» » Қазақстандықтарға тұрғын үй алудың тиімді жолы ұсынылды

Қазақстандықтарға тұрғын үй алудың тиімді жолы ұсынылды

Соңғы уақытта үй бағасының шарықтауы, мемлекеттің халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудегі баяулығы мен банктер ұсынатын ипотеканың қолжетімді болмауы азаматтарды баспана мәселесін шешуде түрлі жолдарды іздеуге итермелейді. Жылжымайтын мүлік нарығында үй сатып алу үшін қолданылатын осындай амалдардың бірі – ұжымдық инвестициялар немесе тұрғын үй кооперативтері. Бүгінгі материалымызда олардың көмегімен қалай баспана алуға болатынын айтып бермекпіз. 

үй

Жылжымайтын мүліктің бағасының күрт өсуі қазақстандықтардың баспана мәселесін ушықтырып жіберді. Ал 2021 жылы қазақстандықтарға зейнетақы жинақтамасының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға қолдануға рұқсат берілуі жағдайды одан сайын қиындатқаны анық. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, осы жылдың алғашқы 11 айында жаңадан салынған үйлердің бағасы 11,1%-ға өссе, қолданыста болған үйлер 15,3%-ға қымбаттаған. Бұл әрине баспана ала алмай отырған тұрғындардың жағдайын одан сайын күрделендіре түсті. 
Бұған қоса мемлекет тапсырысымен салынып жатқан үйлер баспанаға мұқтаж қазақстандықтардың сұранысын толығымен өтей алмайды. Қазірдің өзінде әкімдікте үй мәселесі бойынша кезекте тұрғандар саны 585 мыңнан асады. Олардың 200 мыңға жуығы – әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар. Жыл сайын кезектегілердің саны 6 пайызға немесе 30 мың адамға артып отырады. 
Тағы бір мәселе, Қазақстандағы ипотеканың қолжетімсіздігі. Елімізде түрлі ипотекалық бағдарламалар ұсынатын банктер жетерлік. Дегенмен банк мұндай несиені кез келген адамға бере бермейді. Ол үшін азамат өзінің табысын растап, несиені өтей алатынын дәлелдеуі керек. Сондай-ақ, ипотекада бастапқы жарна, несие мөлшерлемесі мен артық төлем деген түсініктер бар. Бастапқы жарна үй бағасының 30-50%-ына дейін жетсе, ал мөлшерлеме 20%-дан асып кетеді. Осылайша ипотека алған азамат қарызын шамамен екі еселеп қайтаруға мәжбүр болады. Бұл ипотека қарапайым тұрғындар үшін қолжетпес дүние ете түседі. 
Бұл жағдайлардың барлығын ескерсек, баспана алу көп адамдар үшін арман болып көрінуі мүмкін. Дегенмен мемлекетке сеніп, қол қусырып отыру дұрыс шешім емес. Мәселен, осы тұрғыда сарапшылар жылжымайтын мүлікке деген ұжымдық инвестиция мен тұрғын үй кооперативтеріне құруға кеңес береді. 
Алдымен тұрғын үй кооперативі не екеніне тоқталып өтсек. Тұрғын үй кооперативтері –өз қызметін оған қосылған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағыттайтын коммерциялық емес ұйым. Кооператив ұйым мүшелерінің құйған қаражатына үй салады (немесе дайын жаңа ғимарат сатып алады), өз кезегінде инвестиция жасағандар сол жерден баспанаға ие болады. Мұндай бірлестіктер қызметі мен оған мүше адамдардың міндеттері Қазақстан Республикасы “Тұрғын үй қатынастары туралы” заң бойынша реттеледі. 
Тұрғын үй кооперативтері (шағын экономикалық бірлестік) Ұлттық кооперативтер қауымдастығы мен Қазақстан Республикасының басқа да экономикалық бірлестіктерінің жәрдемдесуiмен құрылады. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтар баспана сатып алу үшін осындай кооперативтерге қаражат салып, үлескер бола алады. 
Кооператив үлескерлері құрылысы жоспарланған тұрғын үйдің негізгі параметрлерін анықтайды. Атап айтсақ, олар үйдің өзіндік құнын, орналасқан жерін, қабаттар санын, дизайнын т.б. критерийлерді өз беттерінше келісіп бекітеді. Мемлекеттік тіркеу кезінде тұрғын үй құрылыс кооперативі мүшелерінің саны кемінде он адам (кәмелет жасына толған) болуы тиіс. Үлестік жарналарды жинау тұрғын үй кооперативін заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін ғана мүмкін болады. Сонымен қатар жарнаның шарттары, мерзімі және мөлшері болашақ тұрғын мен кооператив арасында жасалатын шартта көрсетілуі тиіс.
Коммерциялық құрылымдардың, оның ішінде банктердің қатысуынсыз жаңа ғимараттан пәтер сатып алу кооператив мүшелеріне әлдеқайда арзанға түседі. Жылжымайтын мүлік делдалдардың қатысуынсыз салынады, ал кооператив мүшелеріне белгілі бір салықтық жеңілдіктер беріледі, бұл өз кезегінде пәтерлерді одан да сайын арзандата түседі. Салынған үйді кооператив мүшелері қамтамасыз етеді, олар өз бетінше жөндеу және реконструкция жұмыстарын жүргізеді. Кооператив қызметі аясында бірлестік мүшелерінің қажеттіліктері үшін тұрғын емес үй-жайлардың құрылысымен қамтамасыз етілген.
Әрбір тұрғын үй кооперативінің өз ережелері болады. Бұл ереже бойынша үлестік жарнаның мөлшерін анықталады, кооперативке кіру немесе одан шығу тәртібі мен ұйымның барлық қызметі реттеледі. Кооператив мүшесі үлестік жарнаны толық төлегеннен кейін тұрғын үйдің меншік иесі атанады.
Республикамыздың заңнамасына сәйкес тұрғын үй кооперативі барлық міндеттемелерін орындағаннан қызметін кейін тоқтатады. Мідеттемелер нысанды пайдалануға қабылдау актісін рәсімдегеннен кейін және пәтерлерге, тұрғын емес үй-жайларға меншік құқығын тіркегелген соң орындалған болып саналады.  
Азаматтық бастамасы берік шет мемлекеттерде тұрғын үй-құрылыс кооперативі түріндегі бірлестіктер кеңінен танымал. Мәселен, Түркияда құрамында 1,9 миллион мүшесі бар 55 мыңнан астам тұрғын үй кооперативі болса, Канадада мұндай бірлестіктер жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ететін негізгі ұйымдар болып саналады. Ал Германияда тұрғын кооперативінің арқасында 5 миллион астам адам баспаналы болған. 
Сонымен, тұрғын үй мәселесін мемлекет пен ипотека көмегінсіз шешуге болады. Ол үшін өзіңізге ыңғайлы құралдарды қолдана білу маңызды. Тұрғын үй кооперативтері бұл тұрғыда дұрыс таңдау бола алады. 
Айта кетсек, бұл мақала осы бастаманы жүзеге асыру туралы қоғам пікірін білу мақсатында дайындалған. 
24 желтоқсан 2021 ж. 497 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031