Ревакцинация – денсаулық кепілі

Денсаулық сақшылары бүгінде аудандық емханада қызмет істейді. Үйдің отағасы – Мұхтар Фазылов жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі болса, отанасы – Зағипа Көпбергенова балалар көз дәрігері. Ал ұлдары Нұрберген бүгінде кішігірім кәсібін дөңгелетсе, Ерболы – тіс дәрігері. Олар алғашқы вакцина кезінде алған әсерлерімен былай бөлісті.
– Алғашқы карантин басталған уақытта жолдасым екі ай ауруханада болып, науқастарды қарады. Бірақ өзі де сол жақта жүріп қатты ауырды. Содан жаппай вакцинациялау басталды дегеннен алғашқылардың бірі болып Спутник-V салдырды. Алайда қан қысымының көтеріліп кетуіне байланысты екі-үш күн күтіп барып, қабылдады. Одан кейін балаларым салдырды. Ал өзім кеш алдым. Себебі ағзамда вакцинаға қарсы әсер бар болатын. Егуден кейін балаларыммен бірге ауырсындық. Жалпы кез келген вакцина алғанда ауырсыну болады. Жолдасым ауырған жоқ, керісінше қан қысымы вакцинадан кейін қалыпқа келіп, жақсы болды, – дейді отанасы.
Ауданда ревакцинациялау басталса да бүгінде келіп салдырушылардың қарасы аз. Осындайда Фазыловтар отбасы аудан тұрғындарын ешқандай қорқынышқа бой алдырмай, ревакцинациядан өтуге шақырады.
– Бұл жолы да бірінші болып ревакцинациядан өттік. Өйткені денсаулық бәрінен қымбат. Қазір салдырам деушілерге вакцина жеткілікті. Жалпы айтарым, ревакцинациядан қорқудың қажеті жоқ. Адам тұмауға, туберкулезге, қызылшаға да қарсы вакцина алады ғой. Кез келген адамның ағзасы денеге сіңген бөтен затпен күреседі. Содан кейін барлығында да ауырсыну болады, – дейді дәрігер Зағипа.
Ерсін СӘДУҰЛЫ