» » Құтыдағы бақыт һәм жалғанған үміт

Құтыдағы бақыт һәм жалғанған үміт


Жақында ғана елдегі халық саны 19 миллион адамды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғандағы өсім барының айғағы. Демек, демографияның екпіні жақсы, тұлымдылар мен бұрымдылардың өсімі көз қуантады. Дегенмен, бала дегенде кесе көлденең кездесетін келеңсіздіктерді де аттап кетуге болмайды. Мәселен, біреу – баласынан бас тартып жатса, енді бірі – балаға зар. Қош. 40 жыл бұрын Ұлыбританияда экстракорпоральді әдіс, яғни жатырдан тыс ұрықтандыру арқылы дүниеге алғашқы сәби келді. Ал сол әдіс Қазақстанда 1995 жылы қолданылды. Олардың саны әлем бойынша 6 миллионнан, Қазақстан бойынша 30 мыңнан асады. Олар – ата-ананың жылдар бойы сарыла күткен үміті. Ананың құрсағында емес, шыны құтының құрсауында жатқан шараналар. Бүгінгі қаузайтын әңгімеміз де сол болмақ.
Дүниежүзінде осы тәсілмен алғаш рет 1978 жылы Ұлыбританияда дүниеге келген қыз Луиз Браун қазір тұрмыста. Ол табиғи жолмен екі балалы болған. Ал, Кеңес Одағындағы алғашқы бала 1988 жылы Мәскеуде өмірге келсе, біздің елімізде 1995 жылы «Экомед» медициналық орталығында дүние есігін ашқан. Көршілес Ресей, Украина, Белорусь елдерінде де бұл жүйенің қолданысқа енгізілгеніне біраз уақыт болды. Қазіргі таңда құтыдағы ұрық арқылы әлемде жылына екі миллионнан астам сәби өмірге келеді екен. Ал Қазақстан бойынша оның саны 30 мыңнан асады.
Еш нәтиже болмай, өз бетінше сәби сүю мүмкіндігінен айрылған ана жақын-жамағайыннан бала асырап алады не жасанды ұрықтандыру орталықтарының көмегіне жүгінеді. Тіпті, шарасыз қалғанның өзінде «құрсақ ана» жалдап, «бала» сүйеді. Дегенмен, «ЭКО әдісіне кімдер жүгіне алады», «Мұны жасату қаншалықты қолжетімді», «Шариғат не дейді» осындай бірқатар маңызды сауал көбінің көкейінде жүргені анық. Бүгінгі жазылар ой да осыған саяды.
Жасанды ұрықтандыру – медицина тілімен айтқанда, әйелдің жұмыртқасы мен ер адамның ұрығын арнайы түтікшеде қолдан ұрықтандыру. Алайда, бұл әдісті кез келген адамға қолдана бермейді. Оның өзіндік асқынуы мен қарсы көрсетілімі бар. Әйелдің денсаулығына зиян келіп, өміріне қауіп те төнуі мүмкін екен. Жатырдың ішін бала көтертуге дайындайтын дәрі-дәрмектің те жанама әсері бар көрінеді. Ең алдымен дәрігерлер келген науқасты бастан-аяқ тексереді. Кейбіреулері ем-домнан кейін-ақ бала көтеріп кетеді-мыс. Біреулеріне гормондық стимуляция жасалса, енді бірі жатырішілік инсеминация жасағаннан кейін жүкті болады. Ал, егер денеден тыс ұрықтандыру әдісі басқа ешқандай тәсіл көмектеспеген жағдайда ғана қолданылады. Жасанды ұрықтандыру – күрделі процесс. Әйелдің ұрығын алу үшін алдымен оны дайындайды. Онан соң аналық ұрықты шығаратын фолликула жасушасын өсіру үшін гормондық дәрілермен стимуляция жасайды. Ең үлкен доминантық фолликуланың көлемі 18-20 мм-ге жеткенде фолликуладағы ұрық оны жарып шығу үшін тағы бір дәрі беріледі. Содан кейін жіңішке ине арқылы фолликуладағы сұйықтықты сорғызып алады. Оны арнайы микроскоппен қарап, ішіндегі ұрықтың бар-жоғын тексереді. Аналық ұрықты алып, инкубаторға салады. Оның температурасы, қолайлылығы бәрі әйелдің жатырындағыдай етіп жасалған. Ал, ұрығы мүлде жоқ әйелге донор ұрық қолдануға тура келеді екен. Осы уақыт аралығында еркектің ұрығын өңдеп, әртүрлі сүзгіден өткізіп дайындайды. Егер еркектің ұрығы аз немесе әлсіз болса онда амал жоқ, ИКСИ әдісіне жүгінеді. Нақтырақ айтқанда, ең сапалы, жақсы деген ұрықтарды іріктеп алады, арнайы микрохирургиялық құрылғының көмегімен аналық жұмыртқаға «қолмен» апарып кіргізеді. Содан соң қолдан ұрықталған эмбрионды ананың жатырына салады.
Мамандардың пайымдауынша, әйелдің бала көтеру мүмкіндігі табиғатынан аз. Ал экстракорпоралды ұрықтандыру әдісінің нәтижелілігі бұдан бірнеше есе жоғары деседі. Осыдан 20 жылдай бұрын жасанды ұрықтандыру арқылы бала көтеру көрсеткіші бір жасағанда 10-15% болған. Бүгінде ол 60-80%-ке жетіпті. Яки, денеден тыс ұрықтандыру жасаған 10 әйелдің алты-сегізінде эмбрион жетіледі деген сөз. Қазіргі таңда бұл сала қарқынды дамыды. Дүниежүзінде адам ұрпағын өрбіту саласында қолданылатын жаңа заманға сай небір технологиялар бар. Жыл сайын әлемнің ең білікті мамандары жиналып, осы саланы әрі қарай дамытудың жай-күйін талқылайды екен. Соның нәтижесінде талай жетістікке қол жеткізілуде. Мәселен, бұрын аталық пен аналық ұрықты криоконсервациясыз жасау, яғни қатырып қою тәсілі болмаған. Ал, қазір осы тәсіл нәтижесінде кепіл жоғары.
Қолдан бала «жасайтын» орта­лықтардың арқасында бүгінге дейін 30 мыңға жуық «жасанды бала» дүниеге келген екен. Суррогаттық жолмен балалы болғандар тек ерлі-зайыптылар ғана емес, жалғыз басты әйелдер де медицинаның мұндай көмегіне жүгінетіні жасырын емес. Карьерасын жолға қойған нәзікжандылар тұрмысқа шықпай, балалы болуды жөн санайды-мыс. Елдегі еркек атаулының аздығы да осыған итермелеуде. Жары бола тұра, басқа ұрықтан «качествосы» мықты бала тапқысы келетіндері де жетерлік. Бұл жағдайда әйел ұрық иесінің бойына, сымбатына, біліміне, тіпті көзінің түсіне және шыққан тегіне арнайы каталог арқылы қарап, таңдайтын көрінеді. Мұндай жағдайда қызмет құны көпке түсері анық.
Балалы болудың қамын жасағандар көп. Солардың бірі – Алтын мен Алматтың отбасы (Аты-жөні өзгертілген. – авт.). Осыдан бірнеше жыл бұрын олар облыс асып, медициналық орталықтың көмегіне жүгінген екен. Бүгінде егіз қызы бұлардың көз қуанышы.
– Тұрмысқа кеш шыққан соң, бала көтеруім де оңай болмады. Жарым екеуміздің бармаған жеріміз, баспаған та­уымыз қалмады. Соңғы үміт осы ЭКО-да еді. Бастапқыда қорықтық, әрине. Алланың жазуымен болатын дүние ғой. Бірінші салған ұрықтан 7 айлық болған кезде айырылып қалдық. Бірақ, үмітіміз өшпеді. Жұбайыммен ақша жинап жасанды ұрықтандыру орталығына қайта бардық. 9 жыл бойы сарыла күткен үмітіміз, бүгінде ортамызда ойнап жүр. Жақында 1-сыныпқа барады. Денсаулықтары да бір қалыпты, – дейді Алтын.
Әрине, жасанды түсік жасап, баласын жол бойында тастағандардан гөрі жасанды баланы тар құрсағына сыйғызған ананың рөлі басым. Егер әкесінің ұрығы мүлдем нәтижесіз болғанда, донордың қажет болатыны белгілі. Бұл жағдайда не істемек керек? Бұған шариғат не дейді?
Осыдан бірнеше жыл бұрын ҚМДБ ғұламалар кеңесінде аталған мәселенің шариғи үкімі талқыланып, пәтуа шығарылған болатын. Мұнда не делінді? «Іштей және сырттай ұрықтандыру әдісінде ұрық және жұмыртқа клетка ерлі-зайыптыларға тиесілі болып, әйелдің жатырына енгізілсе шариғатта рұқсат етіледі. Ал, егер бұдан өзге көріністерде тектің араласуы және «зина» ұғымы туатындықтан шариғатта тыйым салынған. Алла адам баласын өзге жаратылыстан ардақты етіп жаратқандықтан, ол өзіне тиесілі ұрықты сатуға да, тегін беруге де құқығы жоқ» дейді пәтуада.
Елде соңғы 10 жылдың ішінде қолдан ұрықтандыру арқылы 3 мыңға жуық бала дүниеге келген. Ол үшін мемлекет тарапынан барлығы 9050 квота бөлінген еді. Ал, биыл балаға мұқтаж жандар үшін квота саны 7 есеге артып отыр. Мәселен, 2020 жылы мың квота ғана болса, биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыруымен 7000 квота бөлініп отыр.
– Ол үлкен жаңалық, үлкен қуанышты хабар. Бірақ ол үлкен жауапкершілік және де үлкен ауыртпашылық. Біздің саланың мамандарына қазір өте оңай болып жатқан жоқ осы істі атқару. Бірақ қазір «Аңсаған сәби» бағдарламасын қолданып, соның арқасында аңсаған сәбилеріне жететін күндері бар деп ойлаймын, – дейді «Экомед» адам репродукциясы клиникалары желісінің ғылыми директоры Салтанат Байқошқарова.

Түйін
Кеңес дәуірінде жануарға жасалған қолдан ұрықтандырудың салдарынан асыл тұқымды малдан сапасыз төл алу секілді қателік кеткен болатын. Десе де, бедеуліктің зардабын тартқан жандар медицинаның күшімен бала көтеріп, «қолдан» бала жасауда. Бұл біз үшін керек пе? Жасанды бала арқылы тегімізді жойып, жасанды қазақты дүниеге әкелмейміз бе? Әрине, бұл да толғандыратын мәселе.

Айнұр ӘЛИ
21 желтоқсан 2021 ж. 801 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031