Аялдама. Автобус көбеймек баяу ғана
«Бізге маршрут керек» десті талайы. Өздері асығыс, жұмысбасты. Сондайда көңіл шіркін, кейде болды «жабайы». «Мына тұрған жер емес пе?» деп өзін-өзі жұбатады, қояды. Ал асыққанда таксидің тар қалтасы «тояды». Қош. Бұл да артта қалды. Көптен бері көптің көңілін күпті еткен қоғамдық көлік мәселесі шешілді.
27 қыркүйектен бері өз жұмысын бастаған кентішілік маршруттың жай-күйін білмекке аялдамаға асықтық. Бір қолда қойын дәптер, иықта фотоаппарат. Жағымды жаңалықтың жаршысы болуға ынтығып келеміз. Сағат түскі 15.00. Теміржол вокзалы. Небәрі 5 минут өтпестен №1 бағыттағы автобус келіп тоқтады. Еш тосылмастан алдыңғы орындардың біріне жайғастық. Бағыт бастау алатын аялдамадан 2-3 адам мініп жатты. Жол ақысын алып, бізге қарай күле жақындаған кондуктор Әлібек Ғабдуллаевты әңгімеге тарттық. Жолаушыларды жадырай қарсы алатын ол ә дегеннен-ақ қуанышын жасырмады.
– Маршруттың жүре бастағанына көп болмаса да тұрғындар бірте-бірте үйренісіп келеді. Мәселен, күніне шамамен 50-60 адамдай мінеді. Егер әлі де үйреніссе автобустың 22 орны да бос болмайды деп ойлаймын. Айтпақшы, жол ақысы ересектер үшін – 70 теңге болса, оқушыларға – 35 теңге, – деді ол тағы да жымиып.
Осы сәтте автобус тізгіндеген Нұржан Нұрмахан «бізден кейін тағы бір автобус бар. Екі көлікпіз» деп кондуктордың сөзін жалғап әкетті.
– Күнделікті сағат 7.30-дан 19.00-ге дейін №1 бағытта, яки теміржол вокзалынан бастап №183 мектепке дейін 2 автобус жүреді. Сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін түскі үзіліс бар. Жүру аралығы 20 минут. Кейде өткінші жол жабылған сәтте тағы 10 минуттай қосып алатынымыз бар. Әйтсе де арғы бет пен бергі бетті жалғап отырған автобусқа мінушілер қатары күн санап көбейіп келеді. Осы бастаманы қолға алған иесінің нөмірін берейін. Байланысып көріңіздер. Қазір қалада, – деді ол гүрілдеген автобус дауысын баса сөйлеп.
«Жөн екен» дей бергеніміз сол еді автобус ішінде отырған жолаушылар бірінен соң бірі алғысын жаудыра түсті.
– Арғы беттегі Есқараев көшесінде тұрамын. Жұмыспен орталыққа шыққанда біз секілді жасы үлкен кісілерге қиындау болатын. Қайта-қайта таксиге міну де қалтаға қонымсыз. Осы маршрут жүре бастағаннан бері мініп жүрмін. Іші жарық, ыңғайлы, кең. Жолаушылармен жол қысқартып әңгіме-дүкен құрасың. Бағасы да тиімді. Көбі таксиге мініп, уақыт қысқартқанды дұрыс көреді. Асығыс, жұмысы көп. Дегенмен уақытын біліп алып, барар жеріне ертерек қамданса маршрут дегенің жақсы ғой. Бұл бізге керек. Осы қалыпта жұмысы тоқтамай, керісінше жандана берсе деген тілегім бар, – дейді кент тұрғыны Сәуле Қосбергенова.
Бірі жол ақысын төлеп, аялдамадан түсіп жатса, ендігісі мініп жатты. Кейде бос болмаған 5-6 орын келесі аялдамада мүлдем бос болып қалды. Байқағанымыз, тұрғындар маршрутқа әлі де үйренісе қоймаған. Бірақ қоғамдық көлікті шын қажет еткендердің үміті ақталды емес пе? Қуантарлығы да сол.
Соңғы аялдамаға келдік. Жүргізуші мен кондукторға сәттілік тілеп, жол ақымызды төлеп түсіп қалдық. Бірер минут адам жинаған автобус қайта жүріп, жұмысына кірісіп кетті.
Келесі күні «КадНұр» ЖШС директоры Ғали Базарбайұлына қоңырау шалдық. Бірер уақыттан соң тұтқаны көтерген кәсіпкер біз қойған бірнеше сауалға жауап берді.
– Серіктестік қаладағы қоғамдық көлік қызметіне арналған. Ал Жосалыдағы маршруттың бастапқы күйі жұртшылықтың көптен бері тарқамай жүрген түйіні еді. Солай аудан әкімдігінен ұсыныс түсті. Еш ойланбастан екі автобусты осында жөнелттім. Негізі жұмысты 1 қазанда бастаймыз деп ойлағанбыз. Бірақ халықтың сұранысы бойынша ертерек кірісуді жөн санадық. Әзірге жүргізуші айлығы өз қалтамнан төленіп отыр. Ал жолаушылардан түскен жолақы автобустың өзін әрең ақтайды. Яки күнделікті бензині, құрал-жабдығы бар деген секілді. Конкурсқа енді қатысқалы жатырмыз. Егер тендерден жеңімпаз атансақ 10 маршрутқа дейін көлік қарастыруға мүмкіндік бар. Тендер талабына сай қызмет те көрсетілмек. Әзірге жақын аралықта кент ішіне тағы бір автобус қоспақшымыз. Осылай бірте-бірте өз уақытымен жандандыру жоспарда бар, – дейді жеке кәсіпкер Ғали Алмауытов.
Серіктестік директорының өзі біздегі Ақтөбе ауылының тумасы. Туған жеріне жақсы бастама тарту еткен оның басты нысаны – халық өтінішінің орындалуы. «Алда қыс келе жатыр. Жерлестерім жаяу жүрмесін, тоңбасын деген ниет қой біздікі» деді сөз арасында. Ал аудан әкімдігіндегі мамандардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын тауып, әкімнің тұрақты бақылауында болмақ.
P.S
Жап-жарық автобус іші. Алдыңғы қатарға жайғасқан жолаушылар бір емес, бірнеше мәселені талқылап жатыр. Оның ішінде біреуіне жанған үміт, біреуіне келген күдік болған – көгілдір отын мәселесі. Бірақ бұл жайында келесі мақаламызда.
Айнұр ӘЛИ
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ (сурет)