Жыр жаттап жарысты
Аудандық кітапханада өлкеміздің халықтық дәстүрінде сақталған ауыз әдебиеті жауһарларын таныстыратын жоба аясында «Батырды ұлықтау – тарихымызды ұмытпау» атты байқау өтті. Байқаудың негізгі мақсаты – ұмыт бола бастаған батырлар жырын, қисса-дастандар мен арнауларын жаттауға өскелең ұрпақты машықтандыру.
Қатысушылар әр ауданда бөлінген батырлар жырын жатқа айту бағыты бойынша бақ сынады. Қармақшы ауданына «Текей батыр» жырлары берілді. Осыған орай аудандық кітапханада оқырмандар арасынан 17 оқушы бақ сынады. Байқаудың шарты бойынша 5-9 сынып оқушылары сайысқа түсті.
Жыр жаттаған өрендер тыңдаушыларды тәнті етті. Қазылар алқасының шешімімен І орынға Алдашбай ахун ауылдық кітапханасының оқырманы Айымжан Астамқұл лайық деп танылса, ІІ орынды Иіркөл ауылдық кітапханасының оқырманы Жансая Асанова қанжығасына байлады. Ал ІІІ орын балалар кітапханасының оқырманы Кәусар Ысқақ пен аудандық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің оқырманы Жанзия Сармолдинаға бұйырды. Өзге қатысушылар алғыс хатпен марапатталды. Ашық дауыс беру арқылы анықталған жеңімпаз оқушы облыстық байқауға жолдама алды.
Гүлжамал ЖАНӘДІЛОВА,
аудандық кітапхананың әдістеме-библиография бөлімінің меңгерушісі
аудандық кітапхананың әдістеме-библиография бөлімінің меңгерушісі