» » Ревакцинация: нені білу керек?

Ревакцинация: нені білу керек?

Екі жылдан бері әлем індетпен тоқтаусыз күресіп келеді. Осы уақыт аралығында естіп көрмеген терминдер мен дерт атауларын бүгінде жатқа айтамыз. Коронавирус індетінің уақыт өткен сайын мутацияға ұшырап, түрлі штамның таралуы да қауіп тудыруда. Ауруды ауыздықтауға сеп болар деп вакцинаның екі дозасын да алдық. Ал қазіргі ел аузындағы жаңа терминнің бірі – ревакцинация. Бұл не үшін қажет, қандай ерекшелігі бар деген секілді ел көкейіндегі бірнеше сұрақты саралап көрсек.
Ревакцинация – бұл қайта вакциналау. Екпеден соң пайда болған ағзаның иммун күшін сақтау үшін салынады. Яғни, екпе салғаннан кейін ағзада шамамен үш апта өткенде коронавирусқа қарсы иммунитет пайда болады. Антидене вирусты анықтап, оған қарсы қалай күресу керегін біледі. Алайда уақыт өткен сайын ағзадағы антидененің мөлшері азайып, вирусқа қарсы қорғаныс нашарлайды. Мұның алдын алу үшін тағы екпе алу керек. Бұған қоса, вакцинаны қайта салдыру В-лимфоцит, Т-лимфоцит және Т-жад жасушасын түзіп, вирустың әртүрлі штамымен күресуге қабілетті болады.
The Lancet ғылыми журналы әлемдегі ревакцинация жайлы зерттеу жұмысын жария­лады. Зерттеуде вакцинацияның алғашқы компоненті коронавирустан қажетті деңгейде қорғайтыны айтылып, үшінші дозаны уақыт өте иммун қорғанысы әлсірейтін 65 жастан асқан егде кісілер мен иммунитеті әлсіз адамдарға алуға кеңес берген.
Мамандар кез келген вакцинаны алғаннан кейін ревакцинация қажет екенін алға тартады. Қазақстанда вакцина алғандардың басым бөлігі «Спутник V»-ді салдырған. Бұл вакцинаның екінші дозасын алған соң 9 айдан кейін үшінші компонентін салдыруға болады. Ал Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in вакцинасын салдырғандар 6 айдан кейін ревакцинациялауға рұқсат етілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ревакцинацияны кем дегенде жарты жылдан соң салдыру керегін айтады. Одан ерте салдыру денсаулыққа зиян болуы мүмкін.
Елімізде тұрғындарды ревакцинациялау 22 қарашадан басталды. Өйткені вакцинаны алғаш ақпан айында салып бастаған болатын. Ал ауданда жақын күндері басталады. Әуелгі реттілік бо­йынша дәрігерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, педагогтар болып жалғаса бермек.
– Коронавируспен күресте вакцинаның рөлі зор. Жалпы осы уақытқа дейін эпидемиямен күресіп жүрген дәрігер ретінде вакцина алған азаматтарда коронавирус жеңіл өткенін көзбен көріп жүрміз. Оны халық та түсінді деп ойлаймын. Сондықтан вакцинаның алғашқы екі дозасын алғанымыз сияқты, қайта вакцинациялауға да қоғам жұмыла кіріскені жөн. Бірақ қазіргі ақпараттың дамыған заманында, халық өз денсаулығына бей-жай қарамайды. Азаматтардың қызығушылығы жоғары. Біз де жуырда қайта вакцинациялауға кірісетін боламыз, – дейді ауданның бас санитар дәрігері Гүлнар Төлепбергенова.
Сонымен қатар көпшілікті ревакци­нацияның қанша рет егілетіні де алаңдатады. Мамандар тек бір ғана доза салынатынын жеткізді. Бұл вакцина алдыңғы екі вакцинаны қолдайтын вакцина болып саналады. ДСМ мәліметінше, кейін вакцинация паспортында үшінші доза салынғаны туралы мәлімет шығады. Кейіннен Вакцинаның толық курсынан өткен адам үшін QR-коды бар вакцинация куәлігі тағайындалады. Сонымен қатар халықты көп мазалайтын тағы бір сұрақ – «Ashyq»-тағы жасыл түстің жайы. Айналамыздан «Егер ревакцинациялауға бармасам, Ashyq-тағы жасыл түс қайта көкке ауыса ма?» дегенді өте жиі ести бастадық. Оған мамандар міндетті вакцинаның екі дозасын алғандықтан, жасыл статустарыңыз қала береді және ревакцинация құжаты ашыққа әсер етпейтінін айтты. Десе де, деннің саулығы өзіміз үшін қажет. Індет іргемізден алыстамай тұрғандықтан барынша сақтық шарасын ұстанып, қажетті екпені алған жөн.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
07 желтоқсан 2021 ж. 820 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 239

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 342

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930