» » Автобекет ашылды

Автобекет ашылды

ЖОСАЛЫ КЕНТІНДЕ КӨПТЕН БЕРІ КҮРМЕУІ ШЕШІЛМЕЙ КЕЛЕ ЖАТҚАН МӘСЕЛЕНІҢ БІРІ – КЕНТІШІЛІК МАРШРУТ ЕДІ. БҰЛ МӘСЕЛЕНІҢ ТҮЙІНІ ТАРҚАП БІРШАМА УАҚЫТТАН БЕРІ 2 БАҒЫТ БОЙЫНША 8 АВТОБУС ЖОЛАУШЫЛАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДЕ. КЕНТ КЕЛБЕТІ ӨЗГЕРІП, БІРШАМА ЖАҢАЛЫҚ АЛА КЕЛГЕН ӨТКЕН ЖЫЛ ҚАРМАҚШЫЛЫҚТАР ҮШІН БЕРЕКЕЛІ БОЛДЫ. ЖЫЛ СОҢЫНДА КЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫН ҚУАНТҚАН ТАҒЫ БІР КӘСІПКЕРЛІК НЫСАН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ. ОЛ – «ШЫНАР АНА» АВТОБЕКЕТІ. ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА ЕҢСЕЛІ ҒИМАРАТ ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ.
Автобекеттің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Қайрат Ырзақұлұлы жиналғандарды жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ауданда осы уақытқа дейін ау­данаралық және ауданішілік бағыттардағы маршруттардың ашылуына ықпал жасаған аймақ басшысы Гүлшара Наушақызына аудан халқының атынан алғысын жеткізді.
– Мемлекеттің тарапынан орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға жан-жақты көмек-қолдау көрсетілуде. Жаңа автобекеттің ашылуы – бәрімізге ортақ қуаныш. Кәсіпкерлік саласында өзіндік орны бар, жолаушыларға қызмет көрсетіп жүрген жеке кәсіпкер Шолпан Сапабекқызының бастамасымен автобекетті жаңадан салып, соның нәтижесінде жарық әрі кең, жолау­шы­ларға ыңғайлы қызмет көрсетудің барлық түрін ұсынатын автобекетті іске қосып отыр, – деген аудан әкімі автобекет ұжымына сәттілік тіледі.
Осы уақытқа дейін аудан орталығы Жосалы кентінен Қызылорда қаласына тікелей қатынайтын маршруттардың болмауы жергілікті тұрғындарға қиыншылық тудырған болатын. Сондықтан аудан басшысы жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында Қармақшыда ауданаралық бағыттардың ашылуына септігін тигізген облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Жолкелдіұлына ризашылығын білдірді.
Автобекеттің ашылуына арнайы келген басқарма басшысының орынбасары Данияр­ Маратұлы қармақшылықтарды жаңа автобекеттің ашылуымен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
Жаңа ғимараттың лентасын аудан әкімі Қайрат Нұртай, аудандық мәслихат хатшысы Әділ Қошалақов, ардагер Халида Төлебайқызы қиып, кәсіп иесін құттықтады.
Жаңа автобекеттің жалпы аумағы 250 шаршы метрді құрайды. Заманға сай талаптар ескерілген. Мұнда кең әрі жарық күту залы, анықтама бюросы, медициналық пункт, ана мен бала бөлмесі, асхана, билет кассасы, жүргізушілер бөлмесі және жолаушыларға арналған тұрақ алаңы бар. Ана мен балаға арналған бөлме қажетті заттармен, түрлі ойыншықтармен толтырылған. Бір күнде 1000 адамға дейін қызмет көрсете алады.
Аталмыш нысанның иесі – жеке кәсіпкер Шолпан Махмутова. Ол 28 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып, елге қызмет етуде. 2005 жылдан бері жолаушылар тасымалдау қызметін ұйымдастырып, халықтың алғысын алып келеді. Бүгінде қайта жаңғыртылып, бой көтерген жаңа ғимараттың ашылуына ауданның біршама кәсіпкерлері арнайы келіп, қуанышты бөлісуде.
Автобекет арқылы ауданнан өтетін барлық ауданаралық (облысішілік) және ауданішілік бағыттардағы маршруттар өтетін болады. Атап айтқанда, Қызылорда қаласына 5 бағыт, Төретам кентіне 5 бағыт, ауданға қарасты елді мекендер Жаңажол-Жосалы, ІІІ Интернационал-Жосалы және Жалағаш-Жосалы бағыттары.
Алдағы уақытта жолаушылар тасымалы саласын дамытудағы жүйелі жұмыстар жалғасын таппақ.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

01 қаңтар 2022 ж. 463 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 382

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 461

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930