» » Жеңіл өнеркәсіпте жай қалай?

Жеңіл өнеркәсіпте жай қалай?


«MADE IN QAZAQSTAN». ОСЫНДАЙ ЖАЗУЫ БАР СӘНДІ КИІМДЕР ҚАШАН БІЗДІҢ БРЕНДІМІЗГЕ АЙНАЛАДЫ? ИӘ, ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП ДЕГЕНДЕ ОЙЫМЫЗҒА ЕҢ АЛДЫМЕН «СОЛ КЕЗЕҢДЕГІ» АЯҚ КИІМ, ТОҚЫЛМАЙТЫН МАТАЛАР ФАБРИКАСЫ ОЙҒА ОРАЛАДЫ, ЕСКЕ ТҮСЕДІ. ДЕМІМІЗДІ ІШКЕ ТАРТЫП, БІР КҮРСІНЕМІЗ. СЫРТТАН КЕЛГЕН ТАУАРДЫҢ «MADE IN»-ІНЕ ҚАРАП ТАҒЫ ҚЫЗЫҒАМЫЗ. БІРАҚ, ИМПОРТТАРҒА ҚЫЗЫҚҚАННАН НЕ ПАЙДА? АЛҒА ҚОЗҒАЛУ БОЛМАСА...

Былайша алып қарасақ, жеңіл өнеркәсіптің біршама дүниеге тигізер септігі бар. Мәселен, ел әлеуетін көтеруде, жергілікті тұрғындардың, әсіресе нәзікжандылар арасындағы жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір тиімді жолы – жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту. Бүгінде бұл сала өніміне сұраныс та жоғары. Яки, азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орында. Айтпағымыз да сол елдің экономикалық даму стратегиясында бірінші кезекте жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға айрықша басымдық берсе нұр үстіне нұр болар еді.
Мамандардың айтуынша, Қазақстаннан шетелге шығарылған шикізат, елге да­йын өнім болып оралады екен. Салдарынан жеңіл өнеркәсіп тауарлары қосылған құнын жоғалтып алады. Бұдан бөлек, бұл саланың өркендеуіне кедергі келтіретін басқа да мәселе бар. Соңғы бес жылда жеңілөнеркәсіп тауарлары бойынша сауда балансының сальдосы, яғни экспорт пен импорт арасындағы айырмашылық теріс деңгейде қалған. Импорт көлемі экспорттан 28 есе асады. Бұл айырмашылықты статистикалық деректерден де аңғаруға болады. Мәселен, өткен жылғы қаңтар-қазан аралығында шетелге құны 41 млн доллардан асатын жеңіл өнеркәсіп өнімдері сатылған. Ал импорт көлемі 1 миллиард 195 млн долларды құрапты. Бұл кедендік статистика келтірген ақпарат. Мамандардың айтуынша, бұл қосылған құнның жоғалуына алып келеді. Жеңіл өнеркәсіптегі қазіргі жағдайды сарапшылар созылмалы дағдарыс деп бағалауда. Ал коронавирус пандемиясы жағдайды тіпті ушықтырған. Онымен қоса елде киім өндірісі 2020 жылы 45 процентке қысқарыпты. Отандық жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндіру деңгейі экономикалық қауіпсіздік деңгейінен төмен.
Елдің өткенін таразыласақ, кешегі кеңес дәуірінде Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі жарты әлемді аузына қаратқаны ақиқат. Сол уақытта Қазақ КСР жеңіл өнеркәсібінің тоқыма, тігін, аяқ киім, тері-ұлпан өнеркәсібі салаларында бір мыңнан астам іргелі кәсіпорындар жұмыс істеген. Олардың ішінде, еңбек ұжымына айналған – Алматы мақта-мата комбинатын, «Жетісу», Жамбыл аяқ киім кәсіпорындарын, «Большевичка» тігін комбинатын, М.Мәметова атындағы тігін фабрикасын, Қостанай, Семей мауыты-шұға комбинатын ерекше атауға болады. Сондай-ақ, сол жылдары Қазақ КСР жеңіл өнеркәсібінің табысы ел бюджетінің 25 процентін қамтамасыз еткені баршаға мәлім.
Бізде мақта, жүн-жұрқа, тері-терсек секілді шикізаттық мол қор бар. Алайда, олар бола тұра осы шикізаттан жасалған тауарлардың барлығын дерлік шетелден импорттаймыз. Кей елдің арзанқол дүниесін місе тұтамыз. Шикізаттың жақындығы өндірілген өнімді өткізу нарығының болуы, өндірістік шығындардың төмендігі жеңіл өнеркәсіптің дамуына алғы-шарттардың барын көрсетеді. Ал кейбір көрші елдердің мақтаға мұқтаждығы бар екенін бірі білсе, бірі білмейді. Қазақстандық мақта экспортқа төмен бағамен сатылып, содан жасалған мақта-мата тауары қымбат бағамен әкелінеді-мыс. Тоқыма және тігін өнеркәсібі машина жасау, химия өнеркәсібі секілді алдыңғы қатарлы әлемдік өнеркәсіп салаларының қатарына кіреді. Кейбір мамандар бұл саланың ел экономикасында үлес салмағы шамалы, сондықтан Қытай, Қырғызстан елдерімен бәсекелесудің оңай емесін алға тартады. Олардың киім-кешегінің сапасы айтарлықтай жоғары болмағанымен, әйтеуір бағасы қолжетімді.
Qazindustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы отандық жеңіл өнеркәсіптің 2020 жылғы қорытындысын жариялаған еді. Онда былтыр салада 128,7 млрд теңгенің өнімі өндірілгенін алға тартады. Бұл 2019 жылғы деңгейден 11 процентке жоғары.
2020 жылғы қаңтар-қарашада жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің импорты 1 млрд 562 млн долларға тең болған. Бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 2 процентке төмен. Экспорттық және импорттық жеткізілімнің қысқаруы COVID-19 пандемиясына қатысты енгізілген карантиндік шараларға байланысты.
Жеңіл өнеркәсіптің әлеуметтік-эконо­микалық маңыздылығы сол, онда еңбекке қабілетті халық, оның ішінде әйелдер көбірек жұмыспен қамтылады. Тұтыну деңгейі бойынша азық-түлік өнімдерінен кейін екінші орын алатын өзекті салада өндіріс көлемі жыл са­йын өскенімен, ІЖӨ құрылымындағы үлесі бар болғаны – 0,1%, өнеркәсіп өндірісінде – 0,5%, өңдеу өнеркәсібінде – 1% болып отыр.
Жеңіл өнеркәсіп саласында бүгінде барлығы 20,6 мың адам жұмыс істесе, оның ішінде 60%-ке жуығы әйелдер. Өткен жылы жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 128,7 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексінің өсуі 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ке тең болды. Биылғы жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған сала нысандарының саны 1 210, онда негізгі үлеске тігін кәсіпорындары ие (58%). Өйткені, тоқыма және былғары-аяқ киімге қарағанда киім өндірісін құру мен ұйымдастыруда инвестиция аз талап етіледі. Сәйкесінше, тігін өнеркәсібінде 687 шағын, 14 орта және 4 ірі кәсіпорын жұмыс істейді, 32% немесе 392 кәсіпорын тоқыма бұйымдарын өндірумен айналысады, 10% немесе 113 кәсіпорын былғары және оған жататын өнімдер өндірісін жүзеге асырады. Сала негізінен ірі және орта кәсіпорындармен ұсынылады, олар көп жағдайда мемлекеттік тапсырысқа (арнайы киім, нысанды киім-кешек және басқалары) бағдарланған. Осы сыйымды қажеттіліктер көзін игеру жергілікті тігін өндірістері мен шикізат жеткізушілер үшін тұрақты табыс көзіне айналды, бұл саланы жыл сайынғы мемлекеттік-корпоративтік тапсырыс пакетіне тәуелді етті.
Мемлекеттік тапсырыстарға бағытталған қазақстандық кәсіпорындардың басым болуына қарамастан, коммерциялық нарықта табысты жұмыс істейтін, өндіріс стратегиясын және өз брендін құрған компаниялар да бар. Олардың қатарына «КазСПО-N» (ZIBROO брендімен спорттық костюмдер мен мамық күртешелер), «Қазақстан ТекстиЛайн» ЖШС (Mimioriki брендімен балалар киімі), «Glasman» ЖШС (ерлер костюмдері және мектеп формасы), «АГФ Групп» ЖШС (ішкі нарыққа және IKEA компаниясына арналған төсек жабдықтары) жатқызуға болады. Сондай-ақ еліміздің ірі сауда орталықтарында сатылатын «Shoes Republic», «Zshoes», «Sharkey» аяқ киім өнімдерін шығаратын, «Qazaq Republic» киім тігетін жас әрі қарқынды дамушы компаниялар көпшілікке танымал.
Қосылған құн тізбегінің ең дамыған сегменті – тоқыма өндірісінде өнімді мақтадан дайын бұйымдарға дейін жеткізу жолға қойылған. Дамуға әлеуетті былғары және оған қатысты өнімдер өндірісінде өсім қарқыны шикізат пен басқа материалдарды сатып алу үшін кәсіпорындарда айналым қаражатының жетіспеушілігі салдарынан баяу. Республикада мақта талшықтарының тек 2 пайызы дайын өнімге дейін өңделеді. Шетелге шикізаттың шамамен 90 пайызы, сондай-ақ алғашқы өңдеуге жататын шикізат экспортталады. Ал тігін өнеркәсібі Қазақстанда іс жүзінде өндірілмейтін импорттық маталарды, жіптерді, басқа да керек-жарақтарды қолдануға мәжбүр. Бұл өнімнің қымбаттауына және олардың импорттық өніммен бағасында бәсекеге түсе алмауына әкеп соғады. Оның үстіне кәсіпорындар көп мөлшерде шикізатты сатып ала алмайды, өйткені олардың үлкен тапсырыстары жоқ.
Киім дүкеніне барсаң не – «Корейский», не – «Турецкий» деп айтады. Міне, сол бізге «әйгілі» түрік киімдері, мата, трикотаж, тоқыма, кілем, үйге қажетті бұйымдар экспорты жөнінен әлемдегі озық позицияға орныққан. Ал «Казахский» деген біздің брендімізде қалыптастыратын жеңіл өнеркәсіп қашан экспортталады? Бұл мәселе тұтас елде кенжелеп тұр десек болады. Көбіне арнаулы киімдер тігу ісі жолға қойылған. Кейінгі уақытта дизайнерлер көбейді. Киімнің түр-түрін тігіп, «подиумға» шығарады. Бір қарағанда идеямен жасалған қарапайым дүние. Ал оның бағасы қанша тұратынын білесіз бе? Ол сырттан экспортталатын 50 көйлектің бағасымен тең. Отандық дизайнерлердің қай-қайсысын алып қарасаңыз да, бір киім бағасының өзі шарықтап тұр. Мұны тек қолы жеткендер ғана алады. Қарапайым халықтың қалтасы көтермеген соң, әрине арзанқол дүниеге жүгіреді. Бұл жеңіл өнеркәсіптің ақсауына бір ғана мысал.
Елімізге киім-кешектің 80 проценті Түркия, Қытай, Қырғызстан, Италия және Өзбекстаннан тасымалданады. Отандық жеңіл өнеркәсіптің қадамына тұсау болған да осы – импортқа тәуелділік. Өзіміздің аймақтың өзінде тек жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп формасына 1,5 миллиард теңгедей қаржы жұмсалады екен. Оның ауқымды бөлігі Қырғызстан, Өзбекстан, Түркияның қалтасын томпайтады. Кедергі жоқ. Қолға алса бәрі де болады. Тұтынушылардың да отандық өнімді сатып алуға деген қауқары жоқ. Мемлекеттік сатып алу заңының негізгі принципі осы отандық өнімді қолдауға бағытталған. Жақын аралықта аталған заңға тауар өндірушінің атын нақты көрсету туралы өзгеріс енгізіледі.
Айтып айтпай не керек, бүгінгі буын қазақы оюмен нақышталған киімді киюге әуес. Әрине, бұл көңіл қуантады. Ал мұндай өнерді күнделікті киюге арналған заманауи ұлттық киім тігу ісін өркендетуде өзіндік жобаларды дизайнер, жас кәсіпкерлер қолға алуда. Бұл да баянды тірліктің бастамасы іспеттес. Тек халықтың қалтасы көтеретіндей болса болғаны да.
Айнұр ӘЛИ
21 желтоқсан 2021 ж. 693 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 033

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031