Облыс әкімі ауданға іс-сапармен келді
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қармақшы ауданында болып, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Аймақ басшысы аудандық емханаға барып, ауданның коронавирус инфекциясына қарсы күрес шараларымен танысты.
Гүлшара Әбдіқалықова медицина қызметкерлеріне пандемия уақытында босаңсуға болмайтынын айтып, індетті ауыздықтауға бағытталған шараларды күшейтуді жүктеді.
- Соңғы уақытта Covid-19 вирусы бүкіл әлемде қайта өршіп, адам өміріне үлкен қауіп төндіруде. Біздің аймақ та жақында «Сары аймаққа» енді. Сондықтан біз індетке қарсы жұмыстарды күшейтуіміз қажет. Тұрғындарға сақтық шаралары мен вакцинация туралы ақпараттарды кеңінен таратып, оларға вирустың қауіпті екенін әлде де түсіндіруіміз керек. Әлем ғалымдары коронавирусты жеңудің жалғыз жолы екпе екенін мойындап отыр. Сол себепті, халықтың екпеге деген оң көзқарасын тезе арада қалыптастыру міндеті тұр, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Мұнан соң өңір басшысы Жосалы кентіндегі Абай көшесі мен орталық алаңдағы абаттандыру жұмыстарымен танысты. Жалпы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында ауданда 3 млрд. теңге қаржы көлемінде 40 жоба іске асырылған. Кент келбетіне түнгі уақытта көрік беру мақсатында орталық алаңдағы коллонада мен 6 дана аркаларға жарықтандыру жұмыстары жүргізілген.
Жұмыс сапар барысында облыс әкімі жоспардан тыс «Дәметкен ана» балалар оңалту орталығына барды. Оңалту орталығының басшысы Дина Исмаилова аймақ басшысынан мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді сұрады. Гүлшара Әбдіқалықова аудан әкімі Мұса Қалдарбековке тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.