Үш мүскін
Жастары жетпістен асып сексен деген сеңгірге кетіп, біраз адамдар қадірлеп сыйлайтын, өткенге қимас көзбен қарайтын, қадірлейтін кісілердің өмірінде, артта қалған сүрлеуінде соғыс деген елес қалып қойған.
Сол соғыс аяқталысымен біздер іле-шала дүниеге келдік. Соғыс аяқталғаннан кейін де, ауыртпалықты мойындарымен көтерген, болашаққа сенген, қарапайым отбасында өмір сүрдік. Бала болсақ та соғыс жүректерін тілгілеген, болашақтарына, қиялдарына балта шапқан, ықылым заманнан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан кейбір тұқымдардағы жалғыз ұлдардың соғыстан қайтпай қалып, мәңгілікке кеткенін бала жүрегіміз сезіп өстік.
Қазақтың жері бай, бар байлығымыздың бастауы осы байтақ жеріміз. Елімізде үлкен-үлкен дамыған қалалар, облыстар, аудандар бар. Сондай аудан – дарияның жағасында орналасқан Қармақшы өңірі. Қармақшы киелі жер, әйтпесе жер бетін шарлап жүріп абыз ата Дәдам Қорқыт осы жерге келіп жантайып, дамылдар ма? Осы ауданға қарасты Ақжар деген елді мекен бар. Алғашқы іздері сонау 1928-1929 жылдары серіктестіктер, артельдер болып қаланған 6-7 колхоздан тұратын бұл өңір 1955-1956 жылдары үлкен совхоз болып бірікті. Уақытында әр кезеңде қарыштап дамып, алға да шықты. Дағдарысты, ауыспалы кезеңдерде құлдырап тоқырауды да бастан кешті. Қазір экономиканың жаңа ықпалына қарай қайта түрленіп өмірге бейімделуде. Осы 6-7 колхоздың өткені, әртүрлі кезеңі – ол тарих, шежіре. Өзінің тұғындары бағалайтын, қадір тұтатын мұрасы дер едім.
1941 жылы соғыс басталғанда осы елді мекендерден 19 бен 41 жастың арасындағы атпалдай-атпалдай жарау, дені сау жігіттерден 350-ден аса азамат, кейбір үйден 2-3 адамға дейін майданға аттанған. Солардың елге қайтқаны архивтегі дерек бойынша 100-ге жетпейді екен. Оның да көбісі мүгедек, кемтар болып оралыпты.
«Оян» деген колхозда тұрған жастары енді 19-20-ға толған ағайынды Бақи мен Сақи Кішенов соғысқа 1941 жылы аттанып кеткенде артында балаларының жолын тосып Кәмила аналары қалыпты. Соғыс аяқталғанша ол кісі қайтыс болып кетіп, Телеу ағайындар жер қойнына тапсырып, үйінің есігін құлыптап қойыпты. 1945 жылы балалары Бақи мен Сақи дендері сау, елге орден-медальдар тағып оралады. Сақи әскери штабта қызмет етіп офицерлік атақ алса, Бақи да аман-есендікте елге жетіп, дүниеден өткенше халыққа қызмет етіп, абыройлы болды.
Соғыс бүкіл қазақ халқының жүрегіне жара салды. Ұлт болып қалыптасып, енді бой түзеп келе жатқанда игіліктерге тосқауыл болып, елдің тұрмысын құлдыратып жіберді.
Зұлмат соғыс қоғамды, оның жоспарын, мақсатын тоқтатып қойды. Бүкіл елдің байлығы, жиған-тергені, идеологиясы тек соғысқа арналды. Қазақ отбасыларында соғыстың зардабы тимеген, азарын көрмеген жанұя жоқ шығар. Соғыс кезіндегі ауыртпалықтың ең ауырын әйелдер көрді. Сүйіп қосылған қосақтарын соғысқа шығарып салып, ел ішіндегі колхоздың бүкіл шаруасын арқалап өгіздей өрге жетеледі. Мал бақты, фермаларға ие болды, жер жыртып, егін екті.
Балаларына нан тауып беру керек еді, оларды ел қатарына қосу міндеті мойындарында болды. Олар не көрмеді, нені бастан кешпеді?
"Тар жол, тайғақ кешу" деген осылардан қалған шығар. Күйеулері майданға кеткенде құрсақта қалған балаларды дүниеге алып келіп, ерлерінің орнына трактордың рөліне отырып, колхоз бастық бөліп, өлшеп берген жерді жыртып шығу үшін жөргектегі баланы орап, қымтап атыздың, жаптың, шөптің ықтасына қоя жүріп, тракторды шыр көбелек айналдырған да аналар болған. Сөйтіп, жоспар орындап, жеңісті жақындатуға орасан еңбек етті. Тіпті, жаңадан қосылған бойдан соғысқа кеткен, қайтпай қалған жарын өмір-бақи күтумен өмірін өткізген небір арулар да болыпты. Мұндай хикаялар ел арасында сақталып қалған, әрқайсысының өмірі бір-бір дастан.
Менің бала күнімде шамамен 1950-1960 жылдары өзім оларды әже дейтінмін. Бүкіл бізге қарасты туыстардың әжесі еді, үш мүскін, соғыстың үш құрбаны, үш ана, үш әз әже бар еді. Балаларынан көз жазып қалған, немере сүймеген, арманда кетіп, қайғымен қан жұтып өмірлері таусылды, армандары құрдымға кетті.
Олар Балым әже, Алма әже, Айшагүл әже еді. Ұлтымыздың тарихында кіші жүзде Жетіру деген үлкен тайпа бар, соның ішінде Телеу атты аталық бар. Ең үлкені Балым әже болатын. Осы күні Нұртай Әлібаев, Топжарған Сүлейменов деген туыстарға қарасты кісі еді. Өкінішке орай, баласының аты есімде қалмапты.
Соғысқа кеткен жалғыз баласын өмір бойы көзі жұмылғанша күтумен өтті. Тіпті, ел қатарлы мал жинап, қора-қора қой-ешкі, сауын сиырлар ұстап, күбі-күбі айран шайқап, шыпта-шыпта ірімшік пен құрт істеп жаздай кептіріп жинайтын, тіпті Қуаңдариядағы Нұртай ағада түйелері де бар дейтін. "Балам келеді, келіп қалса қамсыз отырмауым керек, той жасаймын ба, жоқ болып кеткеніне сенбеймін, күдерімді үзбеймін, бүгін келмесе ертең келеді" дейтін. Ірімшік-құртын бала-шағаға ырым қылып тарататын: «Сендер де менімен бірге баламды күтіп алар ма екенсіңдер?» деп отыратын.
Тыныштық көрмейтін, орта бойлы, қағілез, пысық кісі еді. Топжарған ағаммен қабырғалас екі бөлмелі үйде тұрды. Ауылдағы үлкен кісілер ол кісімен жиі сөйлесіп тұратын, кейбір жоқ-жұқа бала-шағалы отбасына көмек беретін. Балым әже дүниеден өткенде үлкен әкелеріміз Досай, Тұрмағамбет, Кенжебай, Шөкетай, Сыдық молда деген кісілер, ағаларымыз Ес, Нұртай, Алпысбай, Біртай, Есдәулет, Шындәулет, Әби, Әубәкір, Әбдіраш, Аяған, Тасқаралар «Балым кемпір кетті, бір шаңырақтың түндігі жабылды, есігі жабылды» деп ренжіді.
Екіншісі, Алма деген әже еді. Телеудің ішінде Ноғай Телеу деген аталыққа қатысты Сақтаған деген кісінің әйелі болатын. Ұзын бойлы, ақсары, көзі көк, тазайым, ішіп отырған шәйінің кесесін қайта-қайта жуып-сүртіп отырады екен. Алма әже оншақты құрсақ көтеріпті. Соңында Әбжәли деген ұл бала ғана тұрақтапты. Алдыңғылары үйелмелі-сүйелмелі бола бергенде қызылшасы бар, шешегі бар, сүзегі бар тұрмапты.
Әбжәли мектепте оқып, сауатын ашып, әп-әдемі жігіт болып келе жатыр еді. Жасы 19-ға толғанда соғыстың тізіміне ілікті. Бір жылға толар-толмастан соғыстан қаралы қағаз келді дейді үлкендердің айтысы. Сақтаған әкеміз үлкейіп қалған кезі екен, баланың күйігі қойсын ба? Соғыстың аяғына таман аты жаман ауруға шалдығып, дүниеден өтіпті деп туыстары еске алатын.
Алма әже де қара қағазға сенбей, «Балам тірі кеткен, өлген жоқ, келеді, келіп қалатын шығар, жұрттың балалары секілді келе жатқан болар, кеткен жағы алыс көрінеді. Пойызбен кетіпті, жол ұзақ, күдерімді үзбеймін, жалғызымды күтіп аламын, келе жатқанда мына ақ жібек жаулығымды тартып шығамын, келгесін үйлендіремін, немерелі боламын, оларды жетектеймін» дейтін.
Алма әженің тегі Телеудің ішіндегі Керейлі деген аталықтан, бір бай-бақуатты тұқымның апалы-сіңлілі екі қызының бірі екен. Бірінің аты – менің Алма әжем де, екіншісі – Жағыш деген кісі. Жасында Жағыш та ұзын бойлы, аққұба, әдемі кісі болыпты. Әкелері қыз күнінде бойжеткен екі қыздың бірін боз жорғаға, екіншісін қара жорғаға мінгізіп көшкенде, көштің басына жібереді екен. Жағышты Керейт Жалғасбай деген ұстаға берген екен. Олардан тараған ұрпақ бүгінде бір рулы ел. Үшіншісі, Айшагүл деген өзімнің әжем, бізге қарасты тұқымның кісісі. Ноғайлы Телеу Ыстықбайдың інісі Жетімек деген кісінің әйелі еді. Шыққан тегі Қожагелді Сәмет деген кісінің қарындасы дейтін. Жетімек пен Айшагүл әжемнен де тұқым жоқ, балалары тұрмаған. Сөйтіп, жүргенде соғыс басталып, соғыстан тіпті қара қағаз да, хабар да жоқ. Әжеміз жолдасының жолын тосумен өмірін өткізіп, туыстардың арасында болып күн кешті. Ол ұзын бойлы, арықша келген кісі тұғым. Үлкейе келе Тасқараның үйін, одан менің әкем Дүйсеннің үйін паналап, қыстап шығып, күн жылысымен көше жақ бетке (Ақсайдың бойында) үйін тігіп, от жағып, тіршілік етіп отыратын. Әжемізге қолымызға түскен құрт-ірімшік, ащы кәмпит, пряник алып келетінбіз. Жазда арық-атызда су көп. «Әже балықты жақсы көреді» деп шабақ аулап, балық ұстап әжемізге алып келеміз. Әжеміз шабақтарды аршып, тұздап, от жағып, өзінің нан көметін табасына пісіріп, бар баланы қарық қылатын. Әжеміздің жаздай айраны мен сүті мойнымызда еді. Әжені кейін келе, 1950-ші жылдардың аяғына таман, менің туған апам Сағира мен жолдасы Бақи Кішенов екеуі совхоз орталығында 4-5 бөлмелі үйлеріне қамқорлық танытып, кіргізіп алды. Дүниеден өткенше солардың қолында болды. Апам мен жездем жұмыста жүргенде үйіне ие болып, балаларын бағып, отбасының бір адамы, әжесі болып сіңіп кеткен-ді. Өмірден өтер кезінде де, аузына сусын, басына жастық болып, ақ жуып арулап, жер қойнына тапсырды.
Иә, кейін білгеніміздей, бұл үш мүскіннің, үш кейуананың қасіреттері бір екен ғой. Арман-тілектерін жарты ортадан қиған соғыс деген нәлетті қарғап, көздерін жұмған шығар. Жер бетінде адам адам болғалы қауымдасқаннан бастап, талай-талай соғыс болған шығар. Тарихта орыстар француздармен соғысын, Отан соғысы, немістермен соғысын Ұлы Отан соғысы деп атаған. Осы Ұлы Отан соғысы кейбір деректерде 20 миллионнан астам адамды опат қылған дейді. Тіпті одан да көп шығар. Орыс жерінің ой-шұңқырында Еуропаға барар жолдарда талай қазақтың баласының сүйегі қалып қойды ғой. Олар өздерімен бірге армандарын, болашағын жат жерде тоқтатып, мәңгіге қоштасып, тектерін, тұқымдарын да ну орман мен ұрыс даласында қалдырды.
Жер бетінде адам деген бір ғана асыл тұқым өзгеше өскін бар. Сол адам Жердің бетін өзгерткен, гүлдендірген, адам өзі сенбейтін жаңалықтар ашқан. Ата-бабалары жасап кеткен істерге ғасырлар өткеннен кейін оның ұрпақтары бұл істерге сенімсіздікпен қараған. Сол жасампаз адамзат баласы осы жер бетіндегі игі істерді өзі жасаса, сол адамзат тарихтағы жойқын соғыстарды, қантөгісті, қырып-жоюды, жердің бетін бүлдіруді, өз ұрпағын өзі жылатуды да өзі жасайды. Өздері содан зардап шегіп, өздері жылайды. Соғыссыз, тыныш бейбіт өмір сүру, бір-бірімен келісімге келу, қолдарынан келетін іс қой. Мен үлкен ретінде бейбіт, мамыражай, тыныш өмір сүруді тілеймін.
Осы жазғандарымды өмір-ғұмырында балаларын күтіп, көздерін батысқа қарап, көлегейлеп жол тосқан, бүгінде атаусыз ұмыт болып, артында іздейтін ешкімі жоқ осы үш мүскінге арнаймын.
Бихан ДҮЙСЕНОВА,
ардагер ұстаз
ардагер ұстаз