» » Цифрланған дәуір

Цифрланған дәуір

Жағадан алған жаһандану дәуірі һәм құбылмалы әлем. ІТ-технология. Смарт-сити. Киберәлем. Біздің бағыт осы. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да. Барам деп бармайсыз, мәжбүрлі барамыз. Әлем сонда барады, адам сонда болады. Өйткені қазіргі өркениет – сандық технология. Бұрынғы іштен жану двигателі секілді дүниелердің жаңалық болудан қалғаны қашан. Алуан-алуан «жемісі», қыруар-қыруар «егісі» бар ІТ көштің соңынан біз де ілесе аламыз ба?
Жаһандану дәуірінің дәурені жүріп тұр. Бәрімен жағаласып бағудамыз. Замана көші сол. Сандық әлем. Кибер кеңістіктің ешкім кіреберісін көрсетпейді. Біз әлдеқашан сол әлемге енгенбіз. Сенбейсіз бе? Қарапайым мысал, қалтафондағы бағдарламалар арқылы үйден шықпай несие төлейсіз, коммуналдық шығынды өтейсіз, дәрігерге жазыласыз, тіпті ұзын-сонар кезекте тұрып өшіріт күтпейсіз, «бір терезе» сіздің қолыңызда тұр. Керек анықтамаңызды алып, үйде отырып-ақ жұмысыңызды бітіресіз. Біз осы қолайлы онлайн өмірге үйренгенімізге көп болмады. Ал әлемдегі қарыштау тіпті шаң жуытпақ емес.
Мәселен, әлемде алғаш рет израильдік зерттеушілер жұлын жарақатын емдеу­ге арналған бірегей имплант жасап шығарды. Тель-Авив университетінің Сагол регенеративті биотехнология орталығының ғалымдар тобы адамның 3D жұлын тіндерін жасап, оларды ұзақ мерзімді созылмалы сал ауруы бар зертханалық модельге имплантациялады. Сонымен, жұлынның дизайнын жасау үшін зерттеушілер адам жасушаларын пайдаланып, оларды жануарларға имплантациялады. Нәтиже көрсеткендей, сынақтардың 80 пайызында жүру қабілеті қалпына келген. Бұл жұлын адам эмбриондарындағы жұлынның дамуын қайталайды.
"Біздің технология науқастан іш қуысының май тінінің шағын биопсия­сын алуға негізделген. Жасушаларды жасушадан тыс матрицадан бөлгеннен кейін біз оларды генетикалық түрде қайта бағдарламалаймыз, яғни эмбрио­нальды дің жасушаларына ұқсайтын күйге қайтарамыз. Қысқаша айтқанда, жасушаның қозғалтқыш нейрондары бар нейрондық желілердің үш өлшемді импланттарына трансформацияланады" деп түсіндірді зерттеу жетекшісі, профессор Тала Двир.
Ол ғалымдардың мақсаты әрбір сал ауруына шалдыққан адамға жеке жұлын импланттарын жасау екенін, бұл жұлынның зақымдалған тіндерден бас тарту қаупінсіз қайта қалпына келуіне мүмкіндік беру екенін айтты. Осыған дейін сал ауруына шалдыққан адам миы тудыратын электр сигналдарын шешетін технологияның көмегімен алғаш рет адамдармен сөйлесе алған болатын.
Мұндай тың жобалар бізде де жоқ емес. Өйткені Ұлттық биотехнология орталығының ғалымы Вячеслав Огай бағаналы жасушаларды қолдану арқылы күрделі сынықтарды қалпына келтірудің бірегей технологиясын жасап шығарды. Арнайы технологияның арқасында операциядан кейін 3-6 ай ішінде сүйек және шеміршек тіндері қалпына келеді. Клиникаға дейінгі сынақтардың нәтижелері препараттың тиімділігі жоғары екенін растады.
– Сүйек ақауларын толықтай қалпына келтіру травматология мен ортопедиядағы күрделі және шешілмеген мәселелердің бірі болып қала береді. Емдеу үшін сүйек алмастырғыштарын қолдана отырып, остеопластиканың әртүрлі әдістері жиі қолданылады. Бірақ бұл операцияның нәтижесінде сүйек әрдайым толық қалпына келмейді. Біз сүйек ақауларының толық қалпына келуіне ықпал ететін технологияны жасадық. Бағаналы жасушалар мен табиғи биополимерлер зақымдалған сүйек немесе шеміршек тіндерін қалпына келтіру процесін жеделдетеді, – дейді әзірлеме авторы.
Қазір алғашқы операцияларды бағаналы жасушалар негізінде гидрогель арқылы жүргізу жоспарланып жатыр. Күрделі сынықтар мен зақымдалған буындарды қалпына келтірудің бірегей технологиясы травматология мен ортопедияда көрсетілетін медициналық қызметтердің деңгейін айтарлықтай арттырады деп күтілуде. Препарат мамандандырылған ауруханалар мен ғылыми медициналық орталықтарда қолданылады.
Ертегідегі басқа кигенде адам көрінбей қалатын қалпақ есіңізде болар? Бұл туралы бәріміз бала кезден армандадық. Сиқырлы қалпақ жақын арада шындыққа айналуы мүмкін секілді. Әрине, адамды көрсетпейтін құрал ертегідегі қалпақ та емес, сиқыр да емес, физиканың нақты заңдары арқылы жасалады. Біз затқа қараған кезде одан шағылған жарықты көреміз. Осы жарық сәулелерін басқара отырып, шынымен керемет дүниелер тудыруға болады екен. Quantum Stealth принципі, яғни "көрінбейтін киім" бетінде жарық сәулелерін сындыратын арнайы линзалар бар. Бұл линза жарықты түзу өткізбей әртүрлі бұрышқа шашыратады, осылайша жарық өтпейтін өлі нүкте пайда болады. Егер адам осындай өлі орталықта болса, айналаға көрінбей қалады. Квантты құралды камуфляж киімін шығаратын канадалық компания әзірлеуде.
Ал жәндіктердің көлеміндей кішкентай дрондар, соғыс техникалары бұрыннан бар. Мұндай механикалық аппараттарды жоя­тын да құралдар бар екені белгілі. Қазір олар соғыс технологиясы ретінде жаңалық болмай қалды. Бірақ DARPA жәндіктерді басқару туралы жобаға кіріскен. Мұндай технология MEMS деп аталады. Жоба авторлары өз технологиясын жәндіктер дамымай жатып тіпті құрт кезінде олардың ағзасына орнатады. Имплантациядан жәндіктер өсіп, жетілгеннен кейін оларды барлау немесе жауынгерлік тапсырмаларды орындауға қолданады. Сондықтан жауынгер қоңыз, шыбын және құрт-құмырсқамен күресу жақын арада шындыққа айналуы мүмкін.
Жасанды найзағай жайында естіп пе едіңіз? Идея бойынша қуатты өндірілген электр зарядтарын берілген нүктеге бағыттау арқылы бұл техниканы жасауға болады. Оның күші табиғи найзағайдан кем түспейді. Принцип электрлі потенциалдар айырмашылығына байланысты дәліз деп аталатын құралға негізделген. Яғни, электр разряды қоршаған ортаға қарағанда аз қарсылықпен дәліз арқылы өтеді. Мұндай арнаны жасау үшін лазерді қолдануға болады. Кейбір дәлелдерге сүйенсек, атақты ғалым және өнертапқыш Никола Тесла өткен ғасырдың басында жасанды найзағай туғызып, басқара алған. Бірақ растайтын құжаттар сақталмағандықтан, мұның қаншалықты рас екенін айту қиын.
Бір қызығы, болашақта әскери технологиялар саналатын бұл технологияның қаншалықты құдіретті болатынын тап басып айту мүмкін емес. Өйткені олар қатаң құпияда сақталады.
Айнұр ӘЛИ
22 ақпан 2022 ж. 416 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031