» » Сенім мен үміт таразыға түсті

Сенім мен үміт таразыға түсті



ЖЕКСЕНБІ ЖОСАЛЫЛЫҚТАР ҮШІН СЕНІМ МЕН ҮМІТ ТАРАЗЫҒА ТҮСКЕН КҮН БОЛДЫ. СЕБЕБІ ОЛАР АЛҒАШ РЕТ КЕНТ ӘКІМІН ӨЗДЕРІ САЙЛАДЫ. АҒЫМДАҒЫ ЖЫЛДАН БАСТАП АУДАНДЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ҚАЛАЛАР, АУЫЛ МЕН КЕНТТЕР, АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМДЕРІН ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨЗДЕРІ ТАҢДАЙТЫН ЗАҢ ҚОЛДАНЫСҚА ЕНГЕН БОЛАТЫН. МҰНДАЙ МАҢЫЗДЫ НАУҚАН ОСЫ УАҚЫТҚА ДЕЙІН АҚАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ МЕН ТӨРЕТАМ КЕНТІ ӘКІМІН САЙЛАУ БАРЫСЫНДА ӨТКІЗІЛГЕН-ДІ.
КЕНТ ӘКІМДІГІНЕ ҮМІТКЕР БОЛЫП, ҮШ КАНДИДАТ ДАУЫСҚА ТҮСТІ. КЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫ ҮШІН 7 САЙЛАУ УЧАСКЕСІ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТТІ. ТІЛШІЛІК ТІРШІЛІКПЕН ЕРТЕЛЕТІП БІЗ ДЕ САЙЛАУ УЧАСКЕСІНЕН ТАБЫЛДЫҚ. БҰЛ УАҚЫТТА БАРЛЫҚ САЙЛАУ УЧАСКЕСІНДЕ САЯСИ НАУҚАНДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАР МЕН КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРІ, БАЙҚАУШЫЛАР САЙЛАУҒА САҚАДАЙ САЙ ТҰРДЫ.
Таңғы сағат жетіні көрсеткенде еліміздің Әнұраны қосылып, да­уыс беру ашық деп жарияланды. Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейде орналасқан №99 сайлау учаскесінде ең бірінші болып кент тұрғыны Мирамкүл Бегалиева дауыс берді.
– Тәуелсіз ел болғанымыздың арқасында ел тізгінін ұстар азаматты өзіміз таңдап отырмыз. Кенттің келешегіне алаңдайтын адам жеңімпаз болса екен деген тілегім бар. Мен де ертемен келіп өз таңдауымды жасадым. Кентіміз көркейе берсін, – дейді ол.
Ең бірінші болып дауыс берген тұрғынға №99 сайлау учаскесінің төрағасы Гүлжахан Мұнарбаева сыйлық табыстады.
Сайлауға дауыс беруге келу­шілердің арасында аға буын өкілдерінің қатары көп. Келешегінің кемел болуы үшін таңдау жасау үшін №97 сайлау учаскесіне арнайы келген кент тұрғынының бірі – Әлім Ұзақбаев. Саналы ғұмырын еңбекке арнап, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған жан – 81 жаста.
– Мен өмірден көрген-түйгені мол аға ұрпақ өкілімін. Үлкендер қашанда ұрпағының болашағын, жақсы қоғамда өмір сүргенін бар жән-тәнімен қалайды. Елдің ішіндегі ауызбірлік пен ынтымақты сақтай отырып, мемлекеттің саясатына да мән беріп отыратынымыз бар. Себебі қоғам даму сатысында маңызды қадамның бірі саналатын ел арасындағы жағымды жаңалық пен игілікті істер – біздердің, қариялардың әркез басты назарында. Бүгін міне, осы сайлауға алғашқылардың бірі болып өз дауысымды беруге келдім. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы. Қазақ елі жылдан-жылға көркейіп, гүлденіп келеді. Бұған дейін де талай сайлау өткен. Дегенмен бұл сайлаудың жөні мүлдем бөлек. Туған жерімнің келешегі үшін өз таңдауымды жасадым және оған өте қуаныштымын. Ардагер ретінде бұл сайлаудың тиімді әрі жемісті боларына сенімдімін, – дейді №97 сайлау учаскесінің сайлаушысы, еңбек ардагері Ә.Ұзақбаев.
Саяси доданың өту барысын ақпараттандыру барысында барлық сайлау учаскесіндегі атқарылып жатқан жұмыстар мен темірдей тәртіпті көзбен көрдік. Таңдау жасауға келген тұрғын да талапқа бағынып, арақашықтық сақтап, бетперде тағынған. Тұрғындар сая­си додаға отбасы, ұжым, көршілер болып та жиналып келіп өз таң­дауларын жасады. Солардың бір тобы – Қармақшы көшесінің тұрғындары Кенжегүл Әбішова, Бейбіткүл Масаева, Марияш Оспанова. Бүгінде еңбегінің зейнетін көріп, немере бағып, қызығына қуанып жүрген әжелер балаларының болашағы үшін лайықты адамға таңдау жасағанын айтты.
– Кент әкімін сайлауға көршілер болып жиналып келіп тұрмыз. Өзіміздің ойымыздағы адамға да­уыс бердік. Саяси науқанда жеңімпаз болған үміткер халықтың жағдайы мен әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізсе дейміз. Сайлау әділ өтіп жатыр, – дейді олар.
Сондай-ақ жосалылықтар үйден де дауыс берді. Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне келе алмаған тұрғындарға үй жағдайында таңдау жасауына мүмкіндік жасалды. Оған арнайы мамандар мен комиссия мүшесі, байқаушылар жылжымалы жәшікпен барды. Соның бірі – №95 сайлау учаскесінің сайлаушысы Алмагүл Оразбекова. Ол бұл сайлаудың әділ өтетініне сенім білдіре отырып, өз таңдауын жасап, қызметкерлерге сәттілік тіледі.
Сайлау учаскелерін аралау барысында сая­си науқанның әділ өтуін қадағалап отырған байқаушыларды да сөзге тарттық.
– Сайлау – қоғамды демократияландырудың маңызды институты, халықтың ерік білдіруінің көрінісі, оның мемлекеттік басқаруға қатысуының негізгі нысанының бірі. Бүгінгі Жосалы кентінің әкімін сайлау науқаны жақсы өтіп жатыр. Тұрғындар белсенді. Санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптары сақталған. Сайлаушылар үш үміткердің біреуін таңдап, дауыс беруде. Барлығымыз үшін де таңдауымыз қайырлы болғай. Сайлау учаскесінде ешқандай заң бұзушылық пен кедергілер тіркеліп жатқан жоқ, – дейді №100 сайлау учаскесінің байқаушысы Нұржан Рахуов.
Саяси науқан Қазақстан Республикасының заңнамасына сай өткізілді. «Сайлауды өткізу барысында құқық бұзушылық әрекеттер мен сайлау процесіне кедергі келтіру фактілері орын алған жоқ. Сайлау санитарлық талаптарға сәйкес ұйымдастырылды» дейді сайлау учаскелерінің төрағалары.
Сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 12 726 азамат енгізілсе, оның ішінде саяси науқанға қатысып дауыс бергені – 10 439. Жарамсыз деп танылған бюллетеньдер саны – 92 болса, «Бәріне қарсымын» дегендердің саны – 272.
Сайлау қорытындысы бойынша додаға түскен үміткерлер арасында Бақытбек Байбарақов – 1085 дауыс жинаса, Самат Қабақов – 911, Шынғыс Сыдықов – 8079 дауыспен жеңіске жетіп, қайта кент әкімі болып сайланды. Елдің сенімін арқалап, көп дауыс жинаған үміткердің кент болашағы үшін аянбай еңбек етеріне халық та сенім артты

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
21 желтоқсан 2021 ж. 264 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031