Tik-tok-тағы табыс немесе заманауи қайыршылар
«Жаһандану», «даму» дегенді қалай түсінесіз? Иә, алдымен көз алдымызға цифрлық сауаттылығымыз артып, қағазбастылықтан арылып, жаңа заманның талабына сай болу елестейді. Жөн-ақ, қатардан қалмай, жармасып, таласып келеміз. Алайда сол дамудың оңтайлы тұсы көп болғанымен масылдықты ерттеп алған олқылығы да артып келе жатқанын ескере бермейміз.
Қазір Тик-ток деген әлеуметтік желі көпшіліктің сүйіктісі болып барады. Аша қалсаңыз түрлі трендтегі видеоларға шолу жасайсыз. Ал сіз салған видео қызық болса лайк пен пікір саны тіпті артады. Яки лайк басылған сайын сіздің видеоңыз дүйім жұртқа ұсыныла береді. Мұны барлығы «рек» деп атайды. Түрлі-түрлі атаумен тіркеліп, қызық контент ұсынғандардың аудиториясы да көп болады. Мұнда өзге әлеуметтік желіден өзгешелік бар. Ол – тікелей эфирден табыс табу. Қалай деймісіз?
Оқырман санын жинау үшін қызықты видео жүктеудің қажеті де жоқ. Ол үшін арнайы бағдарламалар бар. Тіпті танымал тиктокерлердің тікелей эфиріне кіріп, қолдау көрсетсеңіз оқырман санын көбейте аласыз. Егер 1000 оқырманнан асса сіздің де тікелей эфирге кіру мүмкіндігіңіз пайда болады. Енді тақырыпқа ойысайық. Тікелей эфир – Тик-токтың терминінде «стрим» деп аталады. Сол стримда отырған адамға қолдау көрсету үшін сыйлық жібересіз. Сыйлық жіберген сайын ол адамның тікелей эфирі рейтингке шығып, дами бастайды. Ал ол сыйлық тегін тұрмайды. Ең арзан сыйлық 1 монетадан басталады. Мұндағы ең қымбат сыйлық – Tik-tok live деп аталады. Сондағы монетамен 34 999 деген цифрға ие. Одан соң – арыстан. Хит сыйлықтың бірі. Бағасы монетамен – 29 999. Ал енді мұны сатып алу үшін қанша теңге жұмсалады? 70 монета – 470 теңге, 350 монета – 2 340 теңге, 700 монета – 4 670 теңге, 1 400 монета – 9 340 теңге, 3 500 монета – 23 330 теңге, 7000 монета – 46 660 теңге болса, 17 500 монета – 116 640 теңге. Ал әлгінде айтқан ең қымбат сыйлықты жіберу үшін 233 280 теңге қалтаңыздан қағылады. Мүмкін ойларсыз, мұның барлығына ақша құртып жұрт отырмайды ғой деп. Енді қараңыз, сол сыйлықты егер сізге жіберсе аккаунтыңызда арнайы «Киви кошелек» ашылады. Сол жерге доллар болып түсіп тұрады. Әрине оның бірнеше проценті Тик-токтың қалтасына кетеді. Жартысынан азын өзіңіз жинап, ақшаны шешіп ала аласыз.
Бір қызығы, карта немесе телефон нөмірі арқылы оңай сатып алынған монета сізді баурай береді. Құдды азартқа кіргендей боласыз. Қымбат-қымбат сыйлық жіберіп, өзіңізді көрсеткіңіз кеп тұрады. Есімін жазбауды сұраған Тик-ток қолданушысы бізге осылай деп ағынан жарылды.
– 15-20 мың теңгемді жұмсап осы әлеуметтік желіге оқырман жинадым. Саны 7 000-ға жетті. Оқырманың көп болған сайын абыройың да артады екен. Өйткені тікелей эфирге шыққанда барлығы соған қарайды. Екі адам бір-бірімен баттл (жарыс) ойнайтыны бар. Онда адамдар басқан лайк пен жіберілген сыйлық арқылы ұпай жиналады. Егер жеңілсе, қарсыласының барлық тапсырмасын орындайды. Әрине бұл алдымен жұртты қызықтырып, қымбат сыйлықтар алу үшін ұйымдастырылады. Бірде сол желіде танымал болып үлгерген үлкен әпкеге кірдім. Жас баламен ойнап отыр екен. Сол кез айлық алған болатынмын. Көзді жұмып алғашқы сыйлық жібердім. Одан соң тағы, тағы жібере бердім. Көріп отырған адамдар мені «топ» деп мақтаған сайын ақшамды құртып, өзіммен-өзім жынды адамдай есімді жоғалттым. Тағы сыйлық жіберемін деп сатып алуға картаға кірсем, ақша жеткіліксіз дейді. Сонда небәрі 30 минуттың ішінде 67 мың теңгемді құртып қойған екенмін, – дейді желі қолданушысы.
Иә, бұл сыйлықтарды бір-біріне жіберіп, донатор (демеуші) болып, монета мен долларларды айналымға түсіріп, жақсы пайда көзін тауып отырғандар бар. Олар әбден сүйектің майын шағып, тәжірибесін жинақтаған адамдар. Ал жаңадан қосылған жанның әлгі кейіпкер секілді манипуляцияға түсетіні анық. Тіпті бір күнде 100-200 мың теңгелерін салып, артынша өкініп қалғандардың саны жетерлік.
Тик-токтағы табысты айттық. Енді ойысар тақырып сол жердегі заманауи қайыршылар болмақ. Бір күніңізді арнап, сол тик-токтың тікелей эфирін шолып шықсаңыз, түрлі адамдарды көресіз. Бір келіншек бар. Үнемі балаларын тастап, қалаларда қыдырып жүреді. Отырып алып, жатар орны мен ішер ащы суына ақша сұрайды. Жұрт жарылқай қоймаса «500 теңгеге билеп беремін» деп жар салады. Тағы бір келіншек бар. Жалғызбасты анамын деп зар жылайды. Күні-түні сол эфирде отырып ақша сұрайды. Алайда жұмыс жасағанын көрмейсіз. Кеше бір әйелге көзім түсті. Жесір қалдым деп еңкілдей жылаған ол несиесіне ақша жинап отыр екен. Халық бірге уайымдап, ақша салып, айлық несие төлемін өтеп берді. Ал кешкі уақытта еңкілдей жылаған әлгі келіншек кафелетіп, билеп, қыдырып жүр. Тіпті 100-200 теңгеге жұлқына билеп, есі кеткен есерсоқтарға да тап боласыз. Қыз кейпіндегі ерлер де осында. Халықтан ақша жинап, мүшелерін ауыстыру үшін сайқымазақ болады. Әлгінде айтқан қымбат сыйлықтарды жіберіңдер деп халыққа міндеттейді. Ұйқысыз күндер өткізіп, тікелей эфирден шықпайды. Ал жұрт қызығып соларға кіреді, ауызға келгенін жазады. Бір-бірімен сөзге келеді, соттасады. Құр кетіп жатқан уақыт-ай дерсіз.
Қош. Заман ағымына сай дамып жатырмыз дейміз. Иә, дамыдық. Бірақ мойынға жүк болып мініп алған масылдығымыз бізді әбден қайыршы етіп бітті. Бұрындары базар алдында, көше бойында отыратын «сігән» қайыршыларды ендігі әлеуметтік желілерден көріп қалсаңыз таң қалмаңыз.
Айнұр ӘЛИ