» » Бабам жайлы бірер сөз

Бабам жайлы бірер сөз


Әрбір адам баласы өзінің шыққан тегі, ата-бабасы жайлы жан-жақты білгені жөн. Өткеннің өнегелі жолы, кейінге қалдырған үлгісі – ұрпаққа жол көрсетер Темірқазық іспетті. Осы орайда, мен де өз тегім ретінде қолданып жүрген бабам жайлы үлкендерден естігендерімді қағаз бетіне түсіруді көптен ойға алып жүр едім. Осы мақсатта «Ыспан қари» атты кітапшада шағын көлемде мақалам жарық көрді. Бүгін соны толықтырып, көпшілік назарына ұсынуды жөн деп санадым.
Бабам, яғни әкемнің атасы Бас­пайұлы Бақтыбай өз дәуірінде тұр­мысы түзу отбасылардың қатарында күн кешіп, ауыл-аймақты аузына қарата білген ділмар кісі болған екен. 1881 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы Шөмекей руынан тараған Қаратамыр аталығы қоныс тепкен Бозарқаш өңірінде дүниеге келген. Жастайынан молда, елдің игі жақсыларына үйір болып, ел даналарының ақыл-өсиетін құлағына сіңіріп, кеудесіне түйіп өскен бала үлкейген шағында да айналасына белгілі ардақты қария, аузы дуалы ел ақсақалына айналады. Арнайы білім алмаса да ескіше сауатты кісі болған. Сондай-ақ, ел аузында ол кісінің диқан, егіншілігі жайлы көп айтылады. Бұл туралы бүгінде ата шаңырағының түтінін түтетіп, ұрпағының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып отырған жалғыз келіні Рәзипа әжем мен әкемнің інісі, яғни Бақтыбайдың немересі Мұстафа көкемнен естіген аңызға бергісіз мына оқиғаны ерекше айтпасқа болмайды.
Атамыз 9 жасынан бастап бес уақыт намазын қаза етпей, ауыз бекітіп, Аллаға құлшылық ете бастаған. Бала кезде Қадыр түнінде ұйықтап жатқан атамыздың түсіне ақ киімді ақсақал енеді. Ол: «Балам, қолыңды жай, тілегіңді сұра», – дегенде, атам: «Бірінші, иманымды бер, екінші диқаншылығымды бер», – депті. Әлгі кісінің: «Перзент ше?» – деген сұрағына біршама кідіріп барып: «Иә-иә, перзент», – деп жауап қатыпты. Түсіне кірген ақсақал: «Балам-ай, біраз кідірдің-ау, бердім ол тілегіңді де», – деп бұрылып жүре беріпті.
Содан атамыз өле-өлгенше аузынан Алласы түспеген, иманы берік, дінге мықты кісі болыпты. Сонымен бірге, айналасындағы жұрт секілді төрт түлік мал бағуды емес, егіншілікті кәсіп етіп күн көріпті. Алғаш ауылдық жерге алма, тұт сынды жеміс ағаштарын егіп, егіншілік кәсіпке өзгеріс енгізіпті. Атамыз еккен асқабақ, қызанақ секілді түрлі көкөністердің дәндері тастаған жерінен қаулап өсіп шығады екен. Осы орайда, халқымыздың адамның есімі тағдырына әсер етеді деген ой-тұжырымымен келіспеске болмайды. Ата-анасы азан шақырып қойған «Бақтыбай» есімі осылайша бақша, бау өсіруіне игі ықпалын тигізсе керек. Баққа бай деген мағына ғой.
Зайыбы Жаманбайқызы Рысалды 19 құрсақ көтерген екен. Дегенмен, перзенттері өмір есігін аша салысымен немесе сәл есейгесін бірінің артынан бірі дүниеден оза беріпті. Балаларын жер қойнына тапсырып, еңірегенде етегі жасқа толған әжеміз перзент күйігіне шыдамай, қамыстан соғылған қосынын өртеп жіберіпті. Атамыздың қайғылы жағдайдағы сабырлы мінезіне ызаланып, намаз оқып отырған сәтінде «Бақтыбай, сен қалайша қиналмайсың?» деп жайнамазын жұлып алғанда, атамыз намазын бұзбай, жалғастыра берген екен. Құлшылық міндетін өтеп болған соң әйелін сабырға шақырып: «Ей, Алла қосқан қосағым-ау, түсіме ақ киімді кісі еніп, тілегіңді айт дегенде, менің аузыма «перзент» деген сөз түспей қойып еді, сәл шыда. Біздің де тілегіміз қабыл болады» деп басу айтқан екен.
Атамыздың бірінші әйелінен 1922 жылы туылған Тазагүл атты қызы болады. Жұбайы ерте дүние салған соң, біздің әжемізді алған екен. Екеуінің 19 перзентінен Сәдуақас деген біздің атамыз ғана тірі қалып, ержетіп, біз таралыппыз. Абайша айтқанда, анадан біреу, әкеден екеу.
Асыра сілтеу жылдарында атамыздың 10 шақты сиыры, 20 шақты уақ малы болыпты. Соның сылтауымен бай-құлақ деген жала жабылып, әйелі екеуі Ақтөбе өңіріне айдалып кете барады. Ол кезде алғашқы әйелінен қалған 5 жастағы Тазагүлі мен Рысалды әжеміз екеуінен дүниеге келген Қаншайым атты қызын әжеміздің сіңлісі Қаншагүлге аманаттап қалдырып кетеді. Сол Қаншагүл: «Е, Алла, алсаң менің перзентімді ал. Қолымдағы аманат баланы ала көрме», – деп тілейді екен.
Бақтыбай атамыз бен Рысалды әжеміз бірнеше жыл айдауда болып, жол бойында жұмыс жасайды. Арып-аршып туған жеріне оралған ерлі-зайыпты бір-бірімен қазіргі Қармақшы вокзалында кездесіпті. Әжеміз сонша жолды жаяу жүрген, қасында серіктерінің біршамасы жол бойында қаза тауып, елге аман келген 4-5 адамның бірі болыпты. Қиындықты бастан өткеріп келе жатқан отағасы мен жұбайының ойламаған жерден бір уақытта елге жетіп, аудан орталығында жолығуы да Алланың сыйы болса керек. Содан әжеміз келе салып, төркініне тартады. Барса, өзінің туған қызы Қаншайым бұл дүниемен қош айтысқан екен. Бауырына салған Тазагүлі дін аман. Сол қызды алып, атамызбен отбасылық өмірін жалғастырады. 1937 жылы біздің атамыз Сәдуақас дүние есігін ашады. Жоғарыда айтқанымыздай, Сәдуақастан бұрын және кейін дүниеге келген балалары тұрақтамайды.
Бақтыбай атамыз құдық қазғанда жасының үлкендігіне қарамай, ішіне өзі түсетін болыпты. «Кейінгі жастар аман болсын, құдықтың қабырғасы құласа, астында мен-ақ қалайын» дейтін көрінеді. Бұл ақсақалдың кейінгі ұрпақ қамын ойлаған аталық ниеті болса керек.
Жетім-жесірлерге қол ұшын созып, көмегін аямаған атамыз өзімен аталас, көршілес Іскендір деген кісінің жесірі Жеңіскүл әжеміз бен 9 жасар баласы Кеңесбекті өз қамқорлығына алып, үнемі көмек беріп отырған екен. Екі үйдің балалары бір-бірімен араласып-құраласып өсіп жетілді.
Атамыздың екі перзентінен – Тазагүл мен Сәдуақастан тараған ұл-қыздар бүгінде еліміздің әр өңірінде тіршілік жәрмеңкесінің базарын жалғастырып, өмір сүріп жатыр. Жалғыз ұлы Сәдуақастан 5 ұл, 1 қыз өрбіп, олардың балалары ата шаңырағының түтінін өшірмей, өсіп-өніп отыр. Қызы Тазагүлден тараған жиендері де бір қауым елге айналды.
«Өткен күннен белгі бар іздеушісі болса, Келер күнге Тәңірі жар тілеушісі болса» деген халқымыздың даналық сөзі осы бір мақалама үлкен арқау болып тұрғандай. Иә, өткен күннің күнделігін парақтап, ой тарқатар болсақ, талай сырдың шертілері анық. Тек іздеуші, сұраушы болса болғаны. Сол себепті тарихымызды ұмытпай, шыққан тегімізге бір зер салып, ата-бабаларымыздың игі істерін ұрпақ жадында жаңғыртып, санасына сіңіру – әрбір адамның бұлжымас перзенттік парызы.
Лаура БАҚТЫБАЙ
09 сәуір 2022 ж. 446 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 049

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031