» » Кітап – рухани құндылық немесе тоналмаған жалғыз дүкен

Кітап – рухани құндылық немесе тоналмаған жалғыз дүкен



АЛМАТЫДА ТОНАЛМАЙ ҚАЛҒАН ТЕК КІТАП ДҮКЕНДЕРІ ЕКЕН. КІТАП ОҚЫСА ҰРЫ БОЛМАС ЕДІ-АУ...
/ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ПАРАҚШАДАН АЛЫНДЫ/
Кітап дегеніміз – қоғам. Жақсы кітап жақсы қоғам тәрізді сезім мен санаңды нұрландырады, көркейтеді. Кітап оқудың ұлт болашағы үшін маңызы зор. Білімсіз қоғам ешқашан да өрге басқан емес. Біз үшін ең маңыздысы – Тәуелсіздік пен тұрақтылық. Қаңтар оқиғасы әрі сабақ, әрі серпіліс болды. Өкініші де бар, әрине. Елдің Президентке деген шексіз ықыласы мен ризашылығына куә болып жүрмін. Ел – риза. Халық Президентке сенеді, қолдайды. Өкініштісі, қаншама сарбаздарымыз бен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, шеруге шыққан тұрғындар қаза тапты. Бейбіт халық та, кәсіпкерлер де зардап шекті. Мұның барлығы бүліктің салдары. Алайда, бүлікшілер қолынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің барлығына мемлекет тарапынан қолдау болатынын баса айтқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың парасатына ел сенім артып отыр. Қай заманда болсын келешек қоғамның дұрыс болуы үшін алдымен ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу – басты мәселе. Ал саналы ұрпақ негізгі тәрбиені кітаптан, газет-журналдардан алып, есейеді. Сондықтан балғындарға рухани ықпал ететін басылымдар шығару үлкен еңбекті, жауапкершілікті талап ететіні күмәнсіз. Қазақ зиялылары жазып кеткен кітаптардан өмірлік сабақ та аласың, мінез-құлық та қалыптастырасың. Қазақ халқы – дана халық. «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деп кітаптың қадір-қасиетін осы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген. Кітап оқу, кітапқа үңілу, кітаптың ішіне кіру, жата-жастана оқу, астын сызып оқу секілді тұрақты сөз тіркестері кітап бағасының құндылығын көрсетеді. Жан азығын кітаптан, көркем шығармадан алатын адамның тұла бойы тұнып тұрған қазына. Оқып отырып кейіпкеріңнің бейнесін көз алдыңа елестетесің, бірде мырс етсең, енді бірі мехнатымен азап шектіреді. Қиял әлеміне жетелеп, рақат сезімге бөлейді. Ойға ой қосып, жан сарайыңды ашады. Ақылыңа ақыл қосады. Кітаптың осындай киелі, сиқырлы қасиетін, адамның жанына шын мәнінде демалыс сыйлайтынын қолына кітап ұстап, парақтап көрмеген, иісін де сезбейтін пенденің түсінуі екіталай-ау.
Өкініштісі, бүгінгі қоғамда соңғы­ларының қатары көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Адамдар да кітап насихаттауға құмар емес. Балалардың кітап оқымайтынына үйреніп алдық. Оларға ұялы телефонды бере салдық. Тыныш отырса болды. Кішкентайларымыз ұялы телефонға қарамаса тамақ іше алмайтын болды. Етіміздің үйреніп кеткені соншалық, соған қалыпты жағдай деп қарайтын болдық. Аға буын жазушылардың кітабын жас­тар білмейді.
Кітап оқымау – үлкен бір қасіреттің басы. Айналамыздағы жасөспірімдердің бірін-бірін өлтіруі, неше түрлі қиын жағдайлардың болып жатқанының түп төркіні жастардың, жалпы адамдардың кітап оқымауынан. Біз демократиялы елміз, әркім өз еркімен өмір сүреді деген ойды алып тастап, балаларға кеңес өкіметі кезіндегідей кітап, газет-журнал оқуды мәжбүрлеп, міндеттемей, ештеңе бітпейді деп ойлаймын. Бір байқағаным, менің әріптестерім кітапханашылар, балаларды тәрбиелеуде, жалпы оқырманды кітапханаға тартуда өте көп еңбек сіңіріп жатыр. Сондықтан кітапханашылардың мәртебесін айқындау керек. Олардың мәртебесін көтерсе, халыққа пайдасы тиеді деп ойлаймын. Өз басым кітап оқитындарды, жалпы кітапханаға барып жүрген адамдарды көп көремін. Жазушының жазғанына газет-журнал қаламақы төлей алмайды, журналистің жалақысы да мардымсыз. Егер біз осылай жүре беретін болсақ, болашағымыз бұлыңғыр. Қазір жасық елдің ұрпағы өсіп келеді. Технология дамыған сайын, ұялы телефон, компьютерді қолданып, барлық мәліметті дайын күйінде алады, мимен жұмыс істеу жоқ. Ондай адамда қандай талғам болсын. Мәселенің барлығы кітап оқымаудан, тереңге бойламаудан шығып отырғаны ақиқат. Сондықтан кітап оқу технологиясын мемлекеттік деңгейде көтермесе болмайды. Кітап оқу, кітап оқудың технологиясын қалыптастыруды қатаң түрде қолға алуымыз керек деп ойлаймын. Балабақшадан, мектептен бастап жұмыстар жүргізілуі керек.
Қазір халықтың талғамы арзан, татымсыз дүниелерге әуес. Өйткені бүкіл халық тек қана теледидарға телміреді, кітап оқымағандықтан талғамсыздық қалыптасатынына бас ауырта бермейді. Жастар үлгі алатын зиялы қауымның халықтың талғамын қалыптастыруда, адамдарды тәрбиелеуде еш­қандай әсері жоқ. Кітап оқуға деген халықтың ынтасын ірі қалаларда ашылған дүкендер желісі мен кітапқа байланысты іс-шаралардың өтуі әсер етуде. Қарап отырсаңыз, қазіргі буын кітаптардың көбін бала кезінде, мектеп жасында оқып тастаған. Бұрын кітапханасы жоқ үй жұпыны үй сияқты болып көрінетін. 1995-2000 жылдары кітап сөрелері жоғалып кеткен еді. Қазір қайта айналып, кітапхана бұрышы, кітап бұрышы, кітап сөресі болып, үйдің дизайнына қосылып, интерьердің бір бөлігіне айналуда. Қазіргі уақытта кітапханаларда «Coworking» орталықтары ашылып, балалар әрі интернетке әрі кітап оқуға келетін болады. Бір сөзбен айтқанда, біздің өзімізге тән бет-бояуымыз, әдеби тіліміз бар, қазақтың шұрайлы сөздері көп. Ал оны қазіргі қазақтың жастары қабылдай алмайды. Мына уақыты тығыз ғасырда оларға көп уақытты құртпайтын, қысқа да нұсқа, оқуға жеңіл шығармалар керек екені байқалады. Кітап оқуға уақыт жоқ деген тек сылтау болса керек. Кітаптың өмір сүруге ешқандай кедергісі жоқ. Білімнің қайнар көзі, бұлағы кітап екенін, оның құнының өлшеуі жоқ екенін, алдыңнан даңғыл жол ашылатынын түсінетін кез жеткен сияқты.
Алматы қаласы – тоғыз жолдың торабында тұр. Арғысы Қытайға, мына шеті Қырғызстан, Өзбекстан арқылы Орталық Азияға шығарады. Қазақ елінің бас қаласы елорда екені анық. Ал дегенмен де мәдениет пен өнер ордасы болып Алматы қала берері сөзсіз. Баршамыздың ортақ, сүйікті қаламызды тезірек қалпына келтіріп мәңгі аялай білейік! Ата-аналар, мектептер, кітапханалар жас ұрпақтың кітапқа, тектілікке құмар болуы үшін атсалысайық. Біздер руханияттан алшақтап барамыз. Кітапханаларда жүз томдық «Бабалар сөзі» жинағы бар. Ал дәл осындай жинақ ешбір елде жоқ. Әр қазақ оп-оңай бай бола алады, тек бір-ақ қадам – кітаптарды көп оқу, кітапханаларға бару. Өскелең ұрпағымыз ғаламтордан қысқа-нұсқа, ғибратты ой-тұжырымдарды, пайдалы кеңестерді ғана оқымай, көркем шығармаларды оқып жанына серік етсе екен. Ілгеріде Жапон халқы да кітап оқымайтын дертке шалдығып, кейіннен қалпына келген деген ақпарды бір жерден оқыған едім. Лайым біздерді де күндердің күнінде аялдамаларда, саябақтарда мейірлене кітап оқып отырар күнге жеткізсін деп тіледім.
Гауһар ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
кітапхана саласының ардагері,
«ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері
01 ақпан 2022 ж. 542 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031