Төретам кентіне жаңа әкім сайланды
Сайлау – қоғамды демократияландырудың маңызды институты, халықтың ерік білдіруінің көрінісі, оның мемлекеттік басқаруға қатысуының негізгі нысанының бірі болып табылады. Биылғы жылдың ІІ жартыжылдығынан бастап тұрғындар ауыл әкімін өздері сайлайды. Сайлаудың мұндай түрімен шілде айында Ақай ауылдық округінің әкімі сайланған болатын.
Дәл осындай сайлау жексенбі күні Төретам кентінде өткізілді. №113, №114, №115 сайлау учаскелері таңғы сағат 6:00-де сайлау туралы заңның талаптарына сай, барлық процедураларды орындай отырып ресми түрде ашылды. Барлық учаскелерде азаматтарға тиісті жағдайлар жасалған. Пандемия жағдайында сайлау учаскелерінде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті сақтау үшін тиісті шаралар қабылданған. Кент әкімдігіне үміткер болып 3 кандидат дауысқа түсті. Уақыт таңғы сағат 7:00-ді көрсеткенде еліміздің Әнұраны қосылып, дауыс беру ашық деп жарияланды. Көп ұзамай-ақ келушілердің қарасы көрінді. №115 сайлау учаскесінде ең бірінші болып №16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің күзетшісі Жансерік Кеулімжаев дауыс берді. Алғашқы сайлаушы «Талап оң болсын. Кенттің келешегіне алаңдайтын адам жеңімпаз болсын» деген тілегін жеткізді. Ең бірінші болып дауыс берген сайлаушыға арнайы сыйлық табысталды.
Ел болашағына алаңдаған кент ардагерлері де саяси науқанға қатысуда белсенділік танытты. 73 жастағы Төретам кентінің тұрғыны Әбдімұталап ақсақал да қатарластарымен дауыс беруге арнайы келген.
– Бүгінгі сайлауға түсіп жатқан үш азамат та халыққа таныс. Кімнің асығы алшысынан түссе, сол әкім болады. Енді елдің тілегі бір. Кім келсе де халқына жаны ашитын, жұмыс істейтін, елмен етене араласып жағдайын сұрап тұрса бізге соның өзі үлкен қуаныш. Үміткерлерге сәттілік серік болсын, биіктен көрініп, халықтың сенімінен шығуына тілектеспін, – дейді теміржол саласының ардагері Әбдімұталап Ниязбаев.
Тұрғындар саяси додаға ұжым болып та, көршілер болып та жиналып, отбасы болып бірлесіп кент болашағы үшін өз таңдауларын жасады. Ертемен келген сайлаушылардың басым көпшілігі ересектер болғанымен, біршама уақыт өткен соң жастардың да белсенділігі артты. №113 сайлау учаскесінде Думан мен Сая есімді жас отбасы өз таңдауларын жасады.
– Бүгін төретамдықтар үшін маңызды күн десем де болады. Себебі кент әкімінің сайлауы өтуде. Елдің болашағы біз үшін маңызды. Сондықтан сайлауға бей-жай қарауға болмайды. Сайлауға жолдасым екеуіміз келіп, үш үміткердің біреуін таңдап, дауыс берудеміз. Бәрі ойдағыдай өтуде, – дейді Сая Жүсіпова.
Сондай-ақ төретамдықтар үйден де дауыс берді. Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне келе алмаған тұрғындарға үй жағдайында таңдау жасауына мүмкіндіктер жасалды. Оған арнайы мамандар мен комиссия мүшесі, байқаушылар жылжымалы жәшікпен барды.
Саяси науқанның әділ өтуін қадағалап отырған байқаушыларды да сөзге тарттық.
– Дауыс беру таңғы жетіден басталды. Сайлау әділ әрі ашық, заң талаптарына сай, карантиндик талаптарды сақтай отырып өткізілуде. Тұрғындар белсенді қатысып, ауыл болашағы үшін таңдауын жасауда. Барлығымыз үшін де таңдауымыз қайырлы болғай. Сайлау учаскесінде ешқандай заң бұзушылық пен кедергілер тіркеліп жатқан жоқ, – дейді олар.
Дауыс беру таңғы сағат 7:00-де басталып, кешкі 20:00-де аяқталды.
Саяси науқан Қазақстан Республикасының заңнамасына сай өткізілді. Аудандық сайлау комиссиясының дерегі бойынша Ғалымжан Елеусінов – 3814, Нұрсұлтан Жолмаханов – 1129, Сәбит Қазығұлов – 428 дауыс жинаған. Төретам кентінің әкімі болып басым дауыспен Ғалымжан Елеусінов сайланды. «Сайлауды өткізу барысында құқық бұзушылық әрекеттер мен сайлау процесіне кедергі келтіру фактілері орын алған жоқ. Сайлау санитарлық талаптарға сәйкес ұйымдастырылды» дейді сайлау учаскесінің төрағалары.
12 мыңға жуық тұрғыны бар төретамдықтардың сенімін арқалап, көп дауыс жинаған үміткердің ел болашағы үшін аянбай еңбек етеріне сенім мол.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА