аудандық газетте жарияланып жатты. Мектепте «Балауса» әдеби үйірмесі болатын. Оның өзі жөнді болмайды. Мен де жөнді бармаймын. Енді оған мүлдем баруды қойдым. Сабақтан кейінгі уақытым редакцияда өтетін болды. Қуан ағам екеуміз отырып баспаға дайындалып жатқан газеттің кезекті нөмірінің қатесін оқимыз. Бақыт апам мынандай тақырыпта өлең немесе мақала жазып әкел деп бағыт-бағдар береді. Жазып әкелгенімді көзімше жөндейді, жанына отырғызып қойып, қателерімді түсіндіреді. Бақыт апам мен Алтын апамның (редакцияның бухгалтері, Бақыт апамның құрбысы – Н.М.) дайындаған шайы тіл үйіреді, сол шайдың басында талай әңгіменің тиегі ағытылады. Әсіресе, Қуан ағам басынан өткен әңгімелерін айтып, күлкіге қарық қылады. Маған редакцияның өмірі сондай қызық. Өзімді оның толыққанды қызметкеріндей сезінемін. Мақалам шыққан сайын төбем көкке жеткендей қуанамын. Сол сәттерді қазір аса бір қимас сезіммен, сағынышпен еске аламын. Бір өкініштісі, ол күндер қайта айналып келмейді. Тек сары сағымға айналған естелік болып жүректерде жазылып қала береді.
Уақыт – жүйрік қой. Осылай күндер сырғып өте берді. Мен де мектеп бітірдім. Көңілімде сол баяғы «журналист болсам» деген арман. Бірақ, алғашқы қадамым сәтсіз болды. Күтпеген жаңалықты естіп жан дүнием алай-дүлей болған сол бір сәтте Бақыт апам жанымнан табылып, ақыл-кеңесін айтып, демеу болғанын қалайша ұмытпақпын?!
Қарымды қаламгер Махмұтбай Әміреұлы басшылық ететін облыстық басылымда бір жылдай тер төгіп, келесі жылы Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің табалдырығын аттадым. Ертең жолға шығамын дегенде Бақыт апама хабарластым.
– Қалам ұстаған адамға ең бірінші адалдық керек, – деді Бақыт апам, жолың болсын айтып, сәттілік тілеген соң, – Дүниеге, ақшаға қызығып, шен-шекпенділер мен биліктегілерді мақтап жазатындар сенсіз де табылады. Есіңде болсын: жан серігің қаламыңа адал болсаң, ол сені ешқашан жалғызсыратпайды, дауға да бермейді, жамандыққа да қимайды. Саған одан артық дос та, жолдас та, сырлас та, мұңдас та табылмайды.
Бақыт апам дұрыс айтыпты. Еліміздің жүрегі атанған алып шаһарда алдымнан талай кедергілер шықты, бірақ берілмедім. Жалғызсыраған кездерімде қаламым мұңдасыма, ауылды, ата-анамды сағынған кездерімде сырласыма айналды. Шаршасам қуат, өмірден түңілген сәттерімде жақсы күндерге жетелеген шуақ болды.
Алып-ұшып ауылға жетсем болды, Бақыт апамды іздейтінмін. Ұстазымды кәдімгідей сағынатынмын. Жүрегімнің төрінен орын алған аяулы жанның ақыл-кеңесі, бағыт-бағдары маған үнемі жетпей тұратын. Оқи жүріп жазған мақалаларым жарық көрген газет-журналдарды ұстазыма ала келетінмін. Соларды көрген ұстазым балаша мәз болып, кәдімгідей қуанады. Мен де бір марқайып қаламын. Сірә, ұстаз бен шәкірт бақыты деген осы болар!
Жанашыр, қамқоршыма айналған Бақыт Тәжібайқызының ерекше қасиеті – ол шексіз қарапайым жан. Ол кісі маған мектептегі бірқатар мұғалімдер секілді: «Сенің журналист болуыңа, өзің қалаған мамандыққа түсуіңе мен себепші болдым. Газетке мақалаңды шығарып бердім, сен үшін ананы істедім, мынаны істедім» деп ешқашан айтып көрген емес. Сондықтан да болар ол кісінің есімін еш жерде атамай мен де жүре беріппін.
Шынымды айтсам, сөйткен Бақыт апама мен адал шәкірт бола алғаным жоқ. Оның несін жасырайын. Елдің, халықтың алдында: «Осы кісі менің ұстазым! Бақыт Қаналиева – мені журналист қылған жан!» деп атын бір рет болса да атаған емеспін. Астана қаласында оқи жүріп, республикалық белді газеттерде еңбек етсем де, тіпті, бір басылымның білдей бөлім меңгерушісі, кейіннен редакторы болсам да, Бақыт апам туралы мақала жазбаппын. Оның есесіне, мектепте сабақ берген ұстаздарым арқамнан қаққан сайын, оларды көңілжықпастықпен «журналист болуға жетелеген жандар» деп бір емес, бірнеше басылымдарға қайта-қайта шығарып, құр мақтау мен дақпыртқа мастанып жүре беріппін. Бақыт апам болса, бұл жағдайларды жіпке тізіп, маған ренжіп көрмепті. Ең болмаса, Бақыт апама жылы сөзімді арнап көрмеппін. Осыдан кейін «адал шәкіртпін» деп айтуға аузым бармайды. Ұстаз еңбегін ақтағаным қайда?
Бірақ, бір нәрсе талассыз ақиқат – мені адам қылған, ақын қылған, қолыма қайта қалам алғызып, жігерімді жанып, алға жетелеп, журналист қылған қарымды қаламгер Қаналиева апам еді. Бұл күндері ойлап отырсам – «керемет жазушы» болмасам да, екі сөздің басын құрап жаза алатын журналист атандырған осы Бақыт апамның сенімі, сезімі екен ғой! Сол бір балаң шақта ұстаз жүрегі маған бір жағынан сенсе, бір жағынан сезе де білген екен-ау! Ол кісінің сенімі мен сезімі болмаса, мен ешқашан журналист болмас едім!
Бақыт Тәжібайқызы – тек оқырмандарының алдында журналистік ғана емес, өзі тәрбиелеген көптеген шәкірттерінің алдында ұстаздық парызын да өтей білген қарымды қаламгер. Ал біз, Қаналиеваның арқасында «тілші» атанып, кеудемізді керіп жүрген шәкірттері ұлағатты ұстазымыздың алдындағы шәкірттік қарызымызды өтей алар ма екенбіз? Әй, қайдам?!
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ