» » Өсімдікке өмір сыйлаңыз

Өсімдікке өмір сыйлаңыз

Көктем келсе, жердің тоңы жібіп, көк көктеп, гүлдер құлпырады. Есік алдына отырғызылған гүлдер бүршік жарып, көз қуантады. Ал бөлме гүлдері бізге жыл бойына осындай қуаныш сыйлай алады. Тек оларды дұрыс баптап, күте білсек болғаны. Сондай-ақ қазір «фитодизайн» деген терминді жиі кездестіреміз. Бұл – өсімдіктерді көркемдеп әшекейлеу. Оны жасау үшін өзіндік орындалу тәртібін де білу қажет. Бүгінде бұл қолданысқа жаңадан еніп келе жатқан сала болғандықтан, нағыз мамандар мен шеберлер аз. Ал талғампаз дүниеге қызығушылық танытушылардың қатары артуда.
Фитодизайнда кез келген композицияны құрастыру үшін өсімдік түрлері, құты, ұстатқыштар, арнайы құрал-саймандар қажет. Оған бөлме өсімдіктері, кесіп алынған өсімдіктер, жасанды өсімдік түрлері қолданылады. Тірі өсімдіктерді пайдалану жыл мезгілдеріне байланыс­ты, ал жасанды гүлдерді дүкеннен сатып алып немесе қолдан құрастыруға, синтетикалық, табиғи материалдан жасауға болады. Фитодизайнда басымдық берілер нәрсенің бірі – өсімдік салынатын құтылар. Олар – шиша, пластмасса, фарфор, қыш, тас құтылар болып бөлінеді. Оларды да арнайы дүкеннен тапсырыс беру арқылы алуға болады.
Дизайнның бұл бағыты – түрлі гүл мен өсімдіктің үйлесімділігіне бағытталған. Бөлме гүлдері сән үшін де, бөлменің ауасын тазарту үшін де қажет-ақ. Жасыл түстің өзі адамға тыныш, әрі жайлы атмосфера тудырады. Мұндай саланы балаңызға үйреткіңіз келсе, аудандық оқушылар үйінде «Фитодизайн» үйірмесі жұмыс істейді. Өсімдікке қамқорлық жасауға құмартқан оқу­шылар үйірмеге үздіксіз келеді. Әрбір топта 12 оқушыдан құралған, 4 топ үйірменің тұрақты қатысушылары. Ал үйірме жетекшісі Майра Зұлпыхарова оқушыларының жасылға құмар екенін алға тартады.
– Өркениетті ел болашағы – білікті, білімді, шығармашыл, бәсекеге қабі­летті жас ұрпаққа тиесілі. Міне, осы орайда барлық қосымша білім беру ұйымдарынан түлеп ұшқан көптеген өнерлі жастар бүгінде өнер мен білім ордаларында өздерінің кәсіби деңгейлерін шыңдап, ел игілігі үшін қызмет етуде. Озық білімге құштар, ынталы, іскер балаларымен жұмыс істеуде «Фитодизайн» үйірмесінің алатын орны ерекше. Үйірменің алға қойған мақсаты – табиғи шеберханаларды пайдаланып, оқушылардың өсімдіктер туралы түсініктерін кеңейту, дамыту, алған білімін іс-жүзінде өздігінен қолдана білуге, түрлі өсімдік пен тұрмыстық заттардан гүлдерді әсемдеу, заман талабына сай сәнді интерьер құрастыру мен орналастыруды, флорариумдар мен композициялар жасауды, үйлесімді фитодизайн қалыптастыруды үйрету. Жер шарында қанша құрлық болса, сол құрлықта тіршілік ететін, сол климатқа сәйкес жасыл өсімдіктер де әртүрлі болады. Сондай-ақ біздің елімізде тіршілік ететін небір бағалы, емдік, сәндік өсімдіктерді қорғау әрбір адамның парызы. Олардың қоршаған ортаның ластанған ауасын тазартып адамзатқа өмір сыйлайтын, оттекті бөліп, құлазыған көңілін жадырататын қасиеттерін естен шығармауымыз керек, – дейді Майра Зұлпыхарова.
Үйірме мүшелері бөлме өсімдік­терінің әртүрінен жасалатын сәнді флорариумдар туралы ақпарат алады. Кез келген бөлменің, кеңсенің, сынып ішінің сәнді интерьерін жасауға арналған фитодизайнның бір саласы вертикалды көгалдандыру және флорариумды яғни, шыныға гүлдерді өсіріп, дұрыс орналас­тыру, әдемі композицияны өз қолымен жасаудың сырын үйрену, олардың дұрыс өсу үшін қажетті күтім жасаудың маңыздылығын түсінеді.
– Біздің қазір көп қолданатын за­тымыз – мүк. Бұл арнайы тұрақ­тан­дырылған, кепкен бұғы мүгі. Табиғи шөп. Оны Алматыдан алдырамыз. Негізі Қазақстанға Ресей, Скандинавия елдерінен келеді. Мұндай орманда өсетін шөптер біздің солтүстік өңірде де өседі. Бірақ көлемі аз болғандықтан жұлуға тыйым салынған. Мүктің пайдасы да жетерлік. Пан­демия кезінде шетелде осы мүк көп сұранысқа ие болған. Себебі ол бөлмені сәндеп қана қоймай, түсінің өзі қарағанда адамның шаршағанын басып, шөптің ерекше жағымды исі арқылы ауадағы вирус пен бактерияларды жойып жібереді. Өзіне шаң жинамайды. Күтімі де оңай. Бөлмені ылғалдап, таза ауа кіргізіп тұрса жеткілікті. Ал сақталу мерзімі 20-25 жылға дейін жетеді. Өзінің өңін құртпай, ұзақ уақыт тұра береді, – дейді үйірме жетекшісі.
«Фитодизайн» үйірмесі арқылы балалар қандай өсімдіктердің сирек кездесетінін, Қызыл кітапқа енгенін және оларды қолдануға болмайтынын біледі. Осылайша балалар біртіндеп табиғатты сүюге және құрметтеуге үйренеді, әр өсімдікке көркем образ ретінде назар аударып, қамқорлық жасайды. Мұның бәрі адамға ерекше креативті, заманауи және табиғатқа жанашыр болуға үндейді. Ал мұны меңгерген жанға үлкен шығармашылық өмірге жол ашылмақ. Әзірге нарық бос. Бұл саланы терең меңгеріп, өсімдікке өмір, табиғатқа қамқорлық сыйлаймын десеңіз мүмкіндік мол.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
02 сәуір 2022 ж. 887 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 050

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031