Әр бала – бір жұлдыз
ӘРБІР ҰЛТТЫҢ АРМАНЫ БІРЕУ – ОЛ ҰРПАҒЫНЫҢ АМАНДЫҒЫ МЕН ЕЛІНІҢ ТЫНЫШТЫҒЫ. БЕЙБІТ АСПАНДА ҰРПАҚТЫҢ ШАТ КҮЛКІСІ ЕСТІЛСЕ, ОДАН АРТЫҚ АДАМЗАТҚА НЕ КЕРЕК? ИӘ, СОЛАЙ ЕМЕС ПЕ? ОСЫ ШЕКСІЗ БАҚЫТ ИЕЛЕРІНІҢ ҚОҒАМДАҒЫ ОРНЫН ЕСКЕРГЕН МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫ – «БАЛАЛАР ЖЫЛЫ» АТАДЫ.
Айтулы жылға орай, тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицей ғимаратында орналасқан «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» мемлекеттік коммуналдық мекемесіне бет түзедік. Жылы шырайда күтіп алған мекеме басшысы, жоғары санатты мұғалім Ләззат Мусаева көп кідіртпестен, атқарып жатқан жұмыстарымен таныстыра кетті. Ол әңгімесін алдымен кіреберіс дәліздің оң жақ бұрышындағы «Әр бала өзгеше, ерекше» атты қабырғаға ілінген фотосуреттерден бастады. Мұнда орталыққа келуші балалардың түрлі байқаулардағы жетістіктері көрініс тапқан. Атап айтсақ, Назым Абдұлқасымқызы халықаралық «Жұлдызай» фестивалінен вокаль бойынша І орын алса, Нұртуған Рүстемұлы республикалық «Туған елім – алтын бесігім» атты байқаудан жүлде алған. Ал, Ахметжан Қылышбеков республикалық «Отаным, саған айтамын» атты сурет байқауынан І орын алыпты. Нұржан Әскербекұлы республикалық «Балбұлақ» балалар шығармашылығы байқауының «Тәуелсіздік – ел еркіндігі» аталымы бойынша жетістікке жеткен. Осы қатарда Нұрсұлтан Тоқшылық, Әмірлан Ханжаббар, Назар Самалбек, тағы басқа да балалардың шығармашылық жарыстардан жеңістерін көруге болады.
Мұнан соң Ләззат Сұлтанбекқызы түзету кабинетіне қарасты 5-6 арнайы бөлмелерді аралатып, ондағы мамандардың балалармен жүргізіп жатқан жұмыстарын көрсетіп шықты. Бір қызығы, әрбір бөлме кәсіби деңгейде жабдықталса, есіктің сыртында екі алақан, көңілді смайлик, жүрекше мен музыкалық нотаның суреттері салынып қойылған. Қызығушылықпен, «Бұл суреттер нені білдіреді?» деп сұрадық. Айтары сол, бұл суреттер және де барлық бөлменің кіреберіс жақтауына жапсырылған. «Таңертең бала келгенде бөлмеге кірместен бұрын мына суреттердің ішінен бірін таңдайды. Мысалы, «алақанды» таңдаса, онда ұстазы екеуі қол берісіп амандасады. Егер, «жүректі» таңдаса, бір-бірімен құшақ жайып сәлемдеседі. «Нотаны» таңдаса, көңілді бимен жаңа күнді бастайды» деді мекеменің басшысы сауалымызды елеусіз қалдырмай.
Біз де әлгі белгілердің бірін көрсету арқылы, амандасып, бөлменің ішіне ендік. Онда әлеуметтік-педагог Гүлжан Досмырзақызы мен дефектолог Райхан Әбдіраман қызу жұмыс үстінде екен. Мекеме басшысы бұл бөлмені «Монтессори» және «Лекотека» кабинеті деп таныстырды. Айтпақшы, ұзын дәліздің қабырғасында зейініңді бірден аудартатын қолдан салынған картиналар кереметтей әсер қалдырады. Мұнда да талантты балалардың облыстық, республикалық сайыстардан жеңіп әкелген картина-суреттері кереметтей эстетикалық талғам беріп тұр.
«Монтессори» әдісі дегенді біраздан естиміз. Бірақ оның нақты қандай әдіс екенін әлеуметтік-педагог Гүлжан Досмырзақызы тәптіштеп түсіндіріп берді. «Монтессори 5 аймақтан тұрады. Олар – математикалық, сенсорлық, жаттығулар, тілдік және ғарыштық аймақтар. Бала кабинетке кіргеннен бастап осы әдістермен жұмыс істейміз. Бізге келгенде әр бала сәлемдесіп болған соң, аяқ киімін өздері шешеді. Себебі ол, күнделікті өз-өзіне қызмет көрсету дағдысын қалыптастырады. Мынау, біз күнделікті қолданылатын ыдыс-аяқ түрлері. Тұрмыстық жағдайда бала осы ыдыстармен оны қалай пайдалануды, қалай тұтынуды үйренеді. Қалай қасық ұстап, қалай тамақ ішеміз. Яғни, баланы өмірге бейімдеу – басты жұмысымыз. Тұрмыста қандай қажеттіліктер болады, соларды үйретіп отырамыз. Жуылған киімді қалай ілеміз, оны қалай жаямыз, кептіреміз дегендей. Бізде осының бәрін үйрететін арнайы әдістемелік құралдар алынған. Ғарыш аймағында ғарыш әлемі жайында айтсақ, сенсорлық аймағында – көру, сезу, түсіну, есту, сипау арқылы өмірге дағды қалыптастырады. Келесі – ойын үстелі. Онда балалар ұсақ қол моторикасын дамытады. Математикалық аймақта әртүрлі фигураларды ажырата біледі. Тілдік аймақта әріптерді жан-жануарлар мен жеміс-жидектердің суретін көрсету арқылы айырады. Сондай-ақ, үй жағдайында балаға керекті тазалық жасау: үй сыпыру, шаң сүрту секілді шаруаларды осындағы әдістемелік құралдар арқылы көрсетіп, бала қажетіне жаратуға тырысамыз» дейді әлеуметтік педагог жұмыс барысындағы үрдісті түсіндіре келе.
Түзету кабинетіне келетін балалардың денсаулығында кінәрат болатындықтан, олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде дефектолог маманның да қызметі ауадай керек.
– Мен туа және жүре пайда болған бойында кемістігі бар балалармен жұмыс істеймін. Менен 16 бала қызмет алады. Олардың арасында науқастылығының ауыр да, жеңіл де түрі кездеседі. Тілдік қоры аз, сөйлеуге қиналатындары да бар ішінде. Кей бала мүлдем сөйлей алмай келеді. Логопед маман дыбыстарды қоюға көмектессе, ал мен оны әрі қарай дамытып, сөйлетіп жатырмын. Ол үшін жаңа бағыттағы әдіс-тәсілдерді пайдаланамыз. Сурет құрастыра отырып, баланың сөйлеу тілін дамытсақ, математикалық білімі қоса игеріліп отырылады. Мысалы, мына суреттегі алманың нешеу және түсінің қандай екенін құрастырмақ кезінде балаға үйрету әлдеқайда жеңіл және тиімді, – дейді дефектолог маман Райхан Мұхамбетәлиқызы.
Түзету мекемесінің тағы бір маңызды бөлмесі – сенсорлық кабинет. Онда педагог-психолог Рауа Бұйрабаева қызмет көрсетеді. «Баланың қоғамға, қоршаған ортаға бейімделуіне сенсорлық бөлменің маңызы айрықша. Ақыл-ойының, есте сақтау қабілетінің дамуына септігі зор. Алғаш бізге келгенде балалардың дені ашуланшақ болып жылап келеді. Сондайда релакс музыка қосамыз. Өзіңіз көріп тұрғандай, бөлме түрлі-түсті жабдықтармен жарақталған. Мысалы, «Құрғақ бассейн» жұмсақ шарлармен толтырылған.
Ол науқастың орталық жүйке жүйесінің, тыныс алу ағзасының, жүрек-қан тамырлары мен тірек-қимыл қозғалысының қызметін жақсартуға жақсы жәрдемдеседі. «Құм терапиясының» – баланың қиял, бейнелік, сөздік, логикалық ойлауына септігі мол болса, «Құрғақ душ» – сергектік сыйлай алады. «Құс жолы кілемшесі» – визуалды сезімдерді дамытса, «Музыкалық жастықша пуфигі» – бала денесіне массаж ретінде жайлы әсер етеді. Тағы бір тиімді әдісіміз – «Сенсорлық соқпақ жол», «Ғажайып тасбақа», «Түрлі-түсті дидактикалық балалар манежі», «Көп функционалды кемпірқосақ жиынтығы (кубиктер)», «Қуыршақ театры» секілді дидактикалық құрал-жабдықтардың балалардың түстерді көріп-қабылдауына, ажыратуына, зейіні мен есте сақтау қабілетінің артуына және қимыл-қозғалысының ширауына ықпалы көп» дейді ол тәжірибесімен бөлісіп.
Орталықта бала денсаулығын түзете қалпына келтіруде педагог-логопедтің де айтарлықтай орны бар екені рас.
«Логопед болып жұмыс істегеніме он жылдан асты. Сарапшы-педагог санатындамын. Біздің қызметке сұраныс та, өтініш те көп-ақ. Жас деңгейіне байланысты қабылдаймыз. Сабақ кестеме сай 18 баланы қабылдап жатырмын. Бір өкініштісі, қоршаған ортаның ба, әлде телефонның әсері ме екен, сөйлемейтін балалар көбейіп кетті қазір. Әсіресе, сөйлеу тілі тұрмыстық деңгейден аса алмайтындар басты орында. Ата-аналарға бала сөйлемесе немесе әріптерді дұрыс айта алмаса, 2 жастан бастап-ақ әкеле беріңіздер біздің көмекке деп жатамын. Бірақ соның өзі кейде кеш болып қалады. Көбіне мектепке баратын уақытта, 5 жасқа толғанда әкеледі баланы ата-анасы. Жалпы бала бір жарым жасынан бастап сөйлеуі тиіс. Сол жастан асты ма, маманға сүйеніңіз. Проблема болған жағдайда, әуелі невропатолог дәрігер қарайды. Біз дәрігердің қойған диагнозына сай, әрі қарай жұмыс жүргіземіз. Нәтижелеріміз жаман емес. Бұл жерде ата-ана басты рөлде. Менің үйде жасау керек тапсырмаларымды тиянақты орындаса, әлбетте нәтижеге тез қол жетеді. Тәжірибемде бір аптада сөйлеп кеткен балалар болды. Ең жеңіл диагноз – ол дыбыс қою болып саналады. Бала үйде күнделікті айтқан жаттығуларды қайталап, дұрыс жасап отырса, әрі кеткенде 3 айда нәтижеге жетуге болады» дейді білікті маман Мереке Жүсіпова.
Сондай-ақ айтулы мекемеде Гүлжаухар Нұрпейісова, Назерке Әлібекқызы, Балнұр Шорманова тағы басқа да кәсіби мамандар бала денсаулығының жақсаруына аянбай еңбек етіп жүр.
Жұмыс үрдісінде ата-аналармен де дидарласудың сәті түсті. Кент тұрғыны Мая Маханованың мұндағыларға айтар алғысы шексіз.
– Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне Нұржанымды әкеле бастағаныма біршама уақыт болды. Осында келгелі баламда жақсы өзгерістер байқалады. Бұл жаққа келмей тұрғанымызда бізді тыңдаңқырамайтын, сөйлемейтін. Қазір шүкір, жаймендеп нәтижеге келе жатырмыз. Қысқа сөздерді айтатын болды. Бұл кісілердің көрсететін қызметімен қатар, адамгершілік қасиеттеріне де разымыз. Ақыл-кеңес беріп, бағыттап отырады. Нағыз өз ісінің шеберлері. Ата-ана ретінде айтатын өтінішім бар еді. Түзету кабинеті бүгінде мектептің ішінде орналасқан. Мекеме негізінен науқас баламен жұмыс жүргізетіндіктен, бұларға тыныштау жер қолайлы болмақ. Келешекте өздеріне бөлек орын берілсе, біздерге, ата-аналарға да ыңғайлы болған болар еді, – дейді Мая Маханова ата-ана ретінде өтінішін жеткізіп.
Түзету кабинетін 2015 жылдан бері тәжірибелі психолог-дефектолог Ләззат Мусаева басқарады.
– Қабылдап алғанымда мамандардың барлығы бір кабинетте отырған болатын. Мұның баламен жұмыс істеуге қолайлы емес екені анық. Содан ізденіп жүріп, республика көлеміндегі осындай түзету кабинеттерінің көптеген орталықтарында болып, зерделеу жасадым. Содан ұққаным, әрбір маман жеке-жеке жұмыс жасауы керек екен. Аудан басшылары мен білім бөліміне өтінішімді айта жүріп, жыл сайын бір бөлмеден қосып отырдық. Қызметке келе салысымен білімімді жетілдіруге мән бердім. Себебі, қай жерде де маманның кәсіби шеберлігі үлкен маңызға ие. Қазір 6 кабинетіміз бар. Бізге келетін балалар ерекше болған соң, мамандарға олардың жағдайын жасауды, психологиялық-моральдық тұрғыдан да жауапты болуларын құлақтарына салып отырамын. Осымен болдық, толдық деген болмайды. Әлі де жетілуіміз керек. Жоспарларымыз да аз емес алға қойған. Қазір бізге тұрақты түрде 53 бала келеді. Тек қана баламен жұмыс істеп қоймаймыз, олардың ата-аналарымен де жақын қарым-қатынастамыз. Өйткені, баланы нәтижеге жеткізу үшін ата-анамен жылы байланыста болу аса маңызды. Құрал-жабдықтар алуға азаматтарымыз, демеушілер қол ұшын созып тұрады, – дейді Ләззат Сұлтанбекқызы бізбен әңгімесінде.
Жақсының жақсылығын айту ләзім десек, олар – елдің елдігіне адалдық танытып жүрген «Азамат» жеке қайырымдылық қоры президенті Алмагүл Сейсенова, «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев, Жосалы кентінің әкімі Шыңғыс Әбділәмитұлы, кәсіпкер апамыз Жанар Бұқпанова, мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Данияр Қосбергенов, ерікті Әсем Мерековалар. «Басшы ретінде, мамандардың білімін жетілдіруге қатты мән беремін. Себебі, жаңалыққа, жақсылыққа ілесіп отыру заман талабы. Биылғы Балалар жылында барша балаға шат күлкі, риясыз балалық шақ, денсаулық тілеймін. Ауырмасын, дендері сау болсын» дейді ақ тілегін білдірген Ләззат Сұлтанбекқызы.
Иә, бала мына жарық дүниедегі ең кіршіксіз, ең пәк жаратылыс иесі. Жылт еткеннің бәрін алтын деп ұғатын ең таза болмыс. Әлемде жалғыз қайталанбас ғажайып болса, ол тағы да баланың әлемі. Олай болса, балаларыңызды қорғай да аялай біліңіздер!
Сәрсенкүл АҚКІСІ