» » Жұмыспен қамтудың жаңа мүмкіндіктері

Жұмыспен қамтудың жаңа мүмкіндіктері

Азаматтарды жұмыспен қамту өте өзекті мәселе. Мемлекет басшысының қолдауымен нәтижелі жұмыспен қамту, әлеуметтік жұмыс орындары, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, қысқа мерзімді оқыту сияқты көптеген жоба мен бағдарлама жүзеге асырылуда. Бұл елдегі жұмыссыздық мәселесін біртіндеп шешуге септігін тигізіп келеді. Сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлік палатасының бастамасымен кәсіпкерлікке баулу, қолдау және несиелеу жұмыстары жүргізілуде.
Биыл жұмыспен қамту бөлімінің жаңалығы мол. Халықты жұмыспен қамтудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл туралы толығырақ білмекке, сала мамандарына арнайы бардық.
– «Еңбек» бағдарламасы – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталған бірегей бағдарлама. Біз негізінен жұмыссыз адамның қолына балық бергеннен гөрі, қармақ ұстатқанды жөн көреміз. Жұмыс істеп, табыс табу, шәкіртақы және қайтарымсыз грант алып, ең төменгі мөлшерлемемен несие рәсімдеу – аталған бағдарламаның елге ұсынған тиімді тетіктері. Осы мүмкіндіктерді оңтайлы пайдалана білгендер, бүгінде екі қолға бір күрек тауып, ел қатарлы еңбек етіп жүр. Жұмыссыздықты жоюға бағытталған бағдарлама, биыл қосымша тың жоба әзірледі. Бұл жаңашылдықтар тұрғындардың мәселесін шешуге оң ықпал етері сөзсіз, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Орынбек Мұнарбаев.
Аталған орталық халықты еңбекпен қамтудың белсенді шараларын жүзеге асыруда. Колледж бен жоғары оқу орнының түлектері алғаш тәжірибе жинақтау мақсатында «Жастар тәжірибесіне» бағытталады. Жастар тәжірибесіне республикалық бюджеттен 50 адамға, облыстық бюджеттен 25 адамға, жергілікті бюджеттен 12 адамға қаржы бөлінеді. Бұл бағыт бо­йынша 2020 жылдан 62 адам 29 мекемеде тәжірибелерін жалғастырса, 2021 жылы 90 адам 51 мекемеге жолданған. Бүгінде 43 адам тәжірибені аяқтап, 32 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ кәсіп бастаймын деушілерге шағын несиелер мен қайтарымсыз гранттар беріледі. 2018 жылдан бастап жаңадан кәсіп ашқысы келетіндер үшін «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерінің оқуы басталған болатын. Өткен жылы 58 адам жеңілдетілген несие алса, «Бас­тау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері курсына 115 адамды оқыту жоспарланған, бүгінгі күнге 407 адам оқуға орталыққа тіркелген. 2021 жылы жалпы 162 адам жолданып, 141 адам курсты аяқтаған. Оның 31-і жастар. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға республикалық бюджеттен 200 АЕК (583 400 теңге) бойынша 133 адамға қайтарымсыз грант қаралған, наурыз айында 20 адам, мамыр-маусым айларына 30 адамнан, шілде айында 29 адам, қараша айында 13 адам, жалпы 134 адам грант алған. Оның ішінде: ІІІ топ мүмкіндігі шектеулі – 5 адам, аз қамтылған көпбалалы отбасы мүшесі – 8 адам, көпбалалы – 11 адам, 29 жасқа дейінгі жас – 39 адам.
Айта кеткен жөн, Мемлекеттік қайтарымсыз грантқа тек 6 нысаналы топ үміткер бола алады. Олар 29 жасқа дейінгі жастар, аз қамтылған отбасы мүшелері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар, жәрдемақы алушылар, қандастар, қоныс аударушылар, жәрдемақы алатын мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдар және мүмкіндігі шектеулілер. Аталған топқа жататындар жұмыссыз және «Бастау Бизнес» курсын аяқтаған сертификаты болуы керек. Мемлекеттік қайтарымсыз грант комиссия шешімімен беріледі, сондай-ақ қаражаттың мақсатты түрде жұмсалуына мониторинг жүргізіледі.
Сонымен қатар, 2020 жылы «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісім шарты» атты жаңа жобалар қолға алынды. Бұл жобалар бойынша да ауданда біршама жұмыс атқарылып, жүйеленген. Мәселен, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен жоспар бойынша 2 адам жұмысқа жолданған. Оның бірі – «Раяна KZ» жеке балабақшасында еңбек етсе, екіншісі – жеке кәсіпкер «Р.Оспановада». Ал «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы бо­йынша 5 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде барлығы да өз мерзімдерін толықтай аяқтаған.
Биылғы жылдың жаңа жобалары – «Кәсіпкерлікті дамыту» және «Күміс жас».
– Пандемия кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жаңа «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы іске қосылды. Осы мақсатта көптеген инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. Былтыр бұл бағдарлама аяқталып, жұмыспен қамтудағы оның маңыздылығы мен тиімділігі ескеріле отырып, 2021-2025 жылдарға арналған «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы әзірленді. Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге және бәсекелестік кешенді дамытуға бағытталған. Ал «Күміс жас» жобасы зейнет жасына жақындаған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін іске асырылмақ. Оларға берілетін жалақының тең жартысын 1 жыл мемлекет төлейді. Ал кәсіпорындарға қойылатын талап – қосымша жұмыс орнын ашу қажет, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Орынбек Мұнарбаев.
Статистикалық деректерге сүйенсек, жалпы аудан бойынша, өткен жылы жұмыс іздеуші ретінде хабарласқандар саны – 2007 жұмыссыз азамат. Оның ішінде жұмыс іздеуші ретінде тіркелгені – 1724 адам. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда есепте тұрған жұмыссыз азаматтардың саны – 903 адам. Тіркелген жұмыссыздардың үлесі – 3,8 пайыз. 1090 азамат жұмысқа орналастырылған.
Жоғарыда аталғандардан бөлек, мұнда қысқа мерзімді кәсіптік оқу да қарастырылған. Бұл бағыт бойынша Қармақшы аграрлы-техникалық колледжі арқылы «Автомеханик» курсына 14 адам, «Электр-газбен дәнекерлеу» курсына 12 адам, «Электромонтер» курсына 12 адамды оқытуға жолдама арқылы жалпы саны 38 (100 пайыз) адам жолданып, 37 адам оқуды толық аяқтаған. Бітірген мамандықтары бойынша 32-сі тұрақты жұмысқа орналасқан. Дипломда көрсетілген мамандықпен жұмыс жасағысы келмеген немесе бейіміне қарай өзге мамандықты меңгергісі келгендер үшін бұл таптырмас әрі тиімді мүмкіндік.
Сонымен қатар, әлеуметтік жұмыс орындарына республикалық бюджеттен 30 адамға қаржы қаралып, 15 кәсіпкерлік субьектіге 38 адам жолданды. Бүгінде жолданған барлық адам өз мерзімдерін аяқтаған. Ал 32 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Былтыр қоғамдық жұмысқа 696 адам 61 мекемеге жолданған, оның ішінде 19 адам мүмкіндігі шектеулі, 165-і жастар. 696 адам жұмысын аяқтап, 312-сі тұрақты жұмысқа орналасты. Қазіргі таңда 371 адам қоғамдық жұмыс атқаруда.
Қарап отырсақ, мұнда мүмкіндіктер алаңы мол. Тек ерінбей, жұмыс істеуге ниет білдірсең болғаны. Мемлекет ұсынған бағдарламаға ілініп, кәсіп ашып немесе тұрақты жұмысқа орналасушылардың да қатары жыл санап артып келеді. Осылайша жұмыссыздар санының азаюы қуантарлық жайт. Бұл орталықтың атқарып жатқан ісінің ауқымы да үлкен. Былтыр сала мамандарынан кеңес алу үшін 1880 отбасы орталыққа келіпті. Бұл тұрмысты түзеуге, адал еңбекпен берекелі ғұмыр кешуге деген жаңа қадам.
Қоғамдағы бұл өзгерістер мен жаңа­шылдықтар, мемлекеттің әлеуметтік салада ұстанған саясаты да барған са­йын тереңдеп, қанатын кеңге жаюда. Еліміздің денсаулықты сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, еңбекпен қамту салаларына басымдық беріліп, көлемді қаржылардың бөлінуі соның дәлелі. Жаңа Қазақстанның бейнесі осылайша бірте-бірте қалыптасып келеді. Елге берері мол бағдарламалар мен болашағы жарқын жобалар көбейіп, ел игілігіне қызмет ете берсе дейміз.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
26 наурыз 2022 ж. 416 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031