» » Отыз жыл ораза ұстаған

Отыз жыл ораза ұстаған

Иә, осы тақырыпты оқыған мына бір аңыз әңгіме ойға оралады. Отыз жыл ораза ұстаған адам бiрде құдық басына келiп, су алу үшiн кезекке тұрады. Ол кезек қанша үлкен болса да, таласып-тармаспай сабыр сақтап тұрғанда, кезектiң соңғы жағынан бiреу айқайға басып:
– Мен бүгiн оразамын! Кезек берiңдер. Қарным ашты, шөлдедiм! – деп шу шығарады. Әлгi айқайшы әр адамға соны айтып, бiртiндеп алға жақындай бередi. Отыз жыл бойы ораза ұстаған кiсi басында мән бермей тұрғанмен, бiр кезде шыдамы таусылып:
– Әй, бауырым, егер ораза тұтқанға жол беру керек болса, отыз жыл бойы ораза тұтқан мен бiрiншi алуым керек емес пе? Сен неге бiр күн тұттым деп, елдi қырып кете жаздап тұрсың?! – деп ашуланыпты. Сонда әлгi кiсi қарқылдап күлiп жiберiп:
– Саған отыз жыл бойы сөзiм өтпеп едi. Ендi мiне, оразаңды мiндет қылып, бар сауабыңнан айырылдың. Маған да керегi осы едi, – деп көзден ғайып болыпты. Осы оқиғада айтылғандай, ораза ұстаған жан қанша жыл аузын бекітсе де, қалай бекітсе де, оны басқаларға міндет санамауы керек. Сауаптан құр қалмау үшін «мен оразамын» деп ешкім жария қылмайды. Осыдан кейін Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген қасиетті айда 30 жылдан бері ауыз бекітіп жүрген тұрғынды табу шын мәнінде оңайға соқпады. Мақсатымыз – оның бес парыздың бірін орындағанын жұртқа жария ету емес, иманжүзді жандарды жастарға үлгі етіп көрсету болатын. Ешкім мен осынша жыл ауыз бекіттім демеген соң таныс, достан сұрау салуға тура келді.
Айткүл Нәжмадинқызы – прокуратура саласының ардагері. Кеңсе маманы болып қызмет еткен ол зейнетке шықса да біразға дейін қызметтен қол үзбепті. Мақтаулы маманға деген сұраныс оның сол салада табанды еңбек етуіне сеп болған. Жасы 70-ке жақындаған ол 20 жыл бұрын өмірлік серігінен, кейін азамат боп ер жетіп тұрған ұлынан айырылған. Алладан ғана күш-қуат пен сабыр сұрап, қиындыққа мойымай, ұл-қызын өзі жеткізген. 8 құрсақ көтерген ананың қазір 2 қыз, 1 ұлы бар. Ұлы Орынбек пен келіні Марина Тәуелсіздік құрдастары. Олардан 5 немере сүйіп отыр. Апамыздың ораза ұстағанына биыл 30 жылға жуықтапты.
– Жас күнімнен ауыз бекіттім. Шіліңгір шілдені, аптап ыстықты да көрдік. Аудандық электр торабы мекемесінен 2 мезгіл аудандық прокуратураға жаяу қатынайтынмын. Қармақшының «Жаяу батыры» деген атым бар (күліп). Спорттан да құралақан емеспін. Бірнеше жыл Президенттік тестке қатысып, жүлделі орын алғанмын. Байқап қарасам қатарластарымның көбі аурушаң. Балтыры сыздайды, басы ауырады. Әлі күнге қарап отыра алмаймын. Көлікке мінгеннен жаяу жүрген жақсырақ маған. 5 немеремді бағамын. Денсаулығымның жақсы болуы үзбей ораза ұстағанымнан болар. Себебі 12 айда бір рет ағзаңмен қоса ой-санаң, жандүниең тазарады. Жаны тыныш, ойы таза, жақсы сөз айтқан адамның қолы да, жолы да ашық болады, – дейді оразаның пайдасымен бөліскен анамыз.
Әңгімесінен оның белсенділігін аңғару қиын емес. Бір басынан өткен қиындықтарға қарамай позитивті көзқараста. Мұңайып жүргісі жоқ. Қолында артық дүниесі болмаса да жылы сөзбен сауап жасағанды жөн көреді. «Жақсы сөз жарым ырыс» дейді. Балалар үлкендерден көргенін қайталайды емес пе?! 2 сыныпта оқитын немересінің алды Алмасбек әжесі мен Назерке тәтесінің оразаға дайындығын көріп, ауыз бекітейін деп өтініпті. Баланы жастайынан төзімділікке, сабырлық пен қанағат етуге тәрбиелеу ертеңгі күні үлкен жемісін береді.
Алланың адам баласына берген шексіз нығметі, теңдессіз сыйы саналған ораза – тікенді жерге табан тигізбей, сақтанып жүретініміз секілді, күнәға бетпе-бет келуден сақтайтын, жан дүниемізді, мінез-құлқымызды жақсылыққа тәрбиелейтін, рухани түлетіп шығаратын құлшылық. Ауыз бекітудің адам өмірін ізгілікке бастайтынын білген пенде одан бас тартуы мүмкін емес.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ
24 сәуір 2021 ж. 916 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 051

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031