» » Ауыл ахуалы аймақ басшысының назарында

Ауыл ахуалы аймақ басшысының назарында

БЫЛТЫР ҚЫЗЫЛОРДА ӨҢІРІНДЕ СУҒА ҚАТЫСТЫ КЕЙБІР ҚИЫН ЖАҒДАЙЛАР ОРЫН АЛҒАН-ДЫ. КӨКТЕМ БАСТАЛҒАННАН ЖАУЫН-ШАШЫН МӨЛШЕРІ АЗ ТҮСІП, ДАРИЯДА СУ ДЕҢГЕЙІ ТӨМЕНДЕУІНЕН ЖАЙЫЛЫМНЫҢ ҚУАҢШЫЛЫҒЫ АРАЛ АЙМАҒЫНДА МАЛ ӨЛІМІН ЖИІЛЕТТІ. АЛ БИЫЛҒЫ АХУАЛ ҚАЛАЙ БОЛМАҚ? ОСЫҒАН ОРАЙ ӨТКЕН АПТАДА ОБЛЫС ӘКІМІ ГҮЛШАРА ӘБДІҚАЛЫҚОВА ЖҰМЫС САПАРМЕН АУДАНДАРДА БОЛЫП, СУ ТАПШЫЛЫҒЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ КӨКТЕМГІ ВЕГЕТАЦИЯЛЫҚ КЕЗЕҢДЕ ЕГІН ЕГУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТКІЗДІ.
Алдымен іс-сапарын теңізді өлке­ден бастаған аймақ басшысы Арал ауданындағы балық шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлермен кезде­сіп, тұрғындардың хал жағдайын білсе, Қазалы ауданында Сырдария өзенінің үстіне түсетін жаңа көпірдің құрылысымен танысып, ондағы ел-жұрттың қуанышымен ортақтасты.
Мұнан соң облыс әкімі Гүлшара Наушақызы жер кіндігі Байқоңыр қаласында болып, онда салынып жатқан жалпы ауданы 15372,6 шаршы метрді құрайтын 50 пәтерлік 5 қабатты тұрғын үй құрылысын көрді. Құрылыс алаңында жүріп жатқан жұмыстарды бақылап, мердігерлермен пікірлесе отырып нысанды сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. Тұрғын үйдің құрылысы былтыр басталса, жоспар бойынша биыл аяқталуы тиіс.
Одан кейін сапарын ауданымызда жалғастырған аймақ басшысы ауылдарды аралаудан бастады. Алдымен Жосалы ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесті. Мұндағы ауыл халқының негізгі кәсібі бақша өнімін егу болғандықтан ақсақалдар жүздесу барысында аяқ су мәселесін шешуге ықпал етуді сұрады. Өңір басшысы биылғы су деңгейінің төмен түсуіне байланысты ауыл азаматтарымен бірге әрбір мәселені пысықтап алу қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар кездесуде ауылға жаңадан клуб үйін салу мәселесі де көтерілді. Себебі 1967 жылы шаруашылық әдіспен салынған клуб үйінің қазіргі күйі апатты жағдайда. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова нысанды аралау барысында, жаңа 100 орындық клуб үйін салуға жергілікті бюджет есебінен жобалық сметалық құжатын әзірлеуге қаржы бөлініп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген жағдайда облыстық бюджеттен клуб үйін салуға қаржы мәселесін шешуді қарастыратынын жеткізді.
Сапар барысында облыс әкімі аудан әкімдігінде сала мамандарымен бірге ауыл шаруашылығына арналған арнайы жиын өткізіп, егін егу және мал басын аман сақтау мәселесіне қатысты ортақ ұсыныстарды талқылады. Жиында аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов бірінші кезектегі басымдықтарды тізбектеп, өткен жылы егіске пайдаланатын суармалы судың тапшылығына байланысты «Батыс Қармақшы» қашыр­тқысынан «Қурайлы» каналының П309 пикетіне қосымша су жеткізу үшін ұзындығы 11 шақырымды құрайтын канал қазылғанын жеткізді. Сонымен қатар биылғы жоспарға да тоқталды.
– Жалпы биылғы жылы су жеткізуге 17 дана насос қондырғысын алу жос­парлануда. Оның 8 насосы егін шаруашылығына және 9 данасы елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз етуге берілмек, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, сала мамандары биыл­ғы су түсіміне байланысты болжамды баяндап, күріштің егіс көлемін қысқарту және каналдарды тазарту, насос қондырғысын орнату ісі таяуда басталатынын айтты. Ал, отырысқа қатысқан бірнеше шаруа қожалықтың иелері аудан үшін өзекті мәселе көтеріп, өз ойларын жеткізді. Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы су көлемінің лимиті белгіленгенге дейін аудандағы ауылдардың қажеттілігін қайта қарап, шаруалармен бірге суды аз қажет ететін дақылдарға мән беріп, малға қажетті жем-шөп қорын алдын ала әзірлеп, ветеринар мамандарға қыстан шыққан төрт түліктің жағдайына қарай дәрі-дәрмек егу жұмыстарын қарқынды жүргізуді тапсырды.
– Биыл жағдай күрделі сипатта өтуі мүмкін деген болжам айтылып отыр. Сонымен қатар Көксарай су реттегішіне су жиналмау қаупі бар. Бұл былтырғымен салыстырғанда су көлемі 2 млрд текше метрге кем болады деген сөз. Қолда бар мүмкіндікке қарай әрекет жасау үшін әр аудан бойынша жоспар құрылып, мамандар жұмыс істейтін болады. Үкімет деңгейінде шешілетін мәселе екен деп қарап отырмай, каналдарды тазалап, насос қондырғыларын орнатып, егіске әртараптандыру жолын әкелуде тәжірибелеріңізді қосып, күш біріктіруіміз керек. Үкіметтің резерв қаржысы мен бюджеттен қаражат бөлінеді. Тек уақыт ұттырмай тиімділігіне қарай жұмыс қарқынын ұлғайтуға тиіс­піз, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Облыс әкімінің жұмыс сапары Қуаңдария, Т.Көмекбаев және Алдашбай ахун елді мекендерінде жалғасты. Алдымен Қуаңдария ауылдық округіндегі 100 орындық клубтың құрылысын көрді. «Ахат+ГС» деп аталатын мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын өткен жылы бастаса, биыл қыркүйек айында аяқтауды жоспарлап отыр. Ғимарат ішінде акт залы, оқырмандар бөлмесі мен әкімшілік бөлмелері қарастырылған.
Одан кейін Т.Көмекбаев және Алдашбай ахун елді мекендерінің тұрғындарымен кездескен аймақ басшысы Гүлшара Наушақызы олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ауыл ақсақалдары шағын ауылға балабақша салу, инфрақұрылым тарту және су тапшылығын реттеу өзекті мәселе екенін жеткізді. Себебі 1397 тұрғыны бар Т.Көмекбаев ауы­лында 256 қожалық бар. Мұнда да егін мен мал шаруашылығын дамыту қолға алынбақ. Облыс әкімі облыс бюджетінен ауданға насос алуға қаржы қаралғанын айтып, арнаға келетін суды бөлу ісіне ауылдардың нақты жағдайы ескерілетінін тілге тиек етті.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
сурет автордікі
15 наурыз 2022 ж. 218 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 049

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031