» » БЕРЕКЕ – иманнан

БЕРЕКЕ – иманнан


Алланың адам баласына берген шексіз нығметі, теңдессіз сыйы саналған ораза – тікенді жерге табан тигізбей, сақтанып жүретініміз секілді, күнәға бетпе-бет келуден сақтайтын, жан дүниемізді, мінез-құлқымызды жақсылыққа тәрбиелейтін, рухани түлетіп шығаратын құлшылық. Ауыз бекітудің адам өмірін ізгілікке бастайтынын білген пенде одан бас тартуы мүмкін емес. Жыл са­йын он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазанда жастайынан ауыз бекітетін, отбасымен шариғат жолын сақтаған жандарды жұртшылыққа насихаттаймыз. Ондағы мақсат – бар байлық пен берекенің, тыныштық пен ізгіліктің бастауы – имандылықта екенін ұғындыру. Әлбетте Алланың бес парызы саналатын ораза мен намазы барлар «мен құлшылық етудемін», «мен намаз оқимын» деп жарияға жар салмайтыны ақиқат. Олардың асыл дінімізде, таза жолда жүргенін сөзі мен ісінен, жүріс-тұрысынан, киім үлгісі мен көркем мінезінен аңғармау мүмкін емес.
Өзіндік тәртібі мен тәрбиесі, халқының бірлігі мен ұйымшылдығы ұйыған, басшыны тыңдау, дұрыс бағытқа бастағанның соңынан еруді мақсат тұтқан аудан орталығына іргелес Дүр Оңғар ауылын білмейтіндер кемде-кем. Күн сайын көркі көз тартар кейіпке енген мекенде имандылық тұрғысы да жоғары деңгейде. Себебі туған топырақта ауылым үшін, ауылдағы ағайын, бауырым үшін деп шыбын жаны шырқырап, ащы болса да шындықты растайтын, тура жолға бастайтын тұлғалар көп. Сондай азаматтардың бірі, мектептегі ұлағатты ұстаздығымен бірге ауылдағы «Мәдірайым ишан» мешітінің бас имамы қызметін қатар алып жүрген, әулетімен хақ жолындағы Шарафадин Ахметов ағамен оразаның алғашқы күндерінде сұқбаттасудың сәті түсті. Рухани әңгімесін ұйып тыңдап, оның айтқанының бәрін қаз-қалпында қағазға түсіріп, ойлы оқырманға ұсынуды жөн көрдік.
Ол 1964 жылы қазіргі Дүр Оңғар ауылында дүниеге келген. 7 айлық болып туған нәрестені атасы Ахмет өзінің киген тымағына салып өсіріпті. Мектеп бітірген соң әскери комиссариаттың жолдамасымен көлік жүргізуді үйрететін 3 айлық курс­ты оқиды. Кейін әскерге аттанып, 2 жыл Отан алдындағы борышын өтеп келіп, Қызылорда педагогикалық институтының «орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығына оқуға түседі. Шарафадин ағамыздың әу баста шыққан тегі осал емес. Үлкен әкесі, яғни атасы Ахмет 1879 жылы өмірге келген. 93 жыл ғұмыр кешкен. Елге танымал Ораз, Дәулетназар ахундардың шәкірті болған. Қазақ, орыс, араб, парсы, түрік тілдерін білген. Ахметовтер әулетінің дін жолындағы іргетасы осы аталарынан қаланған болса керек.
Ата-бабаларымыздың әлімсақтан бергі ұстанған қасиетті Ислам дінінің көрмеген құқайы жоқ. Құдайсыздықты ту еткен Кеңес үкіметі әуелі қасиетті дінімізді «апиын» деді. Одан қасиетті Құранымыз бен жайнамазымызды отқа жақты. Жамағаттың бас қосып мінәжат ететін мешіт үйлерін жұрттың көз алдында талқандады, өртеді. Елді имандылыққа шақырып, намаз оқып, ораза тұтқан діндарларды, жастарға ислам дінінен тәлім-тәрбие берген ишан-молдаларды атты, асты, Сібірге айдатып, тұқымдарын тұздай құртпақ болды.
Ғайыптан тайып Тәуелсіздігімізді алмағанда, ендігі кім боп кетерімізді бір Құдайым ғана білетін еді.

– Ахмет әкемнің көзін көрдім. 7-8 жастағы баламын. Ол кісі маған Құран жаттататын. Көшеде ойнап жүргенде 1910-1914 жылғы ақсақалдар тоқтатып алып, үйлердің қуыс қалтарысына, оңашалау жерге шақырып, «мына Құранды айтшы» деп кезекпен сұрап, оқытатын. Алланың маған берген нығметінің бірі болар, есте сақтау қабілетім сонау бала шақтан зерек. Қазір ойлап қарасам ол кісілер маған Құран оқытқанда өздерінің қателерін жөндеп алуға тырысады екен ғой. Кейін оның барлығы балалықпен ұмыт қалды. Атам дүниеден өткеннен кейін маған Құран жаттатып, ыждағаттап, бағыт беретін адам болмады. Атамның баласы, менің ағам Галаж мектепте математик болды. 67 жасында «Ясин» сүресін екі жарым айда жаттады. «Ясинді» жаттамасам жүрегім қобалжиды дейтін. Ол 69 жасында өмірден озды, – дейді ата тегіне тоқталған кейіпкеріміз.
Шарафадин ағамыз әскердегі алғашқы жылын Қызыл жұлдызды «Одесса» әскери округінде өтеген. Екінші жылын арнайы жолдамамен Сирия араб республикасында жалғастырған.
– Дін жолына келуіме Дамаск қаласында (Шам қаласы деп те атайды, Араб өңірінде қасиетті мекендердің бірі саналатын жер) болғанымның пайдасы бар. Әскерге барған алғашқы айлар. Тамақтың бәріне доңыз етін қосады. Ал мен мүлде жей алмай жүрдім. Ас-ауқат ішпеген соң ұйқыға шаршап жатамын, азанда тұра алмаймын. Әлсіреп, мазам қашты. Қасымдағы жігіттер нан алып келіп, оған салы қосып жеп қуаттанады. Әбден қажыған соң ауылдағы ағам Галажға хат жаздым. «Доңыздың еті қосылған тағамдарды жей алмай, не істерімді білмей жүрмін. Жанымдағы жігіттер мен сияқты жүдеу емес. Қайтсем болады» деп жазылған хатымда. Сонда ағамнан мынадай жауап келді. «Кәкеміз (Ахмет атамызды солай дейтін) адам намаз оқитын кезінде күш, әл-дәрмен қалмаған жағдайда дала қабанының, яғни доңыздың сан етінен намаз оқуға жететіндей қажетті күш алу үшін жеуіне болады дейтін». Содан кейін әлгі етті жеп кеттім. Бір күні теледидардан жаңалықтар көріп отырдық. Сирияның бір аймағын Израиль әскери ұшақтары бомбалап жатқанын көрдік. Бұл жерге кетуге тиіс қасымдағы орыс жауынгері барудан бас тартты. Мен қазақпын, мұсылманмын. «40 жыл соғыста болғанмен ажалсыз өлмейді», «40 көрпенің астында жатса да ажалды тірі қалмайды» деген санама сіңіп қалған. Содан өзім сұранып әлгі жерге баратын болдым. 60 солдат аттандық. Шекарада болдық. Бомбадан тығылатын үңгіріміз болды. Содан менің арабтармен байланысып жүргенімді басшымыз сезіп қойса керек. Қасымдағы солдаттар «чемоданыңда діни кітаптар, заттар болса тезірек тық. Қазір жарты сағаттан кейін тексеру келеді» деп ескертті. Арабтар сыйлаған таза күмістен жасалған кітапша болатын. Оны кейін тауып алармын деп лақтырдым. Кітаптардың барлығын өртеуіме тура келді. Содан тексеру келді. Егер арабтармен діни байланыста болатын болсаң «сотталасың» деп маған ескерту жасалды. Кейін мен арабтармен күндіз емес, тек түн даласында кездесетін болдым. Яғни олардан Құран жаттадым. Құранға түсіп келе жатқанда тағы да офицерлер біліп қойды. Сонымен қызығушылық осы жерден үзілді. Бірақ әскерден араб тілін судай меңгеріп келдім. Көп ағайындымыз. Бауырларыма көмегі тиер, аудармашы мамандығына түсейін деп Алматы қаласына құжат тапсыруға барғанымда, анам алыста жүргенімді қаламай ауылға қайттым. Есімім Шарафадин – «дін даңқы» деген мағынаны береді. Арабтар есімімді, көз жанарым мен шашымның қаралығын өздеріне ұқсатып, қатты құрметтейтін. Дамаскіде Кабун деген базар болатын. Сол базарға мені ертіп барып, заттарын базар бағасынан арзанға түсіртіп алатын, – дейді өткен күндерге шегініс жасап.
– Бір жылдары Болатбек Сүлейменов ағамыз ауылға төраға болып келді. Жан-жақты, сауатты тұлға еді. Ол кісі келген бойы ауылға мешіт салуға кірісті. «Әуелі оған оқыған имам дайын болу керек» деп діндар адамдар шыққан біздің отбасымызға көз салды. Ағам Галажға мептепті қой, бір жылдай оқып кел, мешітке имам бол деп ұсыныс айтады. Ал ағам оған үзілді-кесілді қарсы болып, «мұғалімдіктен күш-жігерімді тауысқан адаммын, Құран жаттау маған қиын болады» деп бас тартты. Інім бар-тын. Оны жас көрдік. Содан мен неге болмасқа деп ойландым. Өзім Сирияда, Шам қаласында, қасиетті жерде болдым. Талаптанып көрейін дедім. Ағам мұны төрағаға жеткізген болуы керек, мені кеңсеге шақыртып ол кісі «Арабия, Түркия, қайда барып оқимын десең де оқытамын» деді. Содан алысқа бармай-ақ Тараз қаласында татар, кейін Түркия молдасын тауып, бір жыл оқып келдім. Мұғалімдігімді қойып, 11 жыл ауыл мешітінде имамдық қызмет атқардым. Жалақы жоқ, қиын тұстар болды. Отбасым бар, балалар өсіп келе жатқан соң, ауыл ақсақалының біріне имамдығымды өткізіп, қайта мектепке ауыстым. Бірақ мешітпен байланысымды үзген жоқпын. Кейін ол ақсақалдың денсаулығы сыр беруіне байланысты, ауыл тұрғындары «сырттан имам керек емес, өзіңіз болыңыз деп қолқа салып» қайта келдім. Қазір екі қызметті қатар алып жүрген жайымыз бар. 15 ағайындымыз. Барлық бауырым, отбасым, балаларым саналы түрде хақ жолға жүрекпен келген адамдар қатарында. Елдің алдында абыройсыз емеспіз. Әулетіміздің бар той-томалағымен қуанышы халал атқарылады.
Бірде атам Ахмет түс көреді. Түсінде марқұм Ораз, Алдашбай, Дәулетназар ахундар өздерімен бірге алып кеткісі келіп, атамды шақырады. Сонда атам «арық қазып жатыр едім, болған соң барамын. Жылжи беріңіздер» депті. Кейін ағам атама «неге арықтың суын жүргізіп кетейін демедіңіз» деп әзілдейтін. Сол арығы бізге берген білімнің қазығы деп білеміз. «Күннің шуағы мейлінше түсіп, көзді аштырмай, сәулесі тым алысқа түсіп тұрды. Шегін таппадым. Артым қияметке дейін жаман болмас» деп жорыған екен тағы бір түсін діндар әкеміз. Соның дәлелі артында қалған ұрпағының бәрі бес уақыт намазын қаза қылмай, жыл сайын Рамазанда ораза ұстайды.
Шарафадин ағамыздың бауырлары, балаларының барлығы діни есімдер еншілеген. Хабиба деген қарындасы бар. Есімінің мағынасы Алланың сүйіктісі дегенді білдіреді. Сыражжадин – дін шырағы, Сағида, Мәлика, Салиха, Рамазан деген секілді.
Зайыбы Ұлжан Иманғалиқызы ауыл мектебінде тәжірибелі мұғалім. Екеуі Несібелі, Ысқақ, Рәбия атты үш перзент өсірген. Бәрі де жоғары білімді, оқу орнын қызыл дипломмен бітірген. Несібелісі тұрмыста, 4 баланың анасы. Ысқағы шаңырақ көтеріп, ата-анасына қуаныш сыйлаған. «Немерелерімнің есімі Иса, Ислам. Келінім Ақмарал өзімізбен әріптес, ауыл мектебінде ол да орыс тілінің мұғалімі. Кенже қызымыз Рәбия білімін жетілдірумен жүр» дейді.
– Рамазан айында көп күнәлар кешіріледі. Дүние салған адамға қабірдегі сұрақтар жеңіл, қабір азаптары болмайтыны айтылады кітаптарда. Ораза тұтқан адамдар Алланың тікелей сарбазы боп саналады. Қазір ауыл мешітінде күнде тарауих намазы оқылады. Оған 70 адамға дейін келеді. Қатарымыз көбейіп жатыр. Қадір түнінде мешітімізге адам сыймай кетеді. Ауылда жылдағыдай емес биыл ораза тұтушы да көп. 300-дей адам ауыз бекітті. Құранның тәпсірінде былай дейді. «Қиямет жақындағанда ер адамдардан әйел адамдардың иманы күшті болады». Уағыз беріп жүрген кездегі тәжірибемізден келтірер болсақ әйел адамдар көбіне уағызды үнсіз тыңдайды, ер адамдар арасында кейде қарсы пікірлер айтылып жататын кездер де болады. Ер адамға қарағанда ауыз бекіткен ауылда әйел азаматшалардың салмақ саны да көбірек. Бұрын ішімдік ішетіндер көп болатын. Оны харам десең, «бидайдан жасалған емес пе, неге харам дейсің» деп ренжіген жігіттер болды. Сол азаматтар уағызды тыңдай келе лас судан бойларын аулақ ұстады. Мешітте барлық жағдай жасалған. Дыбыс шығарғыш құралдан азан, айтылған барлық уағыз ауыл тұрғындарына естіліп тұрады. Жастардың да имандылыққа бет бұрысы көңіл қуантады. Бұл біздің еңбегіміздің еш кетпегенін білдіреді. Оразадан оразаға ел аман, жұрт тыныштықта жетейік. Барлығыңызға Алла мол сауаптан жазсын, – дейді ауыл имамы Шарафадин Ахметов.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
09 сәуір 2022 ж. 698 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 048

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031