Жастар – елді алға бастар
Байқоңырдағы №275 орта мектепте «Жас ұстаздар» орталығы жоспарына сәйкес, «Көркем еңбек» пәнінің мұғалімі, сарапшы-ұстаз Қарлыға Оспанованың жетекшілігімен «Өнерлі жастар – елді алға бастар» тақырыбында шеберлік сағаты өткізілді. Оған мектепішілік «Жас ұстаздар» орталығы мүшелері қатысты.
Ата-бабамыздың халыққа сіңірген орасан зор еңбектерін жас ұстаздарға насихаттау, қолөнер түрлерімен таныстыра отырып, оларды шығармашылыққа баулу, іздену қабілеттерін дамыту, еңбекке қызығушылығы мен ой-өрісін кеңейту және ұлттық тәлім-тәрбиені бойына сіңіру іс-шараның басты мақсаты етіп алынды. Сондай-ақ қолөнер бұйымын жасау барысында ұқыптылыққа, үнемділікке көңіл бөлініп, қауіпсіздік ережесін сақтау да назарда ұсталды.
Қарлыға Аманқосқызы жас ұстаздарға шеберлік сағатының тақырыбы мен мақсатын баяндаудан бастады. Психологиялық жағымды ахуал қалыптастыру мақсатында «Наурыз» әнінің сөзінен үзінділер таратылып, әннің сөзі бойынша жас ұстаздар топқа бөлінді.
Сондай-ақ, «Шебер ұстаздың шыңы – шығармашылық» тақырыбында сарапшы-ұстаз жас мамандарға бейнелеу өнері және қолөнер саласы бойынша өзінің қатысқан республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі жеткен жетістіктерімен таныстырды.
Негізгі бөлімде, жас ұстаздар топта бірлесе отырып әрқайсысы фетр материалынан киіз үй кәдесыйларын жасады. Шеберлік сағаты басталмас бұрын, модератор жастарға киіз үйдің қазақ халқының көшпелі өмір сүру салтына байланысты пайда болғанын, оның киізден жасалуының себебі қазақтардың ата кәсібі мал шаруашылығы екенін және киіз үй жыл мезгілдерінің әрбіріне бейімделіп жасалатын көшпенді халықтың дөңгелек пішінді тұрғын жайы екені туралы айтты.
Басқосу соңында, ою-өрнектермен әсемделіп жасалған «Киіз үй» кәдесыйын жас ұстаздар өздерімен бірге естелік ретінде үйлеріне алып кетуге мүмкіндік алып, іс-шарадан алған керемет әсерлерімен бөлісті.
Бағила КЕНЖАЛИЕВА,
№275 орта мектептің
мұғалімі