Тағы бір қоғамдық көлік іске қосылды
АУДАНДА ТӨРТ АЙ БҰРЫН КҮРМЕУІ ШЕШІЛГЕН ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК МӘСЕЛЕСІ ЖАҚЫНДА ТАҒЫ ДА ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҒЫМЕН КӨПТІ ҚУАНТТЫ. КЕНТ ІШІНДЕ №2 БАҒЫТТА ЖҮРЕТІН "СҰЛТАН" САУДА ҮЙІ МЕН №183 МЕКТЕП АРАЛЫҒЫН ҚАМТИТЫН МАРШРУТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ. ӘДЕТТЕГІДЕЙ ЖАҢАЛЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ БОЛУҒА АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНЕ ЖОЛЫҒЫП, МӘН-ЖАЙҒА ҚАНЫҚТЫҚ.
– Жылдың басында кентішілік жолаушылар тасымалдау маршрутына қызмет көрсету құқығына арналған конкурс жарияланған болатын. Сонда "КадНұр" ЖШС мекемесі жеңімпаз болып танылып, жолаушыларды тасымалдау бойынша жұмысын бастады. Осыған дейін он бес жыл бойы кент ішінде жүрмеген қоғамдық көлік мәселесі аудан әкімінің көмегімен шешімі табылып, бүгінгі күні халыққа қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда 6 автобус жолаушыларды тасымалдап, кент ішін айналып жүрсе, 2 автобус резервте тұр. Барлығы тиісті құзырлы органдардың рұқсатымен заңдастырылып тіркеуден өткізілген. Енді №2 бағыттағы маршруттың жолын түсіндірсек, мұнда мектептер мен әлеуметтік нысандары бар көшелерді қамтыдық. Яғни аудандағы құзырлы мекемелердің басшыларымен бірлесіп, шешіліп бекітілді. Бұл қатып қалған сызба емес. Егер халықтан қандай да бір ұсыныс түсіп жатса, біз соған қарай оңтайландырып өзгертуге жұмыс жасаймыз, – дейді бөлім басшысы Рустам Ефенов.
Мекемеден шығып, №2 бағыттағы автобусқа отырдық. Жанға жайлы көлікке отырғаннан жолдың маршруты мен тұрғындардың қоғамдық көлікке мінуін бажайладық. "Сұлтан" сауда үйінен бастау алған бағыт жолай емхана, ХҚКО, сот, Қазақтелеком темір жолдың арғы бетіндегі №250 мектеп-лицейі, райгаз әрі қарай Әуезов көшесі арқылы №105 мектеп-лицей, №30 мектеп, "Райхан" дүкені, КРЭК сонымен қатар "Ерзат" дүкенінен мөлтекке бұрылып №183 мектепке аялдап, сәл кідірді. Осылайша келген ізбен қайтадан кері бағытқа түсіп жолын жалғастырды. Автобустың бұл бағытқа шыққанына көп болмаған соң, халықтың үйреніспегені көрініп тұр. Дегенмен бір-екеуі мініп, діттеген жеріне жеткенде алғысын айтып, қуанып жатыр. "Тұрғындар әлі үйренісе алмай жатыр. Кейбірі №1 бағыттағы автобус деп ойлап, баратын жеріне алыстан түсіп қалып жатқан жайы бар" деді кондуктор жол ақысын алып, жымия күліп.
Халықтың жағдайын жасап, жылы әрі кең автобуспен қамтамасыз етіп отырған "КадНұр" ЖШС директорына қоңырау шалып, өз тарапымыздан да алғыс айтып, бір-екі ауыз тілдестік.
– Бұл мәселе аудан әкімі Қайрат Ырзақұлұлымен бірлесіп шешілген. Көптен бері Жосалыда маршруттың жағдайы ақсап тұрғанын айтып, ұсыныс тастады. Мен қуана келістім. Осы ауданға жақын Ақтөбе ауылының тумасымын. Еңбек жолым ауылда жедел-жәрдем көлігіне жүргізуші болудан басталған. Кейін қалаға көшіп, ол жақта да қоғамдық көлікті тізгіндедім. Былайша айтқанда халықтың жағдайы, мұң-мұқтажы маған таныс. Туған жеріме жасаған жақсылығым болсын деген ниетпен осындағы халықты қоғамдық көлікпен қамтудамын. Бастапқыда тұрғындар тарапынан сенімсіздік болғаны рас. Бұған дейін де жүргізілген маршруттың қызметі ұзаққа бармапты. Қазір шүкір, халық үйреністі. Кентте қоғамдық көлік тынбай қызмет көрсетіп жүр. Биылдан бастап қызметкерлердің жалақысын көтеріп жатырмын. Олардың да жағдайының жақсы болуы мен үшін маңызды. Бұйырса жұмысымыз тоқтамай жалғасатынына сенім білдіремін, – дейді Ғали Алмауытов.
Мұнда жүргізушілерден бөлек бір медбике мен механизатор жұмыспен қамтылған. Медбике күнделікті таңертең жүргізушінің денсаулығын жіті бақылап, жұмысқа жарамдылығын тексерсе, механизатор көліктің жүріс-тұрысын қарайды. Осылайша қос тараптан рұқсат берілген кезде ғана қызметке кіріседі.
Ерсін СӘДУҰЛЫ