» » Туыстық атаулар мәні

Туыстық атаулар мәні

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ – ТІЛІ МЕН САЛТ-ДӘСТҮРІН ТЫМ ТЕРЕҢНЕН ҚАЛЫПТАСТЫРҒАН ХАЛЫҚ. ҚАЗАҚ ТІЛІ ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ БАЙ ТІЛДЕРДІҢ ҚАТАРЫНА ЖАТАДЫ. СОНДЫҚТАН БОЛАР, БАСҚА ТІЛДЕРДЕН ТУРА АУДАРМА ЖАСАҒАНДА, КЕЙ СӨЗДЕР БІЗДІҢ ТІЛДІК ЕРЕКШЕЛІГІМІЗГЕ САЙ КЕЛМЕЙ, ӨЗ ОРНЫН ТАППАЙ, БӨЛЕКТЕНІП ТҰРАДЫ.
Құнарлы, сөздік қоры мол тіліміздегі ерекшеліктердің бірі – туыстық атаулар. Халқымыз туыстық атауларға ерекше мән берген. Әр атаудан кімнің кімге қандай жақындығы бар екенін аңғару түк қиын емес. Яғни, бәрі тілдік жүйемізде қолданыс тауып, күнделікті өміріміздің ажырамас бір бөлшегіне айналған. Мәселен, орыс тіліндегі «племянница» сөзі қазақ тілінде түрліше қолданылады. Ағайынды кісінің балалары туыстық жақындығы жағынан немере аға, немере іні, немере қарындас, немере апа, немере сіңілі деп айтылса, қыздан тараған ұрпақты халқымыз «жиен» деп атаған. Күйеуінің іні, қарындасын қайны, қайынсіңілі, әйелінің іні, сіңілісін балдыз деп атау қалыптасқан. Ал, апалы-сіңілі қыздардың балалары бір-біріне бөле болып келеді. Сөз барысында «мынау менің анамның сіңілісінің қызы» деп таныстырудың еш қажеті жоқ. Бөле деген атаудың өзі оның туыстық жақындығын айқын аңғартып тұр. Бұл – біздің тіліміздің тілдік қуатын арттыра түсетін ерекшеліктің бірі.
Қазіргі таңда аға буынның келін түсірген сәтте «Келінім демеймін, қызымдай көремін, қызым деп атаймын» дегендерін жиі естіп жүрміз. Жә, қызындай көргені жақсы, әрине. Қазақ халқы келінді ешқашан жат санап, сыртқа теппеген. Керісінше, құшағына тартып, әулетті жалғастырушы жан ретінде таныған. Менің келіспейтінім – келінді «қызым» деп атау. О бастағы «келін» деген ұғымды қолданса, бөтенсінетіндей сезім қайдан пайда болды? Ол тек туыстық атау емес пе? «Менің келінім» деген таныстырудан не інісінің, не баласының жары екендігі меңзеледі. «Келін» деп айтты, оны өзіне жақын тартпайды, бөтендігі сезіліп тұр» деп ойлау тым артық деп білемін. Қалай атаса да ол арадағы жақындыққа, сыйластыққа әсер ете алмасы анық. Сондықтан қалыптасқан ұғымдарды өзгертудің қажеті жоқ. Көршіңізге бауыр, қарындасыңызға дос, досыңызға жөнсіз құда деп айтпайтыныңыз белгілі. Халқымыздың даналықпен өріліп, әбден елеп-екшелген туыстық атауларын бұрмалауымызға, өзгертуімізге еш себеп жоқ. Қайта уақыт өте ұмыт бола бастаған атауларды жаңғыртып, жаңа буын ұрпағымыздың санасына құйып отыру өзекті мәселеге айналып отыр.
Тағы бір көңіл аударатын жайт – «бала» ұғымы. Бала – ұлға да, қызға да ортақ атау. Бүгінде «балам» деп айтсаң, оны тек ұл бала деп түсінетін жандардың қатары көбейді. Бала – өзіңнен туылған ұрпақ. Ол ұл бала және қыз бала болып бөлінеді. Сөздің түп-төркініне мән бермегендіктен, жоғарыда айтылғандай шатасулар кездесіп жатады.
Шежіре білмеген жастар жақын-жұрағатын біліп, тани бермейді. Сәйкесінше, оларды қалай атауды да білмейтіні анық. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін туыстық атауларды орнымен қолданып, балаларымызға үйрету – уақыт қажеттілігі. Атауына мән бермегендіктен, туыстық жақындығына да бойлай бермейді. Орнымен сыйласу, бірін-бірі құрмет тұту, жақынын күте білу деген қасиеттердің жоғалып бара жатқанының бір себебі де осы атауларды дұрыс қолдана алмауымыздан.
Дала заңына бағынған даналарымыздың даралығы өмір сүру салтымыздың әрбірінен көрініс тапқан. Тек уақыт көші алға озған са­йын тамырымыздан ажырамай, тек­тілігімізді жоғалтпай, түбімізді тани білсек болғаны.
Лаура ҒАЛЫМҚЫЗЫ
22 наурыз 2022 ж. 892 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031