» » Халық тілегі ескерілді

Халық тілегі ескерілді

2022 жыл еліміз үшін айтулы оқиғалармен басталды. Қаңтар айы туысымен бейбіт түрде басталған шерулер үлкен дүрбелеңге, аласапыранға айналды. Адам шығыны орын алып, үлкен қалаларда ғимараттар қирап, ел экономикасы айтарлықтай зиян шекті. Күн сайынғы жаңалықтар легі адамды «енді не болар екен?» деп елегізітіп қойғаны да жасырын емес.
Сындарлы сәттерде халықты сабырға шақырып, мәселені байыппен шешуді мақсат тұтқан президенттің биылғы Жолдауын халық ерекше ықыласпен күтті. Әлеуметтік желілерде түрлі болжамдар айтылып, бірі еліміздің болашағына үлкен үмітпен қараса, енді бірі қара аспанды жерге төндіре түсіп, теріс пікірлер айтқаны да көпшілікке мәлім. Сонымен, күткен сәт те туды. Халық теледидарға, тікелей эфир көрсететін арналар мен желілерге телміре қарады. Солардың қатарында мен де бармын. Естір құлаққа біршама өзгерістерге бетбұрыс жасалатындығы айтылды. Халық көңілінен ерекше орын алған тұстарын да баса айтқан жөн.
Бүгіннен бастап алдына жаңа міндеттер қойған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін: «Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі 1 жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік», – деп бастады. Өткен «қаңтар оқиғасына» шолу жасап, сол кездегі өзіне жүктелген жауапкершілікті жіті сезінгенін айтып өтті. Елге қызмет етуді президенттік және перзенттік борышым деп айқын атаған мемлекет басшысы еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғыртудың бағдарламасын ұсына отырып: «Біз өзгерістерді жұртқа жақын көріну үшін жасамаймыз. Құлаққа жағымды, бірақ орындалуы екіталай, күмәнді көрсеткіштерге алданбаймыз. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер», – деп Жолдауда айтылатын мәселелердің салмақтылығын сезіндіріп өтті.
Президенттің және оның жақын туыстарының, әкімдер мен орынбасарларының қызметіне, олардың нақтылы міндеттеріне тоқталды, шектеулер қойылды. Алдағы уақытта заң қабылдаушылық құқық Парламенттің төменгі палатасы Мәжіліске берілетіндігін ескертті.
Сайлау рәсімдерін жетілдіруге айрықша мән беріп, байқаушылардың құқықтары мен жауапкершілігін белгілеуді тапсырды. Өз дауысының маңыздылығын ескеру әр азаматтың парызы екендігін тілге тиек етті. Бір адамның екі рет дауыс беруін болдырмау, кез-келген аймақта дауыс беру құқығына ие болу мәселелерін шешу жұмыстары да назардан тыс қалмады.
Еліміздегі облыс және қала әкімдерін тағайындау ережесіне өзгеріс енгізгенін жеткізді. Енді аймақ басшысын тағайындау кезінде Мәслихатта сайлау өтетін болады. Мұны Мемлекет басшысы «Жанама сайлау» деп атады.
Сонымен бірге, президент Конституциялық сот құруды ұсынды. Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетті және еркін болуы қажеттігін алға тартып, қазіргі өркениетті ел үшін оның маңыздылығына көңіл аударды.
Жолдауда қамтылған бұдан басқа да мәселелерге жеке-жеке тоқталуға болады, әрине. Көзі қарақты, көкірегі сезімді оқырман қауым өздері оқып, сараптай жатар. Мен Жолдауда халық көңілінен бірден орын алған мына басты жаңалықтарды айтқым келеді. Еліміздің экономикалық жағдайын ескерген Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі халық саны артып келе жатқан мемлекетіміздің әкімшілік-аймақтық бөлінісіне айтарлықтай өзгеріс енгізілгенін хабарлады. Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынды. Оның орталығы Семей қаласы болып табылатынын айтты. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құрудың қажеттілігін негіздеді. Сондай-ақ, Алматы облысын екіге бөліп, бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылатынын мәлімдеді. Бұл шешімдер аймақ тұрғындарының ұсынысын ескеріп, аймақтардың ішкі инфрақұрылымын жетілдіру қажеттілігінен туындағанын ескертті.
Алматы облысының жаңа орталығы ретінде таныстырған Қапшағай қаласына ел ықыласына бөленген халқымыздың біртуар перзенті Д.Қонаевтың есімін беру туралы көпшіліктен ұсыныс түссе, оны қолдайтындығын жеткізді.
Әлемдегі соңғы жаңалықтар мен саяси оқиғалардың азық-түлік бағасының өсуіне әсер еткенін ескеріп, бұл мәселені шешуде әкімдіктерге егін егуді қатаң бақылауға алу жөнінде тапсырма берді.
Еліміздің дағдарысты еңсеру үшін барлық құралдары мен резервтері бар екендігін халық назарына ұсынған Мемлекет басшысы өз сөзін: «Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан, баршаңызды Жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін» деп аяқтады.
Иә, Жолдауды қолдау – әрбір азаматтың міндеті. Ондағы өзгерістерді іске асыру – алдағы күннің еншісі. Бастысы, екі аяқты диванға асып қойып, ананы-мынаны кінәлап, сынап-мінеуді бір сәтке доғарып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға, бірігуге ассықанымыз жөн. Елдің амандығы, жердің тұтастығы – барша қазақстандыққа ортақ міндет. Іске сәт!
Лаура ҒАЛЫМҚЫЗЫ
17 наурыз 2022 ж. 373 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 043

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031