» » «Демеу» демеуге дайын

«Демеу» демеуге дайын

Ешкім көмекке мұқтаж не зәру болуды қаламайды. Бірақ қоғамда түрлі тағдырлар бар. Олар да ел қатарлы өмір сүргісі келеді. Біреуге қол ұшын созып, көмек көрсету әу бас­та қанымызда бар қасиет. Қиналғанды демеп, жақыны болмаса да жанашырлыққа асыққан жастардың күн сайын қатары артып жатқанына куәміз. Соның бір дәлелі ретінде аудан жастарынан құралған Демеу еріктілер тобының жасаған жұмыстарын айтуға болады.
2020 жылы Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған топта ол кезде небәрі 6 волонтер болса, қазір 50-ге жеткен. Еріктілер жасағын құруға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сол жылды «Волонтер жылы» деп жария­лауы себеп болған. Пандемия басталып, қарбалас болған шақтағы еріктілердің еңбегі ерен. «Демеу» еріктілер тобының жетекшісі Әсем Мерекова – аудандық емхананың медбикесі. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін қайсар қыз жұрт үйден шығуға қорқып, екінің бірі ауруға шалдығып, кеселмен күрескен уақытта үй-үйді аралап, тегін дәрі екті. Қаншама адамның бата мен са­уабын алды. Сондай-ақ, жанына жиналған қыз-жігіттермен бірлесіп, халық пен кәсіпкерлердің қолдауымен 4 млн теңге жинады. Бұған 7 оксигенатор аппараты, оттегі баллондары, бетперде, қолғап алды. Ауруханаға дүркін-дүркін жеткізілген оттегі баллондарын көтеріп, түсіретін қамқор азаматтарға дейін топтастырып, көп жасқа үлгі болды. «Демеу» тобы құрылғаннан бері кәсіпкерлердің көмегімен көп отбасыға жәрдем берілді. Жүргізілген жұмыстарды арнайы әлеуметтік желіде бөлісіп, жастарды жанашырлыққа шақырып отырды.
Әсем оның барлығын тізбектеп айтып не жазуды жөн көрмеді. Десе де жасалған жұмыстың көрсетілгені ләзім.
– 120-дан астам отбасыға азық-түлік, ота жасалуы тиіс бүлдіршінге ақшалай көмек берілді. 38 жалғызбасты қарттың жағдайына қарап, ыстық тамақ жеткізіп, үй-жайының тазалығына да біздің қыз-жігіттер атсалысып келеді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға мереке сайын қуаныш сыйлап, сыйлық таратамыз. Жақында ғана Ақай ауылында көпбалалы отбасының үйінде өрт болды. Лезде «Демеу» еріктілер тобы қор ашып, жиналған 180 мың теңгені отбасына табыстадық. Тағы бір айта кететін нәрсе, Қаңтар оқиғасы кезінде аудандық полиция қызметкерлері күні-түні ел тыныштығын сақтау үшін күзетте яғни, блок-бекеттерде тұрды. Сол кезде аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен орталық жастары, аудан еріктілері, «Бәйтерек» газетінің бас редакторы Нұрбай Жанәділов ағамызбен бірігіп, «Диана» асханасының иесі, кәсіпкер Мейрамгүл Тілеумұратованың қолдауымен ыстық тамақ ұйымдастырдық. Жалпы біз қандай көмек сұрасақ та аянбайтын демеуші аға-апайларымыз ауданда жетерлік. Кәсіпкерлерден бөлек, жұмысымызға қолдау көрсетіп отырған барша Қармақшы халқына айтар алғысымыз шексіз, – дейді «Демеу» еріктілер тобының жетекшісі Әсем Мерекова.
Аудандағы «Демеу» еріктілер тобы, «Зекет» қоры және аудандық жастар ресурстық орталығының қыз-жігіттері бірлесіп, «Қуантсаң баланы қуант» акция­сын қолға алған.
– Басты мақсатымыз – «Балалар жылында» балаларға қуаныш сыйлау. Кент орталығында жақында ғана ашылған «Халал» кафесінде №121 және №27 орта мектепте оқитын 30 балаға киім, ыстық пицца, тәтті шырын таратылды. Өкінішке қарай, бұл балалар асыраушысынан айырылған. Ата-ана орнын толтыра алмасақ та, сәл болса да осы қоғамнан жылулық сезінсе дедік. Кішкентайларға бар жақсылығын аямай, демеушілік жасаған аудан кәсіпкері Нағима Тоқсанбаева ханымға айтар алғысымыз шексіз, – дейді Әсем Ідірісқызы.
Екі жылдан бері «Харекет» және «Зекет» қоры арқылы 14 отбасыға баспана сыйлаған аудан еріктілері «Күлкі сыйла», «Мейірімділік баршаңызға», «Жақсылық жасап жарысайық», «Қуаныш сыйла» акцияларын жиі өткізіп келеді. Көше тазалықшыларына ыстық шай мен тәтті тоқаш ұдайы ұйымдастырылады. «Мектепке жол» акциясына да белсене қатысады. Кәсіпкерлердің көмегімен мұқтаж отбасылардың үйін жөндеуге қаржы беріп, қыс айында көлікпен де, қаптап та көмір түсіріп береді. Айтып келмейтін апаттың бірі – өрттен зардап шеккендерге де ел-жұрт арқасында көмек көрсетілген.
Жыл басында «Тұрмағамбет» ЖШС төрағасы Нұржан Пірмантаев пен «TОО Gas Neft Service» мекемесінің директоры Жеткерген Тоқмахановтың демеушілігімен және халықтан жиналған қаражаттың арқасында көпбалалы отбасына газ қондырып бергенін де айта кеткеніміз жөн. Сонымен қатар еріктілер «Сұлу бол» жобасын бастады. Бұл жобаға тегін тіс салдыру, киім сыйлау, түскі асқа шақыру, әтір сыйлап, шаш және бет күтімін жасау, тегін саяхатқа апару сияқты қайырымды жұмыстар кіреді. Мақсаты көпбалалы, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған жалғыз басты аналардың жүзіне күлкі, қуаныш сыйлау. Бұл әр жұма күні бір ананы қуантсақ деген ниетте қолға алынған. Оған аудандағы шаштараздар мен сауда саласындағы кәсіпкерлер белсенді атсалысуда.
Жобалық-сметалық құжаттар да­йындаумен айналысатын Қызылорда қаласындағы «Мекен және К» толық серіктестігі Демеудің әлеуметтік желідегі парақшасын үзбей бақылайтын және оған үнемі қолдау білдіріп отыратын бірден-бір ірі кәсіпорын.
Өткен аптада осы компания иесі 8 баланы брендтік бутиктерден киіндіріп, түскі, кешкі аста әдемі ресторанда дәмді тамақтандырып, тәттілер мен балмұздақ, сусындар алып берген. «Аrai Сity Mall» ішіндегі ойын алаңында алаңсыз қыдыртып, одан кейін «Kids Park» ойын залына апарған.
– Бұрынғы аудан әкімі Қызылорда қаласына балаларды апарып, алып келуге арнайы көлік бөлді. «Kemel adam» кітабының авторы Қайрат Жолдыбайұлымен кездесіп, мотивация алып суретке түстік. Балалар алаңсыз демалып, ерекше қуанып қайтты. Бұл компания бұған дейін де көмек көрсетуден кенде қалған емес. Сол үшін рақметімізді айтамыз, – дейді демеуліктер.
Демеудің жасаған қайырымды істерін айтып тауыса алмасымыз анық.
Айтпақшы, Әсем медбике болуымен қатар, кәсіпкерлікке де ынталы. Былтыр ғана «Қармақшы-Демеу Трейвл» турагенттігін ашқан ол облыс тұрғындарын Қазақстанның көрікті жерлеріне саяхатқа алып шығып жүр. Сол арқылы адамдар қайырымдылыққа өз үлестерін қоса алады екен. Әсемнің айтуынша, халықтан не кәсіпкерлерден сұрай бермей, осы саяхаттан түскен қаражаттың 10 проценті көпбалалы немесе жағдайы төмен отбасыға және ерекше балаларға жұмсалады. Сондай-ақ биыл «Балалар жылына» орай аз қамтылған, көпбалалы отбасыдан шыққан балалар тегін саяхаттамақ.
– Біздің жұмыс тек ұйымдастыру. Барлығы қарапайым халық пен аудан кәсіпкерлерінің арқасында. Олар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, біз бастама көтерген іске қолдау білдірмесе ештеңе бітпейді. Сондықтан барлық игілікті іс халықтыкі. Өзгеге болсын деген ақ ниетті жомарт жерлестерімнен айналдым, – дейді Ә.Мерекова.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
10 наурыз 2022 ж. 422 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 050

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031