» » Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды

Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды


МЕКТЕП ҚАБЫРҒАСЫНДА ОН БІР ЖЫЛ БІЛІМ АЛҒАН ТҮЛЕКТЕР ҮШІН МАҢЫЗДЫ АЙЛАР КЕЛІП ЖЕТТІ. БІЛІМНІҢ САРАПҚА ТҮСЕР СӘТІ ДЕ КЕЛДІ. ЕЛІМІЗДЕ 25 ҚАҢТАРДАН БАС­ТАП ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУ БАСТАЛДЫ. БИЫЛҒЫ ТЕСТІЛЕУДЕ ҚАНДАЙ ӨЗГЕШЕЛІКТЕР БАР ЕКЕНІНЕ ТОҚТАЛА КЕТСЕК.
ҰБТ қаңтар, наурыз, тамыз айларында ақылы түрде өткізіледі. Бұл сынақ сертификатымен талапкер жоғары оқу орнының ақылы бөліміне ғана тапсыра алады. Ал грант конкурсына мүмкіндік берер негізгі ҰБТ-ны маусым айында тек бір рет өткізу жоспарлануда. Елдегі орын алған ахуалға байланысты қаңтардағы ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау қаңтардың 21-іне дейін созылса, тапсыру мерзімі 25 қаңтардан 22 ақпанға дейін ұзартылды.
Биыл министрлік талапкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін, сондай-ақ тестілеу тапсыру процесінің ашықтығы мен транспаренттілігін күшейту үшін бірқатар өзгеріс енгізді. Соның бірі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар түлектерге қосымша уақыттың берілуі. Көру, есту, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған талапкерлерге тестілеу тапсырмаларын орындау үшін негізгі 240 минуттан бөлек қосымша 40 минут беріледі. Яғни, олар ҰБТ-ны 4 сағат 40 минут ішінде, басқаларға қарағанда ұзағырақ тапсыра алады. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар талапкерлерге арналған тапсырмалардың мазмұнына да өзгерістер енгізілді. Олар үшін суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз тест нұсқалары жасалған.
Тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша жүргізіледі. Оқуға түсушінің тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа, тестіленушінің дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін алдыңғы веб-камера орнатылады. Фронталды веб-камера талапкердің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кіруін болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл қағидат емтихан тапсыру барысына бақылау жүргізу және тестілеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет.
Ал тапсыратын пәндер саны өзгеріссіз. Екі бейінді және үш міндетті пән қамтылады. Тест тапсырмаларының саны – 120. Оның ішінде Қазақстан тарихы бо­йынша – 15, математикалық сауаттылық бо­йынша – 15, оқу сауаттылығы – 20 және екі бейінді пәннен 35 тапсырмадан беріледі. Тестілеуді өткізу уақыты – 4 сағатты (240 минут) құрайды. ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғары 140 балл жинай алады.
Тестілеуге кірер кезінде қолмен тексеретін және рамалық металл іздегіштер қолданылады. Бұл талапкерлердің қауіпсіздігі үшін, ережелерді бұзудың және тыйым салынған заттарды алып өтудің алдын алу үшін қажет. Қатысушылардан ты­йым салынған заттар табылған жағдайда тестілеу автоматты түрде тоқтатылады.
Тестілеу кезінде мобильді және радиоэлектрондық байланыс сигналдарын басатын құрылғылар пайдаланылады. Ол аудиторияның және бейнебақылау камераларының ауданына байланысты жұмыс істейді. Ал ҰБТ аяқталғаннан кейін жылдың соңына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану және ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда, оқуға түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.
Ескерте кеткен жөн, қаңтар айындағы бұл ҰБТ қорытындысы бо­йынша тек ақылы негізде оқуға болады. Түлектер жазғы тестілеу негізінде грантқа үміткер бола алады.
– Биылдан бастап аудандардағы тестілеу орталықтарының саны қысқарды. Облыс бойынша 3 тестілеу пункті ғана жұмыс істейді. Олар Жаңақорған, Қазалы аудандары мен Қызылорда қаласында орналасқан. Талапкер тестілеуден өтетін күн мен орынды өзі таңдайды. Байқоңыр, Төретам кентінің талапкерлері Қазалы ауданындағы орталықты таңдаса, кент, ауылдық округ талапкерлері Қызылорда қаласына барып тестілеуден өтуде. Ал тестілеу орталығының аудандағы филиалы бұрынғыдай өз жұмысын жалғастыра береді. Біздің ендігі міндет – талапкерлердің құжаттарын қабылдау, тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізу, – дейді «Ұлттық тестілеу орталығының» Жосалы кентіндегі филиалының басшысы Асылжан Айбытов.
Сондай-ақ оқушылардың ҰБТ өтетін тестілеу пунктіне баруы мен қайтуы, жол шығыны және қауіпсіздігіне ата-аналары немесе оларды алмастыратын заңды өкілдері тікелей жауапты болады.
– Ұлттық бірыңғай тестілеу – әрбір түлектің өз білімін осы тұста ойып тұрып көрсететін кезі, яғни он бір жылдық білімінің жемісі. Тестілеу мектеп түлектерінің келешек өмірі мен болашақ мамандығына алар жолдамасы іспетті. Жүйріктің бағы бәйгеде ашылса, үздік оқушының білімі ҰБТ-да көрінеді. Биыл Қармақшы ауданы бойынша 594 түлек мектеп бітіреді. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 535 түлек өтініш берді. Бұл жалпы бітірушілердің 90 пайызын құрайды. Қазіргі уақытта түлектер өздерінің өтініш берген күніне сәйкес тестілеуден өтуде, – дейді аудандық білім бөлімінің бас маманы Нәзен Бахадүрова.
Түлек үшін маңызды саналатын сынақтың оқыған жанға қиынға соқпасы анық. Білім мен білік сарапқа түсер сәтте талапкерлерге біз де сәттілік тілейміз.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
01 ақпан 2022 ж. 501 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 298

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 396

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930