Қазақстандағы гендерлік саясаттың дамуы
Қазақстанда гендерлік саясат жүргізу жөніндегі іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия басқарады. Оның негізгі міндеті отбасына, әйелдер мен ерлердің теңдігіне қатысты кешенді мемлекеттік саясатты іске асыру. Сондықтан да әлем елдерінің алдында өз имиджімізді бұдан әрі дамыту үшін демократиялық қағидаттарға негізделген гендерлік саясаттың арнасын кеңейту жолында айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді.
Мемлекеттік гендерлік саясат гендерлік заңдарға және Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясына сәйкес жүзеге асырылып келеді. Яғни, гендерлік теңдік стратегиясы ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізу мақсатында билік пен қоғамның өзара тиімді әрекет етуіне бағытталып шығарылған заң. Сондықтан гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты іске асырудың арқасында денсаулық сақтау, білім беру, еңбек қатынастары саласында қойылған міндеттер өз шешімін табуда.
Гендерлік саясаттың Стратегиясын жүзеге асырудың маңызды сатысы тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру болып табылады. Яғни азаматтар арасында «Ашық есік күндері» акцияларын өткізу, қолданыстағы заңнаманы түсіндіру бойынша брифингтер, дәрістер, кездесулер өткізу жолымен жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілу қажет.
Гендерлік саясат қоғам талабы. Қазіргі қоғамда қанша әйелдер мемлекеттік және қоғамдық басқару ісінде, кәсіпкерлік саласында белсене жұмыстар атқарып жүр. Олар отбасы мен қызметін қатар алып жүріп, қандай қызмет атқарса да, үлкен жауапкершілік пен сенімділіктің, жоғары кәсібиліктің үлгісін, уақыт талабына сай жаңа кезеңдегі әйел бейнесін көрсетіп келеді. Оған дәлел халықаралық аренада әйелдердің саяси ролі уақыт өткен сайын айқындалып келеді.
Қармақшы аудандық сотының
жетекші маманы С.Қожабаев