Салада ілгерілеу бар
Аудан орталығының күнделікті тыныс-тіршілігін бес саусағындай біліп, келеңсіз жағдайлар орын алса дереу іске кірісетін коммуналдық саланың қашанда арқалайтын жауапкершілік жүгі ауыр.
Тұрмысқа қажетті күрмеулі мәселелерді уақытылы шешіп, сапалы қызметпен қамтамасыз етіп отырған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қандай жұмыстар атқарды, биылға қандай жоспары бар? Ауданда аталмыш сала бойынша нендей жобалар жүзеге асырылуда? Осы жайында сұрап білген едік.
Иә, коммуналдық бағыт – салғырттықты көтермейтін сала. Халықтың көңілінен шығып, сапалы қызмет көрсету – бөлімге жүктелген басты міндет. Оны мамандар жақсы түсінеді.
Аудан аумағында жалпы ұзындығы 335,7 км құрайтын автомобиль жолдары бар. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Төретам кентінің 20 көшесіне, Ақай ауылдық округінің 7 көшесіне, Жосалы кентінің 10, ІІІ Интернационал ауылының 3 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Былтыр аудандық маңыздағы Жалағаш-Жосалы-Марал ишан кесенесі автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарына демеушілер есебінен жобалық-сметалық құжаттама рәсімделіп, жоба сараптамадан өткізіліпті.
Сонымен бірге аудандық маңыздағы автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу және оны күтіп ұстау жұмыстарына аудандық бюджеттен 39 444,0 мың теңге қаржы бөлінген. «Бүгінгі күні атқарылатын жұмыс түрлері зерделенуде. Осы жұмыстармен қатар 2022 жылға төмендегі елді мекендердің көшелерін жөндеуге «Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ-не бюджеттік өтінім тапсырылды» дейді сала мамандары. Қаржы бөлінген жағдайда Жосалы кентінің – 49 жобасы іске асып, ІІІ Интернационал ауылының – 5, Ақай ауылының – 32, Дүр Оңғар ауылының – 9, Ақтөбе ауылының – 4, Қуаңдария ауылының – 3, Алдашбай ахун ауылдық округінің – 3, Қармақшы ауылдық округінің – 3, Ақжар ауылдық округінің – 8, Жосалы ауылдық округінің – 4 көшесіне орташа жөндеу жүргізілетінін айтып қуантты.
– Көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту мәселесі бойынша кондоминиум нысандарына басшылық жасап, оларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында аудан әкімінің 2013 жылғы 24 қаңтардағы №359 өкімімен, мемлекеттің 100 процент қатысуымен арнаулы мамандандырылған мекеме – «Туған ел келбеті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылған болатын. Аталған серіктестіктің ұйымдастыруымен 2011-2020 жылдар аралығында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мақсатында «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында ауданымыз бойынша 17 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді.
Қазіргі таңда, көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1054 қаулысымен бекітілген тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. 2021 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы Жосалы кентінде 1 көпқабатты тұрғын үйге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға табысталды. Бүгінгі күні аудандық ТКШ, ЖК және АЖ бөлімі серіктестік тарапынан ауданымыз бойынша орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлердің меншік иелеріне көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізуге, тұрғын үйде заңдылыққа сай басқарудың жаңа нысанын құру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде, – дейді бөлім басшысы Рустам Ефенов.
Иә, бұл көпқабатты тұрғын үйдің әл-ауқаты меншік иелеріне байланысты болуы себепті пәтер иелері белсенді болып, бір шешімге келгенде ғана жүзеге асатын жұмыс. Сондықтан тұрғындар мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдалануға тырысқан жөн бе дейсіз.
Біздің басты жетістігіміз – кент орталығының көгілдір газға қосылуы. «Жосалы кентінде таратушы газ құбырын және орамішілік газ тарату желілерін салу» құрылыс жұмыстары 2019-2021 жылдар аралығында жүргізілді. Қазіргі уақытта табиғи газ пайдаланып отырған кент тұрғындарына «Қызылорда газ тарату жүйесі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны үздіксіз қызмет көрсетуде. Ал 10 мердігер мекеме газ орнату жұмыстарын атқаруда. Бүгінге дейін Жосалы кентіндегі 4409 тұрғын үйдің 1901-і газ желісін қосуға өтінім тапсырса, 1836 тұрғын үй табиғи газға қосылған. Яғни күніне 10-15 үйге газ қосылып отыр. Ал әлеуметтік нысандар бойынша – 7, кәсіпкерлік нысандар бойынша – 54 нысанға газ қосылған.
2021 жылғы 25 қарашада Қармақшы ауданы бойынша жолаушылар мен багажды тұрақты ауданішілік (кентішілік) тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығына арналған конкурс жарияланып, нәтижесі бойынша «Жосалы кентішілік №1 бағыт» және «Жосалы кентішілік №2 бағыт» «КадНұр» ЖШС және «ІІІ Интернационал ауылы – Жосалы кенті» және «Дүр Оңғар ауылы – Жосалы кенті» бағыттары бойынша ЖК «Динара» жеңімпаз болып танылған.
Аталған тасымалдаушылар өз қызметін көрсетуде. Жосалы кентінде заман талабына сай жаңа «Шынар Ана» автостансаның құрылысы аяқталып, аудан тұрғындарына қызмет көрсетуде.
Сонымен қатар аудан аймағының тазалығын ұйымдастыру және үйлестіру – бөлім жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Осы тұста аймақ тазалығы мен ондағы түйткілді мәселелерге тек арнайы мекемелер жауапты деу қате түсінік. Себебі, ортақ іске әрбір тұрғын, әрбір азамат мүдделі болуға тиіс. Дегенмен сала мамандары да қарап отырған жоқ. Кент көшелеріне бей-берекет қоқыстарды тастап кететін тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы рейдтік шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.
– Міне, өзіңіз көріп отырғандай, бөлімнің жұмысы халықпен тығыз байланыста. Бөлім функциясының қай бағытын алсаңыз да халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған. Оң нәтиже, өнімді еңбек қашанда бірліктің, жұмыла көтерген тірліктің арқасында келетін дүние. Сондықтан атқарылып жатқан жұмыстарға тұрғындар тарапынан қолдау білдіріліп, тіпті қажеттілік туындай қалса, «сенің жұмысың, менің жұмысым» деп бөлінбей, түсіністікпен қарап, бірлесіп еңбек етуге шақырамын. Бағамдай білген жанға ауданда өткен жылдарға қарағанда көш ілгерілеу бар, – дейді сала мамандары.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ